Білімі мен тәртібі қатар ұштасқан спортшының шығары биік, өмірдегі алар асуы да жоғары болмақ. Ол – заңдылық. Бойда қалыптасқан спортқа, оқуға деген құштарлық, махаббат өмір соңына дейін жетістікке жетелей бермек. «Sport портрет» айдарының алғашқы кейіпкері – Демеу Жадыраев. Париж Олимпиадасының жүлдегерімен жүздескен сәтте-ақ өзіне баурап алып, жинақы жүретінін, жүйелі сөйлеп, асыптасудан алшақ екенін көресің.
Жаркенттің іргесіндегі Үшарал ауылында қара домалақ балуандарды баптап, жарысқа қосып жүрген Жұмахан Тұрғанбеков бірде «Қазақ балуандары» деген кітапты жаттығуда жиналғандарға көрсетіп «Кейін сендер де осындай атын қалыптастырған, елге белгілі балуан боласыңдар» дейді. Сол сөз, сол кітаптың әр бетіндегі балуандар болашаққа мол үміт, сеніммен жанары жаутаңдап отырған жеткіншектердің арасындағы Демеудің әлі күнге көз алдында. Жетістікке жету жолы қашанда бұралаң, талай қиылыс пен тәуекелден тұрады. Алақандай кітап арманға қанат бітіріп, балуандық жолда аянып қалмау керегін ұқтырды.
Жұмахан Тұрғанбековтың шәкірті, Пекин Олимпиадасының жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев Үшаралға келген сайын жаттықтырушысына сәлем беріп, кілемде алысып жүрген жас балуандарға ақыл-кеңесін айтатын. Олимпиаданың, Әлемнің медалін алған балуанның өзін ұстауы, сөйлеуі, жүріс-тұрысына мән беріп, кітапқұмарлығына сүйсінген Демеу ағасының салған жолымен жүрді. Кейін Демеу күрескенде қасында орамалын мойынына асып, әр үзілісте әдіс-айланы түсіндіріп, Нұрбақыт Теңізбаевтың өзі қолдады. Демеудің келесі арманы өз ауылынан шығар бір інісін ағасындай жетелеп, оның да әлем алдында жүлдегер болуын көру.
Мектептегі пәндер өз алдына қызық. Демеудің сүйікті сабағы – география. Әлем аралап, сол елдің әдебиеті мен мәдениетін білуге құштар. Сан салалы картаны алып, елдің қазба байлығын, саяси тұрғыдағы орнын, климаттық жағдайын білуге ұмтылады. Арман өсе келе мақсатқа айналуы қажет. Спортшы есебінде Демеудің бармаған елі, араламаған жері жоқ десе де болады. «Ел аралау – адам бойына керемет әсер сыйлайды. Менің ендігі көргім келетін мемлекет – Аустралия. Ал сүйікті қалам, ол, әрине, Париж», – дейді кейіпкеріміз. Париж – махаббат пен сәннің астанасы есебінде көпке белгілі. Сена өзенінің бойында серуендеу, Эйфель мұнарасы, Монмартр, кішкене кафелер мен гүл сататын дүкендер нағыз сезімнің Отаны екенін айғақтаса, Christian Dior, Chanel, Louis Vuitton сынды брендтер сән өлкесіндегі айтулы шаһар екенін айшықтап тұрады. Демеудің «Махаббат қаласына» деген ынтызарлығы орынды. Себебі, мансабындағы айтулы екі жүлде – 2017 жылы Әлем чемпионатынан күміс (71 келі, финалда неміс Франк Штеблреден жеңілді), 2024 жылы Олимпиада ойындарынан күміс жүлдені (77 келі, финалда жапон Нао Кусакадан жеңілді) Парижде алған еді. Әр жарысқа бір кітап алып кетіп, соны тауысып тастауға тырысатын балуанның іс-әрекеті кейінгілерге үлгі. Алғаш танысып, сұхбатқа шақырып, өзара әңгімелесіп отырғанымызда Шоқан Уәлихановтың өмірін зерттегісі келетінін айтып, Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» романын сұрады. Одан кейін де қанша кітап жөнінде әңгімелесіп, алыс-беріс жасастық.
«Парижге өзіммен бірге Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын алып барып оқыдым. Ауыр екен. Кейіпкерлері де көп-ақ» дейді.
Кітаптан бір сәт қол үзбеген адамның ісі де нық, ойы да терең, сөзі де мірдің оғындай. Сондықтан болар, кез келген сауалға оңай жауап тауып, өз ойын емін-еркін жеткізеді. Кезіндегі «Ер Қосай» жырының 500 жолын жатқа білетін қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлының бүгінгі жалғасындай. Демеудің батырлар жырына деген махаббаты да ерекше. Сидней төрінде айрықша көзге түскен чемпион Бекзат Саттарханов бір сұхбатында: «Ақылсыз адамнан Олимпиада жүлдегері шықпайды» деген еді. Спортшы бойын да, ойын да күнделікті шынықтырып отыруы тиіс. Демеу: «Кейінгілерге кеңес – жаттығуда оқуды тоқтатпау керек. Жан-жақты білімді адам қашанда сыйлы. Ал оқуға кеңес беретін кітаптарым – Бауыржан Момышұлы атамыздың жазғандары. Одан кейін Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айшасын» айтар едім. Уақыт болса қайталап оқимын», – деді.
Өзіне есеп беріп отыратын адамның жұмысы жүйелі жүріп, еңбегі де көп алдында көріне бермек. Төккен тердің қашанда өтеуі бар. Жемісін жеп, жетістігін көретіндер – еңбексүйгіштер. Демеу дәл осы қатарда. Оның өзі атап алған «спорт күнделігі» бар. Ол жерде ол күнделікті жаттығудағы әдіс-тәсілдерді түсіріп, қанша уақытта қай жаттығуды қалай жасағанын жазады. Балуандардың арасына кіріп барсаңыз Демеудің жеке тәртібіне тәнті боласыз. Ұйықтайтын, тұратын уақыты бәрі жоспарланған. Бапкерімен ақылдаса отырып кей жаттығуды артығымен орындайды. 2021 жылы Токио Олимпиадасында алғашқы айналымда жапон Сехэй Яюикудан жеңіліп, 9-орынмен аяқтаған балуан араға 3 жыл салып 35 жасында Олимпиаданың күмісін алды. Бұл – нағыз ерлік. Бойынан қайсарлық көрініп тұратын азамат бір жеңілген балуанынан екінші қайтып жеңілуі мүмкін емесін көп сәтте дәлелдеді. Кілемге жүгіріп шығып, жүгіріп түсетін спортшының жүріс-тұрысы нағыз жігіттікті аңғартып тұрады.
Адам өмірінде ананың алар орны ерек. Демеу Олимпиада жүлдесін алып, оны әуежайдан күтіп алуға жиналған көпшілік ішінен анасы Күлипа Бижанованы жолықтырғанымызда: «Ұлым күн сайын қуантуға тырысады. Сыйлығын үзген емес. Демеуімнің дәл қазіргі басты сыйлығы – жақында немерелі болдым, ал ұлым Олимпиаданың жүлдесін әкеле жатыр, одан асқан сый жоқ» деген еді. Демеу үшін әкенің үйреткені – өмірлік сабақ, ал ананың мейірімі – баға жетпес байлық. Кітапқұмар балуанның әр ісі жоспарлы түрде, жан-жақты сүзгіден өту арқылы жүзеге асады. Кейінгілерге кітап оқуы, тәртіпті қадағалауы, адам сыйлап, онымен араласуы – үлгі. Өмір – әділ, көркем мінез, жан-жағына жақсылық арнап, нұрын төгіп жүретіндерді түбі бір биікке көтеріп, жетістікке жеткізетіндей. Демеудің Олимпиада жүлдесіне деген жолы да ұзақ әрі қиын сатылардан тұрды. Намысты ту еткен, қайсарлықты бойға жиған азаматтың әлі де алар асуы биік болмақ.
Серік ҚАНТАЙ