Жетісуда 45 жастағы ер адамның қазасына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Кісі өлтірді деген күдікпен марқұмның жұбайы ұсталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Жетісу облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 10 маусымға қараған түні Текелі қаласындағы жекеменшік үйлердің бірінде болған.
– Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында өлімге әкелген жарақатты ерлі-зайыптылардың бірге спирттік ішімдік ішкен кезінде жұбайының салғаны анықталды. Оқиғаның барлық мән-жайын объективті түрде анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы бақылауда және прокуратура органдарымен келісім бойынша жүзеге асырылып жатыр, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, сот санкциясымен күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалып, ол Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторына қамалған.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде күдіктіні қолдауға бағытталған жазбалар тарады. Онда әйелдің көпбалалы ана екені және ұзақ уақыт тұрмыстық зорлық-зомбылық көргені туралы айтылған.
Сондай-ақ жарияланған үндеулердің бірінде көршілер ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдарға бірнеше рет куә болғандарын мәлімдеген. Олардың сөзінше, ер адам алкогольді шамадан тыс тұтынған және отбасы мүшелеріне агрессия көрсеткен.
Алайда аталған ақпарат құқық қорғау органдары тарапынан ресми түрде расталған жоқ. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында анықталып жатыр.
Полиция департаменті тергеу аяқталғаннан кейін ғана түпкілікті процессуалдық шешім қабылданатынын мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.





