Тәжікстан астанасында Тұрақты даму үшін су халықаралық іс қимыл онжылдығына арналған Төртінші жоғары деңгейдегі халықаралық конференцияның ресми пленарлық сессиясы ұйымдастырылды. Ауқымды шараға Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен қатар Орталық Азия мемлекеттерінің су шаруашылығы ведомстволарының басшылары бастаған беделді делегациялар қатысып, аймақтық маңызды мәселелерді талқылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жиында сөз алған Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов:
«Душанбедегі су процесі – су қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, нақты шешімдер әзірлеу үшін мемлекеттерді, халықаралық ұйымдарды, сарапшылар мен даму жөніндегі серіктестерді біріктіретін маңызды алаң. Қазақстан су ресурстарын ұтымды пайдалану мен мұздықтарды сақтау мәселелерін ілгерілету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жоғары бағалайды. Орталық Азия трансшекаралық ынтымақтастықтың бірегей тәжірибесіне іс жүзінде ие болып табылады. Өңір елдері көп жылдан бері тұрақты диалог пен бірлескен шешім қабылдау тетіктерін сақтап келеді. Бұл тәжірибе өте құнды әрі әлемдегі өзге де трансшекаралық бассейндерге үлгі бола алады», – деп мәлімдеді.
Халықаралық жиында Қазақстан делегациясына жетекшілік еткен министр өз сөзінде мемлекеттің суға ұқыпты қарау мәдениетін дамыту, заманауи экологиялық сын қатерлерге сай су заңнамасын жаңарту, су ресурстарын басқарудың озық цифрлық технологияларын енгізу және өнеркәсіпте суды қайталама пайдалану тиімділігін арттыру бағытында қолға алған кешенді шаралары туралы айтты. Нақтырақ айтқанда ведомство басшысы еліміздің су саласындағы өңірлік және халықаралық өзара іс қимылдарды жетілдіруге бағытталған маңызды бастамаларына ерекше тоқталды. Оның ішінде халықаралық су құқығының негізгі қағидаттары мен нормаларына сүйенген әрі өңір мемлекеттерінің практикалық ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін Орталық Азияның су пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенциясын бірлесіп әзірлеу идеясы бар.
Сонымен қатар Нұржан Нұржігітов Қазақстан Президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесі аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі жаһандық бастамасының маңызын атап өтті. Осы жылдың сәуір айында Астана қаласында өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында Қазақстан аталған мәселе бойынша халықаралық консультациялардың алғашқы кезеңін өткізуді ұсынған болатын. Құнды кеңестерге әлемнің 30-дан астам мемлекеті мен 20 халықаралық беделді ұйымынан шамамен 140 арнайы өкіл қатысып, бұл бастама халықаралық қоғамдастық тарапынан кең қолдау тапты.
Министр аймақтық ықпалдастық мәселесін қорытындылай келе:
«Өңірдегі қолданыстағы ынтымақтастық тетіктері өзара ықпалдастықтың берік негізін қалыптастырып, тұрақты су пайдаланудыг қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Сонымен бірге қазіргі сын-қатерлер қолданыстағы тәсілдерді одан әрі жетілдіру мен бейімдеуді талап етеді», – деген тікелей пікірін білдіріп, трансшекаралық бассейндердегі бірлескен жұмыстарды жандандырудың маңыздылығын тағы бір мәрте шегелеп айтты.





