Қадыр Мырза әлінің «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ- домбыра» деген өлеңі бар. Талай дәуір алты Алаштың баласының қайғысы мен қуанышын, мұң мен шерін кейінгі ұрпаққа жеткізген де домбыра. Иісі қазақ сол киелі аспапты төріне іледі. Сөз бен сазды үндестірген домбыраның тұғырлы орны сол. Жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан Қазақстанда қос ішекті аспап құрметсіз емес. Бірақ… Сөз арасын бірақ құртады. Құрметсіз қалып та жатқан жайы да бар. Ескелді ауданының орталығы Қарабұлаққа барған қонақтар да, сондағы тұрғындар да жақсы білсе керек. Талдықорған қаласынан шығып, Шымыр ауылының тұсына келгенде сонадайдан маңайында атойлаған 2 жылқысы бар домбыра мүсіні менмұндалайды. Іштарттырып, сан соқтырған «ай-қабы» сол 2023 жылы тұғырына қонған домбыра жөндеуді қажет етеді.
Жергілікті әкімдіктің айтуынша, бұл сәндік композиция. Онысы Жетісудың жауһары саналатын Текеліге, одан әрі Бұрқанбұлаққа бастар жолдың бойында тұр. Туристердің көзіне түсетін маңда орналасқан нысанды орналастыруға тапсырыс берген Қарабұлақ ауылдық округінің әкімдігі. Оны орындаушы – «Smart Stroy Group 2050» ЖШС. Серіктестік домбыраны 2023 жылы 4,5 млн. теңгеге жуық қаражатқа тұғырлапты. Қазір сол тұғыры мүжілуде. Түсінікті тілмен айтайық, домбыра мүсіні орналасқан бетон тұғыр шетінен үгітілуде. «Кеше салынып, бүгін бүлінген» нысанның тарихына қарап, «Мен де аң-таң, апам да аң-таң» күйдесіз бе?
Қазақта «Іс бітті, қу кетті» деген сөз бар. Мәйекті ұлағатты сөзді дәйек етуге себеп – домбыраны тұғырлаған мердігердің кепіл уақыты өтіпті. Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Сержан Оңалбаев домбыраға жақын арада жөндеу жүргізбек. Бюджеттен шығын шығармай, жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен жөндемек. Былтыр да солай болған. Қалыпқа келтірілген.

Ақын мен домбыра егіз ұғым. Қос ішекке тіл бітірер шығармашылық өкілдерінің ішіндегі дарасы да данасы Сара Тастанбекқызының мүсіні Талдықорған қаласына 1993 жылы қойылды. Содан бері 2-3 мәрте қалпына келтірілді. Онда да мүсінге зиян тигізген адам. Ақынның даңқына қарамай домбырасын қолды қылған еді. Ал араға 30 жыл салып бой көтерген Қарабұлақтағы қара домбыраға не көрінді?! Адам тимесе де ерте ескіріп жатыр. Нысан жанына жақындау да қауіпті. Никола Тесла көкейдің «жаңалығы» электр жабдықтары ашық күйде тұр. Кәдімгідей электр сымының байланыстырылған тұсы ешқандай сыртқы жабынмен қапталмаған. Сірә, жергілікті атқамінерлер электр қуатының қаупін ескермегендей. Айтпақшы, Сержан Оңалбаев нысан бой көтерген соң 2 жарық шамы қасақана шағылғанын да алға тартты. Шамды шаққандар домбыраны ұстап көруге ұмтылмасына кім кепіл? Сол уақытта тоқ соқса, кім жауап береді? Бұл да сұрақ күйінде қалып отыр!
Ауылдық округ әкімінің айтуынша, қираған тұсы жаңартылып, домбыраның маңайы абаттандырылады.
– Шағын сәулеттік формалар, яғни жылқы мен домбыра маңайын абаттандыруды бастадық. Композиция орналасқан шеңбер ішіндегі топырақ тыңайтылды. Сәндік гүлдер егіледі. Одан бөлек домбыра тұрған бетон тұғырды жөндейміз. Келер аптада олқылықтар қалпына келеді, – деді Сержан Оңалбаев.
Мүсін қалыпқа келтірілер, бірақ 3-4 жылдың ішінде неге мұндай күйге түскенін әкім ашып айтпады…
Мағмар МАҚСЫМ





