Талдықорған қаласындағы «CityPlus» сауда-ойын-сауық орталығында Жетісу облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен халықтың құқықтық сауатын көтеруге бағытталған ауқымды «Халық заңгері» облыстық шарасы өтті. Ел ішінде құқықтық мәдениетті орнықтыруды көздеген маңызды бастама тұрғындарға тегін заң көмегін ұсынып, көкейде жүрген сан сауалға жауап берді.
Жиынның басты мақсаты – азаматтардың заң саласындағы танымын кеңейту, құқықтық қорғалу деңгейін күшейту, қоғамда заңға құрмет пен жауапкершілік ұғымын орнықтыру. Ашық форматта өткен кездесуде тұрғындар мемлекеттік мекемелер өкілдерімен, құқық қорғау саласының мамандарымен және заңгерлермен бетпе-бет тілдесіп, өздерін толғандырған мәселелерге нақты түсініктеме алды.
Шара барысында тұрғын үй, жер қатынастары, еңбек дауы, әлеуметтік төлемдер, отбасылық құқық, көші-қон, кәсіпкерлік, несие міндеттемелері мен атқарушылық өндіріс төңірегіндегі мәселелер кеңінен қаралды. Әрбір азамат өз жағдайына байланысты бағыт-бағдар алып, заң аясындағы шешу жолдарымен танысты.
Қала тұрғыны Фарида Ақаш мұндай қабылдаулардың халық үшін айрықша қажет екенін айтты.
– Өзіме қажетті сауалдардың жауабын алдым. Жер алу үшін кезекке тұру тәртібін түсіндім. eGov қосымшасы арқылы тіркелу жолдарын көрсетіп берді, – дейді ол.
Іс-шара аясында мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік қолдау тетіктері жөнінде де түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Құқықтық көмекке мұқтаж азаматтардың жеке өтініштері тыңдалып, заң шеңберіндегі мүмкіндіктер ұсынылды.
Ал облыстық «Аmanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Қуаныш Сайлаубаев акцияның қоғам үшін маңызын ерекше атап өтті.
– Тұрғындарға адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, медиаторлар, жеке сот орындаушылары, заң консультанттары және мемлекеттік орган мамандары тегін кеңес беруде. Сонымен қатар Жеңіс күні қарсаңында қала тұрғындарына арнайы ленталар таратылып жатыр, – деді ол.
Облыстық прокурорының көмекшісі Раушана Базарбаева мұндай бастамалардың халық пен заң арасындағы байланысты бекемдей түсетінін жеткізді.
– Бүгінгі шараның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру, азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсету әрі «Заң мен тәртіп» қағидатын кеңінен түсіндіру, – деді ол.
Облыстық деңгейде ұйымдастырылған басқосуға мемлекеттік басқармалар, сот және құқық қорғау органдары, үкіметтік емес ұйымдар, қоғам белсенділері, заң саласының өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.
«Халық заңгері» жобасы – жұртшылықтың заңға деген сенімін күшейтіп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тағылымды қадам. Осындай ашық кездесулер арқылы тұрғын мен билік арасындағы байланыс беки түсіп, әділетке сүйенген қоғамның іргесі нығая бермек.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Талдықорған қаласы





