Жаһандық технологиялық жаңашылдықтар еңбек нарығының ауқымды өзгеруіне алып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында жұмыспен қамтудың жаңа нысандарын қамтамасыз етуді айқындап атап өткен болатын. Осыған байланысты Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде IT технологиялар және жасанды интеллект саласында жаңа бағыттар белгіленіп, іске қосылып отыр.
Университетте жасанды интеллектіні енгізу бойынша жемісті жұмыстар жүргізілуде. Ақпараттық жүйе, смарт-жүйелерді жобалау және ақпараттық жүйелердің архитектурасы сияқты білім беру бағдарламалары іске асырылуда. Бұл жөнінде Академиялық мәселелер департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғалия Қыдырбаеваның айтары көп. Ол шетелдік ғалымдарды тарту арқылы ғылыми және кадрлық әлеуетті нығайтуға болатынын алға тартып отыр.
– Оқу ордамызда барлық білім беру бағдарламалары бойынша өткен жылдың басынан бері жасанды интеллект пәні оқытылуда. Чехия, Ресей, Қытай, Австралиядан шетелдік оқытушылар тартылды. Университет «Huawei» компаниясымен келісімшарт жасасты және шарт аясында университет базасындағы компания оны қажетті жабдықтармен қамтамасыз ететін мамандандырылған кабинет ашты. Жасанды интеллект және виртуалды шындық зертханалары іске қосылды, – дейді Ғалия Қыдырбаева.
Білім ошағының маңызды бағыттарының бірі – аймақты білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін озық шетелдік оқу орындарымен тәжірибе алмасу. Осы ретте Жетісу университеті Италиядағы Марке политехникалық университетімен меморандумға қол қойды. Аталған оқу ордасы биомедицина, әлеуметтік ғылымдар және менеджмент мамандарын даярлау бойынша ең жақсы оқу орындарының бірі екенін айта кеткен жөн.
– Марке университеті Анкона қаласында орналасқан және QS рейтингіне кіреді. Қос дипломды бағдарламаға түскісі келетіндер бейінді пәндер бойынша емтихан тапсыруы тиіс – бұл биология және химия. Сондай-ақ, ағылшын тілінде IELTS кемінде 5.5 балл және ҰБТ сертификаты кемінде 50 балл болуы тиіс. Қосымша шарт – итальян тілін базалық деңгейде меңгеру керек, – дейді Марке университеті филиалының директоры Лаззат Қарашолақова.
Жетісу университетінен ашылған филиал қазіргі уақытта Агрономия және ауылшаруашылығы ғылымы бойынша бакалавриаттың қос дипломдық бағдарламасын іске асыруда. Мұнда жыл сайын Марке университетінің 10-ға жуық ғалымы дәріс береді.
Жетісу университеті инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізіп, халықаралық байланыстар орната отырып, еңбек нарығының заманауи талаптарына белсенді араласуда. Бұл білім сапасын арттырып қана қоймайды, сонымен қатар студенттерге болашақ сынақтарына дайындалу арқылы жаңа мүмкіндіктер ашады. Шетелдік оқу орындарымен ынтымақтастық және жасанды интеллект технологияларын енгізу Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қоса алатын білікті кадрларды қалыптастыру үшін берік негіз жасайды.
Айта кетейік, Жетісу университеті бүгінге дейін 70-ке жуық шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық байланыс орнатты. Олардың ішінде Португалия, АҚШ, Италия, Венгрия сынды елдер бар.
Медет ЖҰМАБАЙ





