Қазақ бар жақсысын әйелге теліпті. Отан-Ана, Жер-Ана, Ана тілі, Табиғат-Ана. Байқайсыз ба, қазақта құдіретті Құдайдан кейін сыйлы да қасиетті Ана болып тұр. Айтыс өнерін асқақтатқан Жүрсін Ерман: «Мықтымын десең егерде, әйелге барып дәлелде» демей ме? Проза мен поэзияда қалам тартқан сөз зергерлерінің өзі әуелгі сөзді анадан бастайды екен. Әлемге күн қандай нұр сепсе, сондай жылулық себетін әйелдерге «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» деген теңеу берудің өзі біраз жайды ашып тұр. Қазақтың аруы, қазақтың анасы, қазақтың әжесі қашан да құрметті, қашан да сыйлы. Айтпақшы, бір дүние екіншісіне түрткі деуші еді. Біздің аз-маз пәлсапашыл болуымызға да түрткі болып жатқан жай бар. Жай емес-ау, кісі бар. Есімі – Сымбат Жұмаділова. Бір қолымен – бесік, бір қолымен – кәсіп тербеген алакөлдік аяулы жан «Жетісуда жасалған» айдарының кезекті кейіпкері.
«Тәуекелден қорықпау керек. Қорқыныш пен үрей қай іске де кедергі. Жетістікке жету үшін адам өз-өзін аямауы керек. Құдай әділетті. Төккен тер мен есіл еңбекті ол да көріп тұр. Еңбегіңе қарай нәтиже береді. Бастысы адалдық болсын. Айналаға адалдық танытсаң, тірлігіңе арамдық жуымайды, жаманшылық болмайды». Ойпырмай, недеген жалынды сөз дерсің?! Шыны солай. Өйткені бұл біздің емес, кейіпкеріміздің, Сымбат Жұмаділованың сөзі. Миыңыздың мың қатпарынан «Ол кім? Бұл не?» деген сұрақ атойлап тұрғанын білеміз. Мақала барысында сөз иесінің өзін танитын боласыз.
Қазір тәтті нан, тоқаш, бәліш, құймақ һәм торт пісіретіндердің қарасы қалың. Желіні ашсаңыз бала күтімімен отырған әйелдердің жарнамасынан көз сүрінеді. Өйткені, нәзікжандылардың кондитерлік өнімдерге жақын келетін әдеті. Бірақ, сол өнерін үлкен кәсіпке ұштастырғандар аз. Сымбат 8 жыл бұрынғы қызығушылығын кәсіпке ұластырып, тұтас Алакөл ауданы тұрғындарының сүйікті асын даярлауды қолға алған. Қазір осы аймақтағы той біткен кейіпкеріміздің даярлаған өнімінсіз өтпейді. Өйткені сұраныс бар, сол сұранысқа сай тауар бар.
– Кез келген істің артында қызығушылық тұрады емес пе?! Бала күтімімен үйде отырдық біршама жыл. Ас үйде отағасы мен балаларға арнап күнде тәтті тағамдар даярлап жүрдім. Тәжірибе жасауды жаным сүйеді. Ас даярлауда жаңа тағамдық қоспаларды пайдаланып көрдім. Нәтиже жаман емес. Отағасы ой салып, ауыл-аймақтағы кішігірім отырыстарға ұннан жасалған тәттілерін даярлап жүрдім. Кейін өнімім елге таныла бастаған соң әрі сұраныс болғаннан кейін той-томалақтың ас мәзірін даярлауға кірістім. Әуелі Аллам, одан кейін отбасымның қолдауы нәтижесінде қазір іргелі кәсіпке қол жеткіздік, – дейді Салтанат.
Кейіпкеріміз негізі Алакөл ауданының тумасы. 1990 жылы осы аудандағы Қазақстан атты ауылда туған. Ал, жары Мақсат Байбатыров та ауданға қарасты Бескөл ауылының перзенті. Қазір екеуі 5 бала тәрбиелеп отыр. Айта кететін жайт, бес қыз тәрбиелеген анаға жары үнемі қолдау білдіріп жүреді екен. Өзінің теміржолдағы ауыр жұмысына қарамастан зайыбын күніге қанаттандыруды әдетке айналдырған. Соның нәтижесінде 2022 жылы кәсібін алғаш өркендеткен. Сол жылы «Бастау-бизнес» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 1 млн. 380 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізеді.
– Әрбір адамды дұрыс жолға бағдарлап һәм қолдап отыратын жан болса, алынбас асу болмайды деп түсінемін. Қазақтың «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген нақылының мәні тым терең екенін аңғарамын. Қандай қарекет қылсам да жарым қолдау білдіреді. Қанатым іспетті самғауға себепкерім. Ол кісі қолдамағанда бүгінде осындай кәсіп ашпас едім, – дейді кейіпкеріміз.
«Бастау-бизнес» қайтарымсыз грантына қол жеткізген соң Бескөл ауылында кәсібін дөңгелентеді. Ауқымды ғимарат болмағанмен, үй ішінен халық сұранысын қанағаттандырып жүреді. Алайда, Салтанат даярлаған тәттілер халықтың ықыласын аударады. Қолда бар жабдықпен аудан тұрғындарының қажеттілігін өтеу аса қиынға соғады. Содан 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен төмендетілген пайызбен 9,3 млн. теңге несиеге қол жеткізеді. Кәсіпкердің айтуынша, бұл бағдарламаға қатысуға бағыттаған және жан-жақты көмек көрсетсен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының өкілдері екен.
Қазір іргелі кондитерлік цехқа айналған кәсіптің жемісін тек Алакөл ауданының тұрғындары көруде. Жұрттың бағасын білмек болып, қарапайым аудан тұрғындарымен тілдестік. Жанама ауылы, Жанама орта мектебінде музыка пәнінен ұстаздық ететін Анар Керімбаеваға кондитерлік цехтың өнімімен қызы таныстырған.
– Кешқұрым жұмыстан келгенімде қызым үстелді жайнатып қойыпты. Тәттілерден дәм таттық. Тамсандық. Негізі тәттіге аса құмар емеспін. Дейтұрғанмен, Сымбат сіңліміздің ісі мақтауға тұрарлық. Қазір қонақ шақырсақ, дастарқан жайсақ «Сымбат тәттілері» кондитерлік өнімдерін сатып аламыз, – дейді Анар Керімбаева.
Ал Алакөл ауданының тұрғыны Бакура Самаева бұл кондитерлік цехқа бірінші мәрте келіп тұр екен. Айтуынша, көпшілік осында баруға кеңес берген.
– Жуырда қонақ шақырмақпыз. Үнемі аудан тұрғындары «Сымбат тәттілері» өнімін мақтайды. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген бар. Содан келіп тұрмыз. Мұндағы қыздар сыпайы қарсы алып, әр астың дәмін таттырады екен. Қаршадай қыздың осындай кәсіп бастағаны қуантады, – деді ол.
Қазір «Сымбат тәттілері» цехында 6 адам еңбек етуде. Олар наннан түрлі өнім шығарады. Басшысы Сымбат Жұмаділова 2018 жылдан бері кондитерлік өнердің қыр-сырын меңгерген. Қазақстан бойынша түрлі курстарға қатысқан. Білікті кондитерлерден тәлім алған. «Көп білгеннен не пайда, пайдасыз іште сақтасаң, жастарды жиып қасыңа, білгеніңді айтпасаң» деген өлең жолдарын нықтап сақтаған кейіпкеріміз өз білгенін маңайына үйретуден жалықпайды. Оны цех қызметкері Татьяна Локтионова да растап отыр.
– Сымбат Жұмаділова өз саласының нағыз шебері. Ұстазым дейінші. Мектеп бітіргелі қасынан бір елі қалмай үйреніп келемін. Ол кісі адалдықты жоғары бағалайды. «Басшымын. Қызметкерлер бағынсын» деген пиғыл жоқ. Өзімізбен тең жүріп тер төгеді. Әңгімелесіп, әзілдеседі. Осындай мейірімді адаммен жұмыс істеу бір ләззат қой. Қазір кез келген тортты даярлай аламын. Цехтан шыққан әрбір өнімнің жасалуына атсалысамын, – дейді Татьяна Локтионова.
Бүгінде біз суреттеп отырған кондитерлік цех күніге 100 келі ұннан өнім шығарады. Ауызға айтарға аз болғанмен, одан өнім шығару үшін қыруар еңбек қажет. Сымбат Жұмаділова кәсібінің тасын өрге домалатып отырғанының тағы бір дәйегі тапсырысты жеткізу ісін қолға алған.
Қазір Салтанат Қазақ-станның түкпір-түкпіріне өнім жеткізуге қауқарлы үлкен фабрика ашуды көздейді. Бастысы алғашқы баспалдаққа қадам жасалды. Әлі ойлаған белесін бағындырады деп сенеміз. Себебі, кейіпкеріміз қиындыққа мойымайтын қайсар-ана. Айтпақшы, бес қыз тәрбиелеп отырған алтын құрсақты – ана.
Дастанбек САДЫҚ
Алакөл ауданы





