Талдықорған қалалық орталық балалар кітапханасында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған «Халық әні, халық ақыны – Жамбыл» атты поэтикалық батл өтті.
Тағылымды шараға №2 орта мектептің оқушылары қатысып, ақын мұрасын жаңа форматта танып білуге мүмкіндік алды. Іс-шара заманауи үлгіде ұйымдастырылып, жасанды интеллект технологиялары кеңінен қолданылды. Баттл барысында оқушылар Жамбыл жырларын мәнерлеп оқумен қатар, ақынның балаларға арналған өлеңдері мен терең мазмұнды толғауларын цифрлық платформалар арқылы талдап, мазмұндық ерекшеліктеріне тоқталды.
Шара аясында интерактивті көріністер мен бейне-үзінділер ұсынылып, жас оқырмандардың поэзияға деген қызығушылығы артты. Қатысушылар сөз саптау шеберлігі, шешендік қабілеті және шығармашылық ізденістері бойынша сынға түсті.
Кітапхана ұжымы ұйымдастырған әдеби дода ұлттық мұраны ұлықтап, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие берудің жарқын үлгісіне айналды. Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған бұл іс-шара жас буынның поэзияға деген сүйіспеншілігін нығайтып, халқымыздың сөз өнеріне деген құрметін арттыра түсті.
Құралай Болатқалиқызы,
Талдықорған қалалық орталық
балалар кітапханасының
кітапханашысы





