Кербұлақ аудандық кітапханасында «Жастар және Конституция: Тәуелсіздік құрдастарының ел дамуына үлесі» атты дөңгелек үстел өтті. Игілікті шараны облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Кербұлақ аудандық филиалы мен аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі бірлесіп ұйымдастырды.
Шарада «AMANAT» партиясы Кербұлақ аудандық филиалының консультанты Ермек Асанов, облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Кербұлақ аудандық филиалының меңгерушісі Әсем Қорғасбекова сөз сөйлеп, Тәуелсіздік құрдастарының мемлекетіміздің өркендеуіне қосып жатқан үлесі мен конституциялық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
Жиын бірнеше маңызды тақырыптық бағыт бойынша өрбіді:
Заң мен Тәртіп және Бала құқығы Қоғамдық қауіпсіздік пен заң үстемдігі тұрғысында Кербұлақ ауданының полиция бөлімі полициясы Нұрбол Асанов «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтаудың маңызын айтса, «Ақтиін» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Сымбат Тоқсабаева балалық шақты қорғау және бала құқығын қамтамасыз ету мәселелерін қозғады. Адами капитал мен білім басымдығы бағытында Күреңбел қазақ орта мектебінің мұғалімі Самал Өміржан және Сарыөзек орта мектебінің ұлағатты ұстазы Жазира Тунгатарова сапалы білім ұлт болашағының кепілі екенін атап өтті. Ал адам өмірінің ең жоғары құндылық екенін алға тартқан Кербұлақ аудандық орталық ауруханасының медбикесі Альбина Куптилеуова денсаулық сақтау саласындағы жастардың рөліне тоқталды. Шығармашылық пен өнер саласы бойынша Ә. Сарыбаев атындағы Кербұлақ аудандық мәдениет үйінің директоры Оралбек Тұрысбеков мәдениеттің жасампаздық күшін тілге тиек етті.
Ұлы Дала тарихының сабақтастығы мен мәдени мұраны сақтау міндеті жайында аудандық кітапханашы Құралай Ержігітова, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Кербұлақ аудандық филиалының оқытушысы Ақерке Шағырбаева мемлекеттік тіл мәртебесі мен тіл саясатын дамыту жайлы баяндады.
«Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті» қағидаты аясында Сарыөзек гарнизоны 12740 әскери бөлімі Батальон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Ерсін Фаизов жеке құрам арасында ҚР ішкі және сыртқы саясатын қолдау, Ата Заңды қастерлеу жұмыстары жүйелі жүргізілетінін, әскери қызметшілердің жауапкершілігі мен мерзімді әскери қызметшілердің жаңа ортаға бейімделуі, ерекше қадағаланатыны жөнінде атап өтті.
Ашықтық пен қолжетімділікті көздейтін сервистік әкімдік форматы туралы: Қызылжар ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Айжан Төребекова, жер, табиғи ресурстар және халықтық меншік мәселелерін Кербұлақ ауылшаруашылығы және жер бөлімінің орынбасары Еркебұлан Жармұхамбетұлы баяндады. Өз кезегінде сөз алған аудандық Жастар ресурстық орталығының маманы Даурен Тулебаев, Мансап орталығының маманы МеруертБердыбаева да атқарылып жатқан іс туралы мәлемдеді.
Тәуелсіздік құрдастарының мұндай басқосулары өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
А. Шағырбаева
Облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы
Кербұлақ аудандық филиалының оқытушысы






