Америкалық файтер Шон Брэди (18-1) UFC чемпионы атағына бір қадам жақындау үшін қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновпен (19-0) октагонда жолығуға дайын екенін мәлімдеді.
«Мен – әлемдегі ең үздік жауынгермін. Егер Шавкатты жеңіп, содан кейін чемпиондық белбеу үшін төбелесу керек болса – мен дайынмын», – деді Брэди өз сұхбатында.
Қазіргі таңда Шон Брэди UFC жартылай орта салмақ дәрежесінде №1 рейтингке ие, ал Шавкат Рахмонов екінші орында тұр. Бұл дивизионның қазіргі чемпионы – Белал Мұхаммед (24-3), ол мамыр айында австралиялық Джек Делла Маддаленаға (17-2) қарсы жекпе-жек өткізеді.
Айта кетейік, бұған дейін UFC Шавкат Рахмоновқа чемпиондық жекпе-жек ұйымдастыруды ұсынған болатын. Алайда қазақстандық файтер денсаулығына баса мән беріп, жарақатын толық емдеуді жөн көрген.
«Жетісу-Ақпарат»
Фото: instagram.com/shavkatrakhmonov94