Футболдан премьер-лига ойындарының он төртінші туры өз мәресіне жетті. Талдықорғандық «Жетісу» футбол клубы өз алаңында Ақтөбенің «Ақтөбе» командасын қабылдады. Бұған дейінгі ойындарда ала-құла өнер көрсеткен жерлестеріміз ақтөбеліктерге қарсы қарқынды ойын көрсетті. Турнир кестесінде іркес-тіркес келе жатқан екі команда жасыл алаңда аянып қалмады. Маусым басынан бері жеңілістің кермек дәмін көп тартқан «Жетісу» командасы жыл соңына дейін қалай өнер көрсетеді деген үміт басым. Оның үстіне шабуыл өтінде жүретін ойыншылар жарақат алып, ойынға араласпады. Сонымен екі команданың арасындағы кездесуде алаң иелері жағы басым болды.
Ойынның бірінші минутынан-ақ тізгінді өз қолдарына алып, қонақтар қақпасын торауылдаумен болды. Шабуылшы Бауыржан Тұрысбек бірнеше мәрте қақпаны нысанаға алғанымен нәтижелі соққы жасай алмады. Тепкен добы қисық кетіп, жанкүйерлердің жүйкесін тоздырды. Неге екені белгісіз, Самат Смаков бастаған ақтөбеліктер бұл ойынға қарқынмен кірісе алмады. Жасыл алаңға аяқтары тиісімен атой салатын қонақтар сылбыр қимылдап, қорғаныс шебінде ғана ширақтық танытты. Әйтеуір бұрынғы ойын өрнегін көрсете алмаған қонақтар жанкүйерлерді де терең ойға батырды. Қос команданың арасындағы кездесудің бірінші таймы тең нәтижемен аяқталды. Бірінші таймның өзінде қонақтар қақпасына бірнеше рет бұрыштама добы белгіленді. Өкінішке орай бұл мүмкіндікті жерлестеріміз пайдалана алмады. Оқша зулайтын Савич бұл жолы сылбыр өнер көрсетті. Меніңше біздің командаға жаңа ойыншылар шақыру керек секілді. Мынадай ойынмен алтылықтан орын алу қиынға соғары анық. Мәселен «Жетісу» жетінші орында тұрса да Қазақстан премьер-лигасында өз қақпасына ең көп гол жіберген команда. 13 ойында 20 рет қақпасының торынан доп қармады. Осының өзі-ақ қай шебін күшейту керек екендігін меңзеп тұрған жоқ па? Екі қақпашысы жасыл алаңға алма-кезек шығады. Шабанов жеті ойында 13 рет, Пасеченко алты ойында жеті рет қапы қалды. Қайсысы негізгі қақпашы? Негізгі деп Пасеченконы атап жүрміз. Тіпті, капитандықты да сол атқарып жүр емес пе? Бәлкім, бар кінәрат қорғанысында болар. Яғни, тасқамал, жанкешті қорғаушылар да керек-ақ… Шабуылшының да шекесі қызып тұрған жоқ. Орталықтан асырылған пасты голға айналдыра алмаған ойыншыдан не пайда? Жә, енді ойынға көшейік. Екінші таймда бұрынғы сүрлеуге көшті. Қонақтар жағы бәсең шықты. Ал алаң иелері қарқын қосты. Дүркін-дүркін шабуыл жасады. Ойынның орта тұсына келгенде қонақтар біздің айып алаңға лап қойды. Оң қапталдан ұйымдастырылған шабуыл қақпа алдын опыр-топыр жасады. Қақпашы да қырағылық танытып, ала доптан көз жазып қалмауды ойлады. Қорғаушылар да қызу кірісіп қауіп бұлтын сейілтті. Әсіресе, Джалович пен Бористің еңбегін ерекше атап өткен жөн. Төніп келген шабуылшыға қайсарлық танытып, қақпа мен қақпашыны қорғап қалып отырды. Осыдан кейін ойынның 70-минутында «Жетісудың» қақпасының алды тағы да опыр-топыр, ұмар-жұмар болып Цвейбаның акробатикалық тәсілде соқан добы қақпа ішінен бір-ақ шықты. Салымыз суға кетіп, өкініш өзегімізді өртеп отырғанда күн қайта жарқырағандай болды. Ал алаң иелері таразы басын ізін суытпай теңестірді. Араға үш минут салып Әмірсейітов айып соққысын орындап, алыстан шірене тепкен добы қақпа торын да тесіп кете жаздады. Енді мақсат үш ұпай еншілеу. Бірақ оған шамамыз жетпеді. «Жетісу» қонақтарынан басымдау көрінгенімен, ойын осылай тең аяқталды.
Айтпақшы, ұмытып бара жатырмын. Екі команда арасындағы ойында тосынсый орын алды. Тұңғыш рет футболдан ел чемпионатында мемлекеттік Гимн шырқалмады. Ойыншылар жасыл алаңда сап түзеп, Гимннің қойылуын күтті. Иә, бұл жай ғана техникалық ақаулық. Менің жүрегіме батқаны, дәл осындай сәтте футболшылар не істеу керек. Кеудесіне қолдарын қойып, дауыстап шырқай салса несі кетер. Әлде фифаның шартында болмай ма? Әй қайдам, азуын айға білеген фифа ондайға бара қоймас. Біздің федерациядан болып тұр-ау. Алдын ала осындай жағдайда шырқап жіберіңдер деп біреуі де ақыл бере қоймаған шығар. Қалай болғанда да Мемлекеттік рәміздерге құрмет болу керек. Бізде осылай, әншіміз де, футболшымыз да фонограммамен айтып үйреніп қалғанбыз. Айтпақшы, бүгін рәміздер күні!..
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ