Биыл жыл басынан бері 50-ден астам ауыл көгілдір отынның игілігін көріп келеді. Бұл жолы Ескелді ауданына қарасты Шымыр елді мекені желіге қосылды. Мұны салтанатты шараға қатысқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы газдандыру бөлімінің басшысы Азамат Кемелов сүйіншіледі.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай 2025 жылға дейін өңірдің 126 елді мекенін табиғи газбен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда облыс тұрғындарын көгілдір отынмен қамту деңгейі 51,9 пайызды құрап, 357 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Биылдыққа 55-ші ауыл болып шымырлықтар тамаша мүмкіндікке ие болуда. Жыл соңына дейін жалпы 63 елді мекен газдандырылып, көгілдір отынға қол жеткізген жетісулықтардың ұзынсаны 56,5 пайызды құрамақ, – деді Азамат Кемелов.
Ескелді ауданында 33 елді мекен болса, оның 21-і газдандыруға жатады. Шамамен 50 мыңға жуық тұрғын көгілдір отынға қол жеткізуі тиіс. Қазір 14 ауыл желіге қосылған. Бұл қатарға Шымыр да қосылып отыр. Аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, қазір Көкжазық, Теректі, Қаратал, Жастар және Ақтасты ауылдарында қызу құрылыс жүргізілуде. Одан бөлек, Қайнарлы және Жалғыз-ағаш ауылын газдандыру келер жылдың еншісінде.
– Жоспарға сай аудан 100 пайыз көгілдір отынмен қамтылатын күн алыс емес. Аудан әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жүйелі жұмыс істеп келеді. Шымыр ауылының тұрғындары да қала тұрмысынан кем өмір сүрмейтін сәтке қол жеткізді. Бастысы, көгілдір отынмен бірге әр шаңырақта шаттық орнасын, – деді Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Сержан Оңалбаев.
Мұнан кейін атқамінерлер ауылда тұңғыш газ желісіне қосылған Асылбике Аязбаеваның шаңырағында болып, 82-ге келген кейуананы құттықтап қайтты. Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған ақжаулықты қазір арбаға таңылған. Мүгедек әжейдің үйін мердігер «Алматы Production Construction & Invest» серіктестігі өз қаржысы есебінен желіге қосыпты.
Дастанбек САДЫҚ





