І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Адал Азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Бабалар дәстүрі – ұрпаққа аманат» атты мәдени-рухани бағыттағы тағылымды кездесу өтті.
Ұлттық мұраны насихаттау, ұрпақ сабақтастығын нығайту, ұрпақ сабақтастығын нығайту, жастардың бойына елжандылық пен жауапкершілік сезімін қалыптастыру мақсатында өткен шараның мазмұны терең болды.
Қатысушыларды халқымыздың бай мәдениетімен, ата дәстүрімен және рухани құндылықтарымен таныстыруға бағыттады. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық ерекшелікті сақтау, елдік сананы дамыту – аса маңызды міндет. Осы тұрғыда ұйымдастырылған шара студенттердің тұлғалық дамуына серпін беріп, олардың азаматтық көзқарасын қалыптастыруға оң ықпал етті. Кездесу барысында «Белсенді өмір сүру» орталығының қарттары өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Олар қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері М. Мақатаев, Ф. Оңғарсынова, Е. Жүніс шығармаларын, жергілікті ақын Ж. Немеребайдың сөзіне жазылған патриоттық әндерді нақышына келтіре орындады. Туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеген әуезді әндер жиналған қауымның жүрегіне жол тауып, ерекше әсер қалдырды.
Ардагерлер студенттерге ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін арнады. Олар адал еңбек ету, білімге ұмтылу, ұлттық салт-сананы қастерлеу, елге қызмет етуді өмірлік ұстаным ету жайында ой қозғады. Ақ баталары мен өнегелі кеңестері жас буынға рухани демеу болып, олардың бойында адамгершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді тереңдете түсті. Кеш барысында «Алтын қазына» хорының орындауындағы музыкалық туындылар ұлттық рухты асқақтатты. Ән мен жыр арқылы жеткізілген өнеге студенттердің санасында ұзақ уақыт сақталары анық. Сондай-ақ, зейнеткер аға буын өкілдерінің өмір жолы, патриоттық ұстанымы мен қоғамдық белсенділігі жастарға өнеге ретінде ұсынылды. Олардың ел дамуына қосқан үлесі, табанды еңбегі мен өмірлік тәжірибесі жөнінде айтылған әңгімелер студенттерді ойландырып, болашаққа деген мақсаттарын айқындауға көмектесті. Мұндай кездесулер жас ұрпақты жауапкершілікке, табандылыққа және ізгілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі екені сөзсіз.
Айдана АМАНЖОЛҚЫЗЫ
ЖУ студенті





