Қазақстанның саяси кеңістігінде жаңа партия пайда болды. 2026 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Әділет» саяси партиясын ресми түрде мемлекеттік тіркеуден өткізді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Партияның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, тіркеу рәсімі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылған. Осылайша, «Әділет» партиясы елдегі ресми тіркелген саяси ұйымдардың қатарына қосылды.
Жаңа саяси бірлестік қоғамның әртүрлі салаларында еңбек етіп жүрген азаматтарды бір мақсат төңірегіне топтастыруды көздейді. Партия құрамына еңбек адамдары, мұнай сервистік және тау-кен металлургиясы салаларының қызметкерлері, шахтерлер, спортшылар, педагогтер, дәрігерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, IT мамандары, заңгерлер мен креативті индустрия өкілдері енген.
Партия өкілдерінің айтуынша, ұйымның басты мақсаты – қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, түрлі кәсіп иелерінің мүддесін қорғауға және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру.
Саяси сарапшылардың пікірінше, жаңа партияның құрылуы елдегі саяси жүйенің жаңару үдерісімен сабақтас. Соңғы жылдары Қазақстанда саяси реформалар жүргізіліп, партияларды тіркеу талаптары жеңілдетілген болатын. Бұл өз кезегінде азаматтардың саяси өмірге белсенді қатысуына және жаңа қоғамдық күштердің қалыптасуына мүмкіндік беріп отыр.
– Партия бағдарламасының негізінде әділеттілік, жауапкершілік, заңдылық, теңдік, отансүйгіштік және прогресс қағидаттары жатыр. Негізгі басымдықтар ретінде заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті нығайту, тиімді институттарды дамыту, өңірлерді қолдау, цифрландыруды ілгерілету, адами капиталды дамыту және бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру айқындалған.
«Әділет» партиясы өз қызметін кәсібилікке, қоғамдық диалогқа және жауапты азаматтық ұстанымға сүйене отырып, әділетті, заманауи әрі бәсекеге қабілетті Қазақстанды дамытуға қосылатын үлес деп қарастырады, – делінген хабарламада.





