Әлемнің үздік парапланшылары Жетісу жерінде бас қосып, мықтыны өзара анықтамақ. Ескелді ауданына қарасты Екпінді ауылының маңында өтіп жатқан сайысқа 35-тен астам елден 150-ге жуық пилот қатысып жатыр. Еліміздегі табиғаты тамаша осы бір өңірде парапланнан жаһан жарысы жыл сайын өтеді. Бүгінде ұйымдастырудың басы-қасында жүрген Игорь Виршкимен сөйлескен едік.
– Биылғы жарыстың ерекшелігі қандай?
– Бұл шын мәнінде тарихи оқиға. Қазақстан мен бұрынғы ТМД елдерінің аумағында параплан спортынан тарихта тұңғыш рет Cross Country (бағыттық ұшулар) бойынша Әлем кубогының кезеңі өтіп жатыр. Бұған дейін Қазақстан қону дәлдігі бойынша Әлем кубогының кезеңдерін 5 рет қабылдаған болатын, алайда Cross Country бойынша мұндай деңгейдегі жарыстар алғаш рет өтіп отыр. Сондықтанда биылғы Әлем кубогының отандық спорт үшін де, халықаралық параплан қауымдастығы үшін өзіндік орны ерекше.
– Биыл қай елдер алғаш рет қатысып жатыр?
– Елімізде өтіп жатқан жарысқа тұңғыш рет Солтүстік Македония мен Мексика елдерінің өкілдері қатысуда.
– Жетісу жерінде бір емес бірнеше сайыс болады. Осы турасында айтсаңыз.
– Жетісу өңірінің халықаралық жарыстарды өткізуде үлкен тәжірибесі бар. Әр жылдары мұнда қону дәлдігі бойынша Әлем кубогының кезеңдері бірнеше рет өтті. Биыл Қазақстан параплан спортынан бірден бес ірі халықаралық жарысты қабылдайды. Бір жарыс Алматы облысының аумағында өтсе, 4 халықаралық сайыс Жетісу жерінде ұйымдастырылады. Олардың қатарында: Дінмұхаммед Қонаев атындағы кубок; Педро Тирадо атындағы кубок; Қону дәлдігі бойынша International Champions League; Cross Country бойынша Әлем кубогының кезеңі; С класындағы парапландар арасында Әлем кубогының кезеңі. Осылайша, биылғы маусым ел парапланеризм тарихындағы ең ауқымды маусым болып отыр.
– Спортшыларға «Тау Жетісу» мен жергілікті ауа райы ұнай ма?
– Шетелдік пилоттардың көпшілігі аймақтағы ұшу мүмкіндігін жоғары бағалайды. Жетісу таулы рельефтің, тұрақты термиялық белсенділіктің, бірқалыпты ауа райымен танымал. Бұл халықаралық жарыстар өткізу үшін ең қолайлы орындардың бірі. Көптеген спортшылар ұйымдастырудың жоғары деңгейін, қонақжайлылықты және ұзақ спорттық бағыттарды орындауға арналған тамаша жағдайды үнемі айтады.
– «Тау Жетісу» демалыс аймағы тағы қандай жарыстарды қабылдауды жоспарлап отыр?
– Бүгінгі жарыстар бұдан да ірі халықаралық сайыстарға дайындық деп есептеймін. Қазақстанға 2028 жылы Cross Country бойынша параплан спортынан Азия чемпионатын өткізу сеніп тапсырылды. Сондықтан биылғы жарыс аймақтың мүмкіндіктерін тексеріп қана қоймай, сонымен қатар әлемдік спорт қауымдастығына Жетісудың Азиядағы бағыттық ұшуларға арналған ең үздік орындардың бірі ретіндегі әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді.
– Қазақстандық спортшылардың ішінен кімдерге үміт артасыз?
– Қазақстан құрамасының сапында жүлделі орындар үшін күресуге қабілетті мықты әрі тәжірибелі спортшылар бар. Алайда, спорттың аты спорт, сондықтан алдын ала болжам жасағымыз келмейді. «Қону дәлдігі» бойынша Қазақстанда халықаралық жарыстардан жүлде алып жүргендерге осы жолыда сенім артамыз. Олардың қатарында Алмас Ахметов пен Аяна Асқар бар. Биылғы маусымда да қазақстандық пилоттар жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Ал медальдар үшін күрес жарыстың соңына дейін тартысты болады деп сенеміз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Серік ҚАНТАЙ





