Бала қуанышы – қоғамның келешекке деген сенімінің дәлелі. Сол себепті де Халықаралық балаларды қорғау күні жыл сайын ізгілік пен жанашырлықты дәріптейтін мазмұнды бастамалармен ерекшеленеді. Осы мереке аясында облыстық С. Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында «Балалық – бақыт бастауы» атты инклюзивті ойын-сауық кеші ұйымдастырылып, жүзге жуық бала шаттыққа бөленді.
Мазмұнды мерекеге «Бәйтерек» және Көксу аудандық «Үміт» орталығының тәрбиеленушілері қатысты. Кітапхана ұжымы бүлдіршіндерге арнайы әзірленген «Кітаппен өскен бақытты бала» атты көрмені таныстырып, балалар әдебиетінің бай мұрасы мен ертегілер әлеміне саяхат жасатты.

Кеш барысында аниматорлар шоуы, танымдық ойындар, флешмобтар мен түрлі көңіл көтеру бағдарламалары ұсынылды. Әсіресе балалардың белсенді қатысуымен өткен ойындар олардың мерекелік көңіл-күйін еселеп, ерекше әсер сыйлады.
Салтанатты жиында сөз алған «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалы төрағасының орынбасары Асхат Досмұхамбетов пен кітапхана директоры Самал Шаяхметова балаларды мерекемен құттықтап, олардың алаңсыз балалық шағы мемлекет пен қоғам назарындағы маңызды құндылықтардың бірі екенін атап өтті.

Мерекелік бағдарлама өнерпаз оқушылардың концерттік нөмірлерімен жалғасты. Талдықорған қаласы мен Жетісу өңіріндегі білім ордаларының дарынды шәкірттері сахна төрінде ән шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жас орындаушылардың өнері кештің ажарын ашып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шараға қолдау білдірген демеушілер қатарында «AMANAT» партиясы, «Respublica» партиясының «Re.Women» әйелдер қанаты және «Jetisý Jastary» КММ болды. Олардың демеушілігімен жүзге жуық балаға арнайы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.

Жиынға қатысқан «AMANAT» партиясы Әйелдер қанаты төрағасының орынбасары Гүлниса Тұлымшақова балаларды қорғау мәселесі бір күнмен шектелмеуі керектігін атап өтті.
– Бұл – өскелең ұрпақтың амандығы мен жарқын болашағына арналған мереке. Бүгін бірнеше ұйым мен азаматтық бастама иелері қолдау көрсетіп отыр. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, балаларға деген қамқорлықтың нақты көрінісі болар еді. Себебі, елдің ертеңі – осы бүлдіршіндер, – деді ол.
«Балалық – бақыт бастауы» атты кештің басты мұраты да осы – әрбір баланың қуанышты балалық шағын дәріптеу, қоғам назарын бала құқығы мен қауіпсіздігі мәселесіне аудару, мейірім мен достықтың қадірін ұғындыру. Бүлдіршіндердің жүзіндегі шаттық пен шынайы күлкі ұйымдастырылған игі істің нәтижесін айқын аңғартты.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





