Ұлттың ар-ұжданы, оның намысын әлем алдында көрсете отырып, елін-жерін шексіз сүйетін адал перзент есебінде жаһандық сында жетістікке жету – кез келгеннің мақсаты. Ал сол қиылыс пен бұрылыстан, жоғарлау мен құлдилаудан тұратын жолда мақсатын орындаған санаулы жандар үшін бұл баға жетпес құнды жүлде. Спортшының жолы – қысқа. Сол аралықта елдің атын шығарып, жеңіске жету үшін аянбай тер төгіп, барын беріп, жанын салады.
Спортшымыз жеңсе бөркімізді аспанға атып қуанып, жеңілсе уайымдап, кей сәтте сөз таба алмай күмілжіп қалатынымыз да бар. Ұлтымыздың ұяты спортшының жүріс-тұрысы, жүйелі сөйлеп, жоспарлы іс жасауынан көрініп тұратындай. Бала кезінде берілген білім мен тәрбие өсе келе бойға сіңіп, қалыптасып өмірлік ұстанымға айналады. Есімде бір сурет ерекше сақталды. Кілем ортасында Секен Тұрысбеков күй шертіп, ал оны атақты Керей Қойшыбек бапкер мен балғын балуандар ұйып тыңдап отыр. Күйді сезініп, түсініп өскендер келешекте мықты тұлға болып қалыптасқанына сенімдімін. Жалғыз спортта ғана емес, өмірде де өз жолдарын тапқаны анық.
Жаһандық сында қазақтың рухы көтеріп, алыссаң дес бермейтін, ұстасса қабырғаңды күйрететін, атойлап «Қазақ» екенін паш ете білетін, намыс жанып, жарыстың жүлдесінен ұлттық мүддені артық қоятын мықтылар дәл осындай көреген мамандардың қолынан шықты. Балаға бір спорттың ережесін үйретіп, техникасын түсіндірумен қатар ұлттың да негізгі құндылықтарын түсіндірген абзал. Мұстафа Шоқайдың: «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді» дегені осының айғағы.
Ең қиыны – балалар бапкері болу. Жас шыбықты қалай ексең, солай бағыт алып өсетініндей үйреткен тәртіп пен тәрбиеңе қарай икемделеді. Бүгінгі бала ертеңгі ұлттың ұятын оятатын азамат. Сондықтан да балалар спортына басты назар аударуымыз керек. Ұстаз – өз уақытын аямайтын, өзгенің уақытын аялайтын жан. Бір баланың болашағы үшін сан қилы әдіс арқылы түсіндіретін мамандардың еңбегі зор. Пекин Олимпиадасының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев өзінің бала кезіндегі бапкері жөнінде сөз қозғай қалса «Бапкерім Жұмахан Тұрғанбек ағайымыз балалары жарыстан қалмау үшін жүгері де сатты, темір-терсек те өткізді. Сондағы бар ойы – біздің жолымызды ашып, жарыстарда жетістікке жетуімізге жағдай жасау. Ал сондай еңбекті көріп өскендіктен біздің жалқау болуға қақымыз жоқ. Біліммен еңбекті қатар ұштаған ұстазымыз үшін біздің әр жетістігіміз мәртебе. Ауылға барған сайын міндетті түрде сәлем беремін» дейді. Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем беру қазақтың болмысында бар.
Басқа спортпен салыстырғанда қызығушылығы мол сиқырымен әлемді арбаған футболдың елімізде жанкүйерлері де, оны ойнайтындар да көп. Алайда ойнап та, фанат болып та жаһандағы мемлекеттердің алдына шығып кете алмадық. Балалар футболына деген көңіл санаулы клубтарда ғана болмаса, басқасында айтарлықтай емес. Керісінше мемлекет қаржысын балалар футболы арқылы жымқырып қалуға тырысатындар бар. Көршілес елдердің ойыншылары әлемнің үздік клубтарында ойнап, мықтылықтарын уақыт ағымымен дәлелдеп келеді. Оларда жас кезінен ерекше назар аударудың жемісі екені даусыз. Мемлекет осыған дейін аямай қаржы бөліп келсе, енді шеттен келіп құр сенделетіндерді тыйды. Оларды тек демеушілердің қаржысымен ғана қатарға қосып, алаңға шығарады. Соңғы кезде балалар футболына арналған түрлі жарыс ұйымдастырылып, таланттылар танылып жатыр. Олардың техникасы ғана сүйсінтіп қоймай, ұлт құндылығын қалыптастырғаны аса маңызды.
Ескелді ауданына қарасты Жаңалық ауылында балалар бапкері болып жүрген Әсет Шетиевтің ерекше әдістемесін естіп, шынайы қуандық. Неге? Балалар жаттығуға келеді, бір сызықтың бойына қаз-қатар тұрып Гимн айтады, одан кезекпен сөйлеп, бапкердің айтқанын орындайды. Футболдың ғана емес өмірдің негізгі әліппесін үйреніп, тәлім алып, тәрбиеге ден қояды. Әр жаттығуда бір шумақ өлең оқуды дәстүрге айналдырған. Бүгінгі айтылған өлең, келесі жаттығуда оқылмайды. Балалары да жарыстардан жүлделі оралып, бапкердің мерейін өсіріп жүр. Әсеттің өзі 2008-2010 жылдар аралығында «Жетісу» футбол клубының жастар құрамасында қорғаушы болып, жақсы ойыншы есебінде көзге түскен. Түрлі сынақ, оның кәсіби деңгейде өсуіне кедергісін келтірді.
Ал онымен бірге жаттыққан Серікжан Мұжықов, Сергей Гридин сынды ойыншылар ұлттық құраманың намысын қорғады. Әсетпен сөйлескенімізде әуелі ойыншы болудан бұрын адам болып қалыптасу керектігін алға тартты. «Еліңді біліп, жеріңді танып, оның құндылықтарын жете түсіне білсең – нағыз ойыншысың. Ондай ойыншылар еліміздің туын жықпайды. Жеңілсе намыстана біледі. Кейін осылардың арасынан ұлттық құрамада ойнайтындарды көру. Сол үшін еңбектеніп жатырмын», – дейді бапкер.
Мұстафа Өзтүрік бір сұхбатында «спортшы болу оңай, адам болу қиын» дейтіні бар. Сондықтан да спортшы обал, сауап, қанағат, еңбекті біліп тұрса, сол істері-ақ, ел алдында абыройлы қылады. Ол үшін балалар спортына баса ден қоюымыз керек. Әсеттей өз ісін білетін ұлтжанды мамандар қажет.
Серік ҚАНТАЙ
Фото: Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі