Өлеңмен өзіндік өрнек салған, қасиетті Қарасаз топырағында дүниеге келіп, асқан талантымен Хантәңірінің мұзбалағы атанған Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай Жаркент қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен «Мен өмірге жырлау үшін келгенмін» атты әдеби-әуезді кеш өтті.
Салтанатты кеште ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасалды. Ақын поэзиясының халыққа кең таралуының сырлары тарқатылып сөзіне жазылған әндер аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауында көпшілік назарына ұсынылды.
Жаркент жоғары педагогикалық колледж студенттері мен Жамбыл Жабаев атындағы орта мектептің оқушылары шақырылған шараға қалалық «Аналар» кеңесінің төрайымы Зинат Чинибаева, зейнеткер ұстаз Асия Мұсаева, қазақ «Соқырлар» қоғамының төрағасы Аблахат Құсайынов, ардагер кітапханашы, сала үздігі, қалалық «Аналар» кеңесінің мүшесі Гүлбақыт Ибраимова қатысты.
Кездесу қонақтары жастарға Мұқағали жырлары әрбір қазақтың жүрегінде екенін, оның сырға толы поэзиясы оқырмандарының жанын тебірентіп, өлеңдерінен ләззат алатындарын толғаныспен айтты. Ардагер аналар жастарды кітап оқуға және ұлтымыздың ақын-жазушыларының шығармаларын насихаттауға шақырды.
Оқушылар ақын өлеңдерін жатқа айтып көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Мәдениет үйінің әншілері Е. Несіпбеков «Сары ала қаз», «Шеше», Б. Оспанбеков «Сен көріктісің» атты әндерді орындап, кештің көркін арттырды.
Сәуле ҚАЙРАҚОВА,
Жаркент қалалық кітапханасының меңгерушісі





