Талдықорғанда ұлт руханиятының темірқазығына айналған тағылымды дода – дәстүрлі республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» өз мәресіне жетті. Қазақ поэзиясының Құлагері атанған сөз зергерінің мұрасын арқау еткен ауқымды байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық оқушы жиналып, шығармашылық шеберліктерін сынға салды.
Жетісу жерінде өткен рухани сайысқа келген жас талапкерлер Ілияс шығармашылығы арқылы өздерінің актерлік қабілетін, көркемсөзге деген іңкәрлігін, ұлттық әдебиетке деген құрметін танытты. Бұл байқау жас ұрпақтың жүрегінде қазақ сөз өнеріне деген сүйіспеншіліктің берік орныққанын айқын аңғартты.
Рухани шараны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» және облыстық «Жетісу дарыны» оқу-әдістемелік орталықтары бірлесіп ұйымдастырды. Байқау кезеңдері Zhansugurov College базасында өткізілсе, жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті.
Биылғы байқаудың республикалық кезеңіне облыстық іріктеулерден озып шыққан 8-11-сыныптың 96 оқушысы жолдама алды. Олар «Ілияс – эпик ақын», «Жаз! Жаз! Қалам, жорғалап», «Ілияс – қарасөз шебері», «Сұлу сөздің сүлейі», «Заманның заңғар тұлғасы» аталымдары бойынша бақ сынады. Бірі ақын жырларын жүрекпен оқып, көркемдік қуатын жеткізсе, енді бірі қаламгер мұрасын талдап, заманауи буктрейлер арқылы жаңа қырынан танытты.
Әдеби мерекенің шымылдығы жас өнерпаздардың әсерлі қойылымдары мен музыкалық мектеп тәрбиеленушілерінің жарқын өнерімен ашылды. Қатысушыларға облыс басшылығы атынан ізгі тілегін жеткізген білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасымов шабыт пен сәттілік тіледі.
Байқау жұмыстарын елге белгілі ақындар, Қазақстан Жазушылар одағы мүшелері, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті оқытушылары мен өңірдің үздік педагог-зерттеушілері бағалады.
Ұйымдастырушылар қатысушылар үшін мазмұнды мәдени бағдарлама да әзірледі. Жас талапкерлер Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі мен қаланың көркем галереяларын аралап, өңірдің бай мәдени тынысымен танысты.
Атырау облысынан келген 11-сынып оқушысы Ақжарқын Қанатпайқызы бала күнінен Ілияс жырларын сүйіп өскенін айтып, байқауға қатысудың зор мәртебе екенін жеткізді. Ал Абай облысының намысын қорғаған Қайсар Қажекереев ұзақ дайындықтың жемісін көрсетуге келгенін, болашақта Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенті атануды армандайтынын жасырмады.
Шара қорытындысында 47 оқушы жүлдегер атанды. I орынды әртүрлі номинация бойынша Шымкенттен Аспандияр Сүлеймен, Атырау облысынан Аят Сабырғалиұлы, Жамбыл облысынан Азиза Қалықбек пен Ерзат Мырзабек, Астанадан Нұрболат Қыпшақ иеленді. Тағы жиырма қатысушы арнайы Грамотамен марапатталды. Барлық үміткерге сертификат пен естелік сыйлық табысталды.
Талдықорған төрінде түйінделген биылғы «Ілияс оқулары» ақынның асыл мұрасының уақыт өткен сайын жаңғырып, жаңа буынның рухани әлемімен үндесіп келетінін танытты. Қастерлі сөзге тағзым еткен жас толқын қазақ әдебиетінің мәңгілік шамын сөндірмей, оны келер ұрпаққа аманаттауға әзір екенін дәлелдеді.
Медет ЖҰМАБАЙ





