Филиппиннің Пасиг қаласындағы «Ultra – PhilSports» аренасында өтіп жатқан волейболдан әйелдер арасындағы бірінші Азия чемпиондар лигасында еліміздің намысын қорғап жатқан «Жетісу» командасы жартылай финалға шықты. Әр ойында өз үстемдіктерін көрсете отырып, әзірге ұпайдан шашау шығарған жоқ.
«А» тобында ойнаған «Жетісу» жергілікті «Creamline Cool Smashers» (Филиппин) – 3:0 (25:16, 25:17, 25:17) , «Al Naser» (Иордания) – 3:0 (25:10, 25:15, 25:11) есебімен айқын басымдылықпен жеңіп, ширек финалда Филиппиннің чемпионы, «Д» тобындағы електен өткен «PLDT High Speed Hitters» ойнап, 3:0 (25:13, 25:22, 25:20) нәтижесімен ұтты. «Жетісудың» жартылай финалдағы қарсыласы – «Nakhon Ratchasima QminC» (Тайланд).
– Бапкердің тактикасын мүлтіксіз орындауға тырыстық. Қателіктер болды. Дей тұрғанымен, жеңіс біздің тарапта. Тоқтап қалмаймыз, жартылай финалға дайындаламыз. Бізді қолдап жатқан барша жанкүйерлерге алғыс білдіреміз, – деді команданың вице-капитаны Кристина Аниконова.
Топтық кезеңдегі жалпы статистика бойынша тосқауыл жасаған ең үздік ойыншы – Валерия Якутина. Ол екі ойын нәтижесі бойынша 8 блок қойған. Ал ширек финалдағы матчта Талдықорған волейболының түлегі Татьяна Никтина бір ойында 19 ұпай жинап, кездесудің үздігі атанды. Одан бөлек, Карина Денисова 15, Юлия Дымар 11 ұпай жинады.
– Дайындық жақсы. Ойыншылардың да көңіл-күйі керемет. Өз ойынымызды көрсетуге тырысамыз, – дейді команданың бапкері Марко Гршич.
Серік ҚАНТАЙ
Филиппин елінен арнайы хабарлайды