Рухани құндылықтарды дәріптеу, ұлттық мұраны жас ұрпақ санасына сіңіру – мәдениет саласының маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта облыстық кітапханада ұйымдастырылған «Ой. Рух. Ақыл: Ұлы Дала ойшылдары» және «Армысың, әз Наурыз!» атты кітап көрмелері мазмұны мен тағылымы терең, бір-бірімен үндес рухани шаралар.
Мемлекет басшысы атап өткендей: «Ұлттық бірегейлікті сақтау – біздің басты міндетіміз. Рухани мұра мен мәдени құндылықтар ұлттың болмысын айқындайды». Бұл ретте аталған көрмелердің маңызы айрықша.
«Ой. Рух. Ақыл: Ұлы Дала ойшылдары» көрмесі – Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи және Абай Құнанбайұлы мұраларын бір арнаға тоғыстырды. Ойшылдардың еңбектері арқылы білім, имандылық, парасат ұғымдары кеңінен насихатталып, «кемел адам» идеясы алдыңғы қатарға шығарылды. Бұл көрме оқырманды терең ойға жетелеп, рухани кемелденуге шақырады.
«Армысың, әз Наурыз!» атты көрме Наурыз мейрамы арқылы халқымыздың салт-дәстүрі, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігін жан-жақты таныстырды. Көрме бөлімдерінде Наурыздың тарихы, ұлттық тағамдар, салт-дәстүрлер, ұлттық киімдер, өнер мен ойындар кеңінен қамтылып, ұлттың өмір салты тұтас бір мәдени кеңістік ретінде ұсынылған.
Мәдени шарада ұлттық рухты жаңғырту, тарихи сананы қалыптастыру және рухани сабақтастықты сақтау көзделген. Бірі – ойшылдар мұрасы арқылы адамзаттық құндылықтарды дәріптесе, екіншісі – халықтық дәстүр арқылы ұлттық болмысты айшықтайды.
Аталған көрмелер оқырманды өткеннің асыл мұрасымен табыстырып, осы күннің рухани сұранысымен ұштастырды.
Шолпан СҮЛЕЙМЕНОВА,
С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының
ақпараттық-библиография бөлімінің меңгерушісі





