Еліміз егемендік алғаннан кейін Олимпиада ойындарында алтын алған тұңғыш қазақ – Бекзат Саттарханов. Болмысы бөлек, бітімі басқа боксшының аз ғұмырында жасағаны көпке үлгі. Бекзат Саттархановтың бойындағы еңбексүйгіштік, нәтиже жолында аянып қалмайтындығы, қайсарлығы талай жасты жігерлендірді.
Біртуар боксшы жалпы шаршы алаңда 143 жекпе-жек өткізіп, соның 132-сінде жеңіске жетті. Бір жеңілген боксшысынан екінші қайтара жеңілмеген спортшы. Оның 2000 жылы Сидней төрінде атой салғандығы әлі күнге дейін алты Алаштың есінде. Алғашқы кездесуінде румын боксшысы Бобирант Овидиу-Тибериуды (14:5), екінші жекпе-жегінде афиркалық Джефри Матебулланы (16:5), одан кейін әлемдік баспасөз ақпарат құралдары «өте тартысты кездесу» деп баға берген. Грузияда жаттығып, кейін Түркияның намысын қорғаған Рамазан Палианиден 12:11 есебімен айласын асырса, жартылай финалда марокколық Тахар Тамсаманиді (22:10) ұтты. Ал финалда Бекзат әлем чемпионы, америкалық Рикарду Хуаресті 22:11 көрсеткішімен жеңіп, Олимпиада алтынын алды. Бұл жеңістің қазақ үшін бағасы зор.
Сидней Олимпиадасында бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері міндетін атқарған Тұрсынғали Еділов Бекзат туралы естелігінде оның тым ақкөңіл болғанын алға тартады. «Бекзат… Бекзат сол Олимпиадада өскен бала ғой. Ол әрбір кездесуінен кейін жетіле түсті, әр жекпе-жектен соң күшіне күш қосты. Олимпиадаға 12 күн ерте бардық. Сол кезде «Аға, анау Роналдинью деген футболшы емес пе? Ол да біз сияқты қарапайым адам екен ғой. Біз неге солардай болмаймыз? Анау боксшының бізден қай жері артық? Оны да жеңуге шама жетеді» деп үнемі өзін-өзі қайрап жүретін», – дейді Еділов.
Тайландтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Сомлук Камсинг (1996 жылы Атланта олимпиадасында 57 келіде) Бекзаттың көзіндегі отты көріп, оған болонья плащын сыйлайды. Ал сол плащпен Бекзат жаттығу жасап болғаннан кейін, қысылып тұрған жерлерін ағытып жібергенде тер суша аққан. Салмақ өлшеу сәтінде өз салмағын өсіру үшін қолына қорғасын ұстап тұрғандығы жөнінде де жиі айтылады. Әлемдік бокста Бекзат есімі 1998 жылдан бастап жиі айтылды және әр қимылына мамандар тәнті болды. Ол 1998 жылы жастар арасында өткен Әлем чемпионатының, жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері болса, 1999 жылы ересектер арасында Орталық Азия чемпионатының және Азия чемпионатында күміс алды. Жеңісті жолы 1999 жылы Орталық Азия чемпионатында топжарғаннан басталды. Одан кейінгі ірі жеңісі – олимп шыңы. Кез келген спортшы Олимпиадаға бармас бұрын міндетті түрде Қазақстан чемпионатын ұтады. Ал Бекзат ел біріншілігін ұтпаса да ел үмітін ақтаған боксшы. 1999 жылы оң қолындағы «көзжарасының» кесірінен ел чемпионатын жеңе алмады. «Көзжарасы» қолғабының ішінде жарылып, ширақ қимылдауға кедергі келтірді. Бала кезінде өте аурушаң болғанымен, өсе келе денсаулығы нығайып, шымыр болды. 2000 жылы Сидней олимпиадасына санаулы күндер қалғанда оң қолынан жарақат алып, төрт жылдықтың басты додасына бармай қалу қаупі туындаған. Үш аптаның ішінде жазылып, атойлап шықты. Бекзаттың ерекшелігі де сол, ол ересек тарта бастағанда ауыр жарақаттардың өзі жеңіл қайтқан.
Бекзат бокста Серік Қонақбаевты үлгі тұтты. Анасы да кенже ұлының ағасындай чемпион болуын армандаған. Оның шаршы алаңдағы қимылы, жылдамдығы, жұдырық жұмсау тәсілі, ақылдылығы талай бокс мамандарын таңғалдырды. Бір жеңілген боксшысымен екінші кездессе соққының астына алып, айқын жеңіп отырған. Мысалға, Аргентинада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында украиналық Сервин Сүлейменовтан жеңілгенде «келесіде міндетті түрде жеңемін» деп өзіне және бапкерлерге серт береді. Уақыт өте Ресейде ТМД елдерінің боксшылары қатысқан халықаралық бокс бәсекесінде Бекзат украиналықпен жолығып, айқын жеңеді. Кездесуден кейін бас бапкер Тұрсынғали Еділов Бекзаттың қолғабын күшпен тартып шешкен кезде, ішіне қан толып қалғанын көреді. Намысқой Бекзат бармақ сүйегі шығып кетсе де қарсыласына кеткен есесін қайтарған.
Анасы Сырлыгүл Саттарханова естелігінде «Оның қолында күнтізбесі мен блокноты жүреді. Қарасам, 3 қаңтар, 2001 жыл деп бастаған. Ал жыл соңына дейінгісі жазылған, ең соңғысы 31 күні Түркістанда болады. Сағат 00.00-де Шымкентте болуы керек екен. Сонымен тоқтаған… Мен ойлаймын, Бекзатымызбен бір аптаға да мауқымызды баса алмаппыз ғой», – дейді. Анасы армандаған, әкесі күткен үмітті ақтаған ұл – елдің мерейін өсіріп, өз жерін күллі Әлем алдында паш етті. ХХ Азия чемпионатында 2000 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама алып, Олимп шыңын 20 жасында бағындырып, ХХ ғасырдың аяқталуына 20 минут қалғанда 20 жасында өмірден өткен Бекзат Саттархановтың жемісті ісі талайдың топжаруына себепші болғандығы анық. «Менің жеңісім – қазақтың жеңісі!» деген ұланның бейнесі өзі сүйген қазақ барда өшпейді. Бекзаттың өмірден өткеніне қанша жыл толса да Сидней көгінде жағылған жұлдыз жарқырай бермек…
Серік ҚАНТАЙ