Қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кеңінен насихаттау, рухани құндылықтарды дәріптеу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Президент тапсырмасына сәйкес, ресми түрде «Ұлттық кітап және кітапханашылар күні» бекітілді. Аталған мерекеге орай өңірде апталық шаралар ұйымдастырылуда.
Апталық аясында қалалық №2 кітапхана филиалында «Артық білім кітапта…» атты ашық есік күні өтті. «Кітапханаға саяхат» атты бөлімде оқырмандар кітапхана тынысымен танысып, кітапханашы Мадина Сатбек жаңа түскен әдебиеттерге библиографиялық шолу жасады. «Менің сүйікті кітабым» бөлімінде қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, бір-біріне кітап ұсынып, әдеби талғамдарын кеңейтті. Сонымен қатар «Кім көп біледі?» атты интеллектуалдық ойын ұйымдастырылып, кітаптар мен авторларға қатысты сұрақтар қойылды.
Учхоз №8 кітапхана филиалында Барлыбек Сырттанұлы атындағы №25 орта мектеп оқушыларының қатысуымен балалар жазушысы Жұмабала Балақарановамен еркін форматта «Қаламгер және туған өлке» атты кездесу өтті. Кітапханашы Айгүл Қадырова жазушының өмірі мен шығармашылығына тоқталып, мағлұмат берсе, кеш қонағы балалар әдебиетінің маңызы мен туған жер тақырыбы туралы кеңінен әңгімеледі.
Өтенай ауылдық №5 кітапхана филиалында «Жаңа кітап – жаңа әлем» атты библио-кафе форматындағы шара өтті. Еркін атмосферадағы жиында оқырмандар кітап жайлы пікір алмасып, түрлі ойынға қатысты. Ал Еркін ауылдық №3 кітапхана филиалының қызметкерлері мектеп оқушыларымен бірге «Кітап – сарқылмас рухани қазына» атты open-air шарасын өткізді. Табиғат аясындағы кездесуде балалар жаңа кітаптармен танысып, мақал-мәтел, жұмбақ шешу секілді танымдық ойындарға қатысты.
Талдықорған қалалық орталық балалар кітапханасында «Кітаптар сөйлеген түн» атты акциясы ұйымдастырылды. Балалар қуыршақ театрының қойылымдарын тамашалап, эрудит шоуға қатысып, жазушылармен кездесті. «Шам жарығымен оқу» сәті ерекше әсер сыйлап, «Ақылды технологиялар аймағында» түрлі ойындар өткізілді.
Қалалық орталық кітапханада «Ғасырлар сырын сақтаған кітаптар» атты бейнетаныстырылым көпшілік назарына ұсынылды. Шарада кітаптың алар орны, рухани маңызы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар орталық арбатта «Кітап – болашаққа көпір» тақырыбында ашық микрофон ұйымдастырылып, Тіл сарайында буккроссинг бұрышы ашылды.
Философия докторы (PhD) Мирас Әбдірахыммен «Кітап – достық амбассадоры» атты кездесу өтті. Кеш қонағы кітаптың қоғамдағы рөлі, білім мен тұлғалық дамудағы маңызы туралы ой бөлісті. Апталық аясында ұйымдастырылған іс-шаралар кітаптың адам өміріндегі маңызын айқындап, оқырманның рухани дамуына серпін берді. Мұндай бастамалар қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және жас ұрпақты білімге жетелеуге үлкен ықпал ететіні сөзсіз.
Күміс ЖҰМАДІЛҚЫЗЫ,
№7 кітапхананың кітапханашысы
Талдықорған қаласы





