Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогы кезеңінде алтын медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз финалдық кездесуде Үндістан өкілі Дипакпен қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан Абылайхан Жүсіповке берді.
Осылайша, қазақстандық боксшы Әлем кубогының жеңімпазы атанып, ұлттық құраманың алтын қоржынына тағы бір жүлде қосты.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде үш алтын медаль бар. Бұған дейін әйелдер арасында 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Назым Қызайбай мен 60 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Виктория Графеева финалдық кездесулерінде жеңіске жетіп, чемпион атанған еді.
Сонымен қатар, Аида Әбікеева (65 келіге дейін), Валерия Аксенова (80 келіге дейін) және Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) жарысты қола жүлдемен аяқтап, Қазақстан құрамасының медаль қорын толықтырды.
Айта кетейік, Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан Әлем кубогы кезеңінде қазақстандық былғары қолғап шеберлері жоғары нәтиже көрсетіп, халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап келеді.





