Наурызнама онкүндігі аясында Жетісу өңірінде тағылымы терең, тағдыры ортақ халықтардың басын қосқан рухани шаралар өз жалғасын тапты. Соның жарқын көрінісі ретінде Талдықорған қаласындағы «Достық үйі» алаңында Ынтымақ күніне арналған «Ұлттар достығы» атты ауқымды мерекелік концерт жоғары деңгейде өтті.
Аталған игі бастаманың өзегі ел ішіндегі қоғамдық келісімді бекемдеп, жалпыұлттық бірлікті нығайту, этносаралық татулықты дәріптеу. Көпэтносты қоғамда өзара сыйластық пен түсіністікті орнықтыру уақыт талабынан туындаған маңызды міндет екені тағы бір мәрте айқындалды. Осы тұрғыдан алғанда, Ынтымақ күні – бейбітшілік пен тұрақтылықтың, өзара құрмет пен жарасымның жарқын көрінісі ретінде өзінің мән-маңызын айшықтай түсті.
Мерекелік жиын салтанатты түрде шымылдығын түріп, арнайы сахналанған пролог арқылы бірлік идеясы көркем өрнекпен бейнеленді. Одан әрі сахна төрінде сан түрлі этностың мәдени мұрасын дәріптеген шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Атап айтқанда, «Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Өрнек» хореографиялық тобы, «Горец» би ансамблі, «Ачимноуль» корей халық әні мен би ұжымы, сондай-ақ «Алтын дән» және «Туған тел» би ансамбльдері өз өнерлерін паш етті. Концерт барысында қазақ, орыс, кәріс, украин және өзге де ұлт өкілдерінің әндері мен билері орындалып, көпұлтты мәдениеттің көркем келбеті кеңінен танытылды.
Мерекенің мазмұны тек сахналық бағдарламамен шектелмей, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған мәдени-танымдық және ойын-сауық алаңдарымен толықты. Ұлттық және спорттық ойындар ойнатылып, асық ату, қол күрес, арқан тарту секілді дәстүрлі сайыстар көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Бұл өз кезегінде саламатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, ұлттық ойындардың қадір-қасиетін жаңғыртуға серпін берді.
Қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы бұйымдар мен сәндік-қолданбалы өнер туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Ал ұлттық тағамдар ұсынылған сауда қатарлары келушілерге әртүрлі этностардың дәстүрлі ас мәзірінен дәм татуға мүмкіндік беріп, мәдени алмасудың ерекше бір үлгісін көрсетті.
Мерекелік көңіл күйді арттыру мақсатында заманауи фотозона мен «Тілек қабырғасы» интерактивті алаңы да ұйымдастырылып, қатысушылар жүрекжарды лебіздерін қалдырып, ізгі ниеттерімен бөлісті. Бұл бастама – қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтудың символдық көрінісіне айналды.
Осы орайда «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Абылай Абайұлы:
– Ынтымақ пен бірлік – кез келген мемлекеттің тұрақты дамуының басты тірегі. Бүгінгі өткен «Ұлттар достығы» атты мерекелік шара – сол татулықтың нақты көрінісі. Мұнда әртүрлі этнос өкілдерінің бір сахнада өнер көрсетіп, ортақ құндылықтарды дәріптеуі – еліміздегі қоғамдық келісімнің берік екенін айғақтайды. Осындай мазмұнды басқосулар арқылы біз жастардың бойына өзара құрмет, толеранттылық пен елжандылық қасиеттерін сіңіре аламыз. Бұл, әрине, болашақтың іргесін бекемдеудің бірден-бір жолы. Сондықтан мұндай шаралардың маңызы зор әрі олардың ауқымын кеңейту – уақыт талабы, – деп атап өтті.
Шын мәнінде, мұндай мазмұнды мерекелер – ұлт пен ұлысты ұйыстырып, ортақ мүддеге жұмылдыратын алтын көпір. Ынтымақ пен бірлік салтанат құрған жерде ғана береке орнығатыны анық. «Ұлттар достығы» атты бұл ауқымды шара да елдік мұратты дәріптеп, рухани сабақтастықты жалғаған маңызды мәдени алаң ретінде көпшіліктің жадында қалды.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Талдықорған қаласы





