Бүгінде аралас жекпе-жектен турнир өткізетін UFC ұйымының әр жобасы жанкүйерді молынан жинайды және көрермендер тарапынан көп қаралымға ие. Әр турнир – қызу талқы. Болғанға дейін, одан кейінде пікірталас тоқтап қалған емес. Оның үстіне спортшылардың үлкен дайындығы октагонды нағыз «қан майданға» айналдырады. Тізімнің жоғарғы жағында тұрған файтердің күш-қуатын бағамдап, соған сай болжам жасап, жорамалдайтындар өте көп. UFC-ден жеңілмей кетен чемпиондар өте сирек. Ал бүгінде чемпиондық белдікке үміткерлердің арасында ұтылып көрмегендер бар ма? Бір шолып шықсақ.
Жақында Вашингтондағы (АҚШ) «Ақ үйдің» алдында «UFC White House – Freedom 250» турнирі өтті. Бұл Америка Құрама Штаттарының құрылғанына 250 жыл толуына орай болды. Басты жекпе-жекте жеңіл салмақтағы 29 жастағы чемпион Илья Топуриямен (Испания) уақытша белдікке үміткер 37 жастағы Джастин Гейджи (АҚШ) шықты. Кездесу белгіленген уақыттан бұрын аяқталды. Осыған дейін ешкімге бет қаратпай келе жатқан Топурияның соңғы раундта октагонға шығуына дәрігерлер рұқсат бермеді. Гейджи техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, чемпиондық белдікті алды. Илья алғашқы екі раундта өз үстемдігін көрсеткенімен, қалған раундтарда Гейджидің соққысына шыдас бермеді. Соңына қарай қарқын алған Джастин қарсыласының бет-аузынан түк қалдырмаған. Джастинге дейін карьерасында жеңіліп көрмеген файтер, алғаш рет қарсыласына есе жіберді.
Джаситн Гейджи де карьерасын жеңіліссіз аяқтаған чемпион Хабиб Нұрмағаметовтің соңғы жекпе-жегінде қарсылас атанып, жеңілген болатын (UFC 254, 2020 жылдың қазаны). Тарихта чемпиондық титулға ие бола тұра, карьерасын дер кезінде тоқтатып, жеңіліссіз кеткен жалғыз чемпион – Хабиб Нұрмағаметов (29 жекпе-жектің бәрін жеңген).
UFC-де чемпиондыққа үміткер санатындағы файтерлердің ішінде жеңілмегендері сирек. Бұл қатарда қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов бар екенін еске салайық. Әлемдік баспасөзді қарап отырсаң, сайттарды ақтарып көрсең Шавкатты іздейтіндер көп. Өйткені Шавкат жеңген спортшылар бүгінде белдікке үміткер есебінде кездесу өткізгелі жатыр. Ал Шавкат үнсіз. Қазақстандық спортшының кейінгі өткізген кездесуі 2024 жылы желтоқсанда Лас-Вегаста өткен UFC 310 турнирі аясында ирландиялық Иэн Гэрриге қарсы болды. Қазылардың ұйғарымен Шавкат жеңген болатын. Гэрридің бұл карьерасындағы алғашқы әзірге жалғыз жеңілісі. Ал Шавкат сол жекпе-жектен кейін жарақатына байланысты үзіліс алып, октагоннан алыстап кетті. Сол кезде Шавкат жеңген Иэн Гэрри ресми түрде биыл АҚШ-та 16 тамызда жартылай орта салмақтың чемпиондық белдігі үшін Ислам Махачевпен төбелеседі. Қазақстандық спортшының барша жанкүйерлері осы бір сәтте «қап-ай!» деп қалғандығы анық. Егерде Шавкат бабында болып, жаттығуларын тоқтатпағанда бүгінде чемпиондық белдік үшін айқасып жатар еді. Тіпті елімізге алғаш болып белбеу алып келген файтер болар ма еді?!
Шавкат жалпы карьерасында 19 кездесу өткізіп, бәрін жеңді. UFC ұйымында 2020 жылдың қазанынан (содан 7 кездесу өткізді) бері шығады. Бір жылдан астам уақыт жекпе-жекке шықпаған Шавкатты UFC ұжымы биыл жасалған рейтингтен алып тастады. Жаңартылған рейтингде чемпион Ислам Махачев болса, одан кейінгі орынды аустралиялық Джек Делла Маддалена алды, үштікті Иэн Гэрри түйіндеп тұр. Біз бұл тізімде жеңілмеген қазақ файтерініңде тұрғанын қалар едік. Шавкаттың нақты қашан окагонға оралатыны белгісіз. Өзі жоспар бойынша биыл желтоқсанға дейін шықсам дейді. Жеңілмегендер жөнінде сөз болғанда дәл қазір қарқын алып, күшейіп келе жатқандар тізімінде ресейлік Мовсар Евлоев бар. Ол осыған дейін 20 кездесу өткізіп, бәрін жеңді. Аралас жекпе-жектің айналасында жүргендер үлкен үміт күтіп отыр.
Германияда ота жасатып, қайта қалпына келу жұмыстарын жүргізіп жатқан Шавкатты көпішілік сағынғандығы анық. Оның октагонда ойқастаған сәтіне куә болсақ дейміз. Жеңілмегендер тізімінде аты аталып, үнемі әр ісі бақылауда жүретін спортшының жеңісті жолы жалғасқанын қалаймыз.
Серік ҚАНТАЙ





