Денсаулық сақтау министрлігі медициналық кадрларды даярлау және оларды жүйелі түрде бекіту тетіктерін қайта қарап жатыр. Бұл шаралар мамандар тапшылығын азайтуға және дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрлік шешіміне сәйкес, ақылы бөлімге оқуға түсетін талапкерлер үшін ҰБТ-ның ең төменгі шегі 80-90 балға дейін көтерілді. Сонымен қатар үшінші курстан кейін студенттердің білімін міндетті тексеру енгізілді. Қорытынды бағалау нәтижесі бойынша талапқа сай келмеген студенттер оқудан шығарылады.
Теория мен практиканың арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында оқу жоспарларына бір мезгілде 300 сағаттық бейіндік пәндер қосылды. Ал кадр даярлау процесі енді жоғары оқу орны, студент және медициналық ұйым арасындағы үшжақты шарттар жүйесі арқылы жүзеге асады. Бұл келісімдер түлектердің болашақта жұмысқа орналасуымен тікелей байланысты. Қазіргі таңда резиденттердің 70 пайызы осындай міндеттемелерді рәсімдеген.
Жас мамандардың практикалық денсаулық сақтау жүйесіне тезірек араласуы үшін терапия, педиатрия, хирургия секілді алты негізгі бағыт бойынша интернатура қайта қалпына келтірілді.
Қабылданған шаралар ауылдық денсаулық сақтауды кадрлармен толықтыруға оң әсерін тигізді. Ауылдық жерлерге дәрігерлерді тарту үшін әлеуметтік қолдау көлемі екі есеге артты. 2025 жылы тапшы мамандықтар бойынша 529 дәрігерге 8,5 млн теңгеден көтерме жәрдемақы берілді. Жеңілдіктер мен қызметтік тұрғын үйді пайдаланған медицина қызметкерлерінің саны 30%-ға өсті, бұл ауылдық аймақтарға мыңнан астам маманның келуіне мүмкіндік берді.
Қаржылық ынталандырумен қатар, медициналық персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да күшейтіліп жатыр. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп медициналық мекемелерде полиция бекеттері орнатылады, ал жедел жәрдем фельдшерлері бейнежетондармен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, 190 мың медицина қызметкерін қамтыған кәсіби жауапкершілікті сақтандыру жүйесі дамып келеді. Қазіргі таңда бұл бағыттағы сақтандыру қорының көлемі 3,1 млрд теңгені құрайды.
Кешенді шаралардың нәтижесінде елімізде дәрігерлер тапшылығы жалпы алғанда 19,6%-ға, ал ауылдық жерлерде 26,7%-ға төмендеген.





