Ақсудың киелі мекенінің бірі – Егінсу ауылында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал ақын, белгілі журналист, Ақсу және Сарқан аудандарының Құрметті азаматы Қуат Қайранбаевтың бейнесі кескінделген билборд орнатылды.
Ауыл тұрғындары, ұстаздар мен оқушылар, зиялы қауым өкілдері және ақынның қаламдас достары қатысқан салтанатты жиынды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аманай Жамантай жүргізіп, ақын шығармашылығы туралы тебіреніспен сөз қозғап, Қуат Қайранбаевтың туған жерге деген сағынышын, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін жеткізді. Ақын қаламынан туған туындылардың оқырман жүрегіне жол тапқанын ерекше атап өтті.
Кеш барысында мектеп оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, көпшілік ықыласына бөленді. Сонымен қатар әнші Балнұр Қонысбайқызы Қуат Қайранбаевтың «Жылдар» әнін шырқап, көрермен көңілін толқытты.
Жиында сөз алған ауыл әкімі Серік Диханбаев ақынның туған жерге жасаған игі ісіне алғыс білдіріп, бұл бастама жас ұрпаққа үлкен өнеге екенін айтты. Өз кезегінде Қуат Қайранбаев ауылдастарына ризашылығын жеткізіп, туған жерге қызмет ету – әр азаматтың перзенттік парызы екенін атап өтті.
Ауыл тұрғындары бұл игі шараны туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің белгісі ретінде қабылдап, ақынға ақжарма тілектерін арнады.
Салтанатты жиыннан кейін қонақтар Егінсу орта мектебінде өткен облыстық «Қуат Қайранбаев оқулары» байқауының аудандық кезеңіне қатысты.
Байқаудың мақсаты – ақын шығармаларын жас ұрпақ арасында насихаттау, әдебиетке құштар дарынды оқушыларды қолдау.
Байқау төрт бағыт бойынша ұйымдастырылды. Атап айтқанда, оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқып, шығармаларына арналған буктрейлерлер ұсынды, шығармашылық интерпретация жасап, эссе жазудан сынға түсті. Әр бағыт бойынша қатысушылар өздерінің білімін, шығармашылық қабілетін және әдебиетке деген сүйіспеншілігін көрсетті.
Кеш соңында қазылар алқасы жеңімпаздарды марапаттап, қатысушыларға алғыс білдірді. Рухани мазмұны терең шара жас буынның әдебиетке қызығушылығын арттырып қана қоймай, туған жерді қадірлеу мен елге қызмет етудің жарқын үлгісіне айналды.
Гүлжан ТҰРСЫН
Егінсу ауылы
Ақсу ауданы





