Талдықорған қаласында «АУЫЛ» партиясының 25 жылдығына арналған жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында «Ауыл ойындары — 2025» турнирі өтті.
Турнирдің ашылу салтанатында «Ауыл» партиясы орталық аппарат басшысының орынбасары Н.С. Ораш құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Іс-шараның құрметті қонақтары — Жетісу облысы мәслихатының төрағасы Г.Қ. Тойлыбаева, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары — партияның бұл бастамасына оң бағаларын беріп, жылы лебіздерін білдірді.
Жарысқа Жетісу облысы, Алматы облысы және Алматы қаласынан 3 жоғары оқу орны мен 4 колледждің студенттері қатысты. Қатысушылар асық ату, ләңгі тебу, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, садақ ату, арқан тартыс және футзал сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсті.
Жалпы ұпай саны бойынша:
-
1 орын — Алматы облысы,
-
2 орын — Жетісу облысы,
-
3 орын — Алматы қаласының командасы.
Турнирдің басты мақсаты — студент жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайту, салауатты өмір салтын дәріптеу және ұлттық спорт түрлерін дамыту. Сонымен қатар, жастар арасында ұмыт болып бара жатқан дәстүрлі спорт түрлерін қайта жаңғыртып, оларды спортпен айналысуға ынталандыру көзделді.
«Жетісу-Ақпарат»