Жетісу өңірінде жыл сайын спорт нысандарының саны артып келеді. Қазіргі таңда көркем гимнастикаға арналған жаңа кешеннің құрылысы басталып, Алакөл ауданы Лепсі ауылындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Дуанаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде Жетісу облысында жеті дене шынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. Олар келесі елді мекендерде орналасқан:
-
Ақсу ауданы, Жансүгіров ауылы;
-
Алакөл ауданы, Үшарал қаласы және Достық ауылы;
-
Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылы;
-
Көксу ауданы, Балпық би ауылы;
-
Панфилов ауданы, Жаркент қаласы;
-
Текелі қаласы.
2025 жылға арналған жергілікті бюджеттен үш спорттық нысанның құрылысына 1,3 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта Алакөл ауданы Лепсі ауылында 160 орынды дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен жатақхана салынып жатыр. Сонымен қатар, Қаратал ауданы Кәлпе ауылында инвестор есебінен блокты-модульді үстел теннисі кешенінің құрылысы басталған.
Болашақта Қаратал ауданының Алмалы ауылы, Кербұлақ ауданының Қарашоқы және Сарыбастау ауылдары, сондай-ақ Көксу ауданының Талапты ауылында блокты-модульді спорт кешендерін салу жоспарлануда.
2023 жылы облыста 18 жаңа спорт нысаны қолданысқа берілді. Оның 14-і жергілікті бюджет есебінен, 4-еуі инвесторлар қаражатына салынған. Атап айтқанда, жергілікті бюджеттен қаржыландырылған 8 блокты-модульді кешен Қаратал ауданының Көпбірлік, Тастөбе, Ескелді, Жаңаталап ауылдарында, Кербұлақ ауданының Қызылжар ауылында, Ескелді ауданындағы Шымыр, Елтай, Жетісу ауылдарында орналасқан. Сонымен қатар, Талдықорған қаласында инвесторлар көмегімен спортшыларға арналған 40 орынды тұрғын үй және үстел теннисі орталығы бой көтерді.
Қали Асқар