Қазақстанда көлікті тіркеу, жүргізуші куәлігі мен мемлекеттік нөмір алу талаптары айтарлықтай өзгерді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Енді елімізде бірқатар мемлекеттік қызметтер толық онлайн форматқа көшіп, жүргізушілер үшін рәсімдеу жұмыстары жеңілдеді. Ресми мәлімет бойынша, бұл реформалар азаматтардың уақытын үнемдеп, қызмет көрсету сапасын арттыруды көздейді.
Осы уақытқа дейін автоматты беріліс қорабы бар автокөлікпен емтихан тапсырған жүргізушілердің куәлігінде арнайы шектеу белгісі болатын. Оларға механикалық қораптағы көлікті басқаруға рұқсат берілмейтін. Жаңа ережеге сәйкес, бұл шектеу толығымен алып тасталды. Демек, енді «автоматпен» оқыған азаматтар да механикалық беріліс қорабы бар көліктерді емін-еркін жүргізу құқығына ие. Бұл өзгеріс жүргізушілердің мүмкіндігін кеңейтіп, құжат алу процесін әлдеқайда икемді ете түспек.
Ішкі істер министрлігі емтихан тапсыру барысындағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында бақылауды барынша күшейтіп отыр. Теориялық емтихан тапсыру ережесіне мынадай қатаң талаптар енгізілді:
- Тест барысында жауапсыз бос қалдырылған сұрақтар автоматты түрде қате жауап ретінде есептеледі;
- Емтихан алу кезінде биометриялық сәйкестендіру жүйесі қолданылады;
- Биометриялық тексеруден өте алмаған немесе қулыққа бармақ болған адамдарға 6 айға дейін емтихан тапсыруға шектеу қойылады.
Сонымен қатар автомектептердегі оқу процесі арнайы «Автомектеп» ақпараттық жүйесі арқылы толық цифрлық бақылауға көшеді. Сабаққа қатыспай-ақ сертификат алу немесе «жалған оқыды» деген заңсыз схемалар бұдан былай бағдарлама арқылы бірден анықталады. Ал дайын болған пластик құжаттар Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) тек 30 күн ғана сақталады, кейін оларды қайта рәсімдеу қажет болады.
Жаңа қаулы көлік сатып алатын азаматтар үшін де үлкен жеңілдіктер әкелді. Енді сату-сатып алу келісімін нотариусқа немесе ХҚКО-ға бармай-ақ, eGov Mobile және екінші деңгейлі банк қосымшалары арқылы онлайн жүзеге асыруға болады. Мемлекеттік жүйе көліктің айыппұлы, кепілде тұрғаны немесе іздеуде бар-жоғын автоматты түрде тексереді.
Ең басты жаңалықтың бірі – бұрын қолданылған мемлекеттік нөмірді туыстар мен мұрагерлерге қайта рәсімдеуге рұқсат берілді. ІІМ мәліметінше, бұрын бұл мүмкіндік тек сұранысы жоғары VIP нөмірлерге ғана қатысты болса, енді кез келген мемлекеттік нөмірді жақын туыстар арасында қайта тіркеуге жол ашылды. Мемлекеттік нөмір беру процесі толық цифрландырылып, делдалдардың белсенділігіне тосқауыл қойылмақ.





