Қазақтың ат жарыстырып, арасынан үздікті анықтауы қанында бар. Атадан балаға жалғасатын ұлы қасиет. Жылқы танып, сырын ұққан ұрпақтың ұтылмасы анық. «Ұлы Дала жорығы» марафон-бәйгесі осы бір ұғымды асқақтатып тастағандай. Әр өңірден жиналған шабандоздар 14 күн бойы жылқы жарыстырып, командалық есеп бойынша жеңімпазды анықтады. Сөреден мәреге дейінгі қашықтықты жалпы уақыт бойынша ұтқан Жетісу облысының құрамасы үздік шықты.
Былтыр елімізде алғаш рет ұйымдастырылған марафон-бәйге 12 күнге созылған. Ол кезде Маңғыстау өңірінен қатысқан «Көкмойнақ» командасы жеңімпаз болып, «Жетісу» ұжымы 2-орын алған еді. Биыл қатарластарынан қара үзіп шыққан Рүстем Досжанов бастаған жетісулықтар 14 күннің қорытындысы бойынша 93 сағат 47 минут 43 секундта келді. Одан кейін Ақтөбе облысы (95 сағат 06 минут 37 секунд), Алматы қаласы (104 сағат 23 минут 57 секунд) және Абай облысының (112 сағат 12 минут 46 секунд) шабандоздары мәре сызығын кесті. «Amanat» партиясының қолдауымен, «Sport qory» туризм индустриясы мен спортты қолдау қорының серіктес болуымен ұйымдастырылған жорық 6 қыркүйекте Қаражар ауылынан басталып, 19 қыркүйекте Түркістанда аяқталды. Шабандоздар Ақмола, Қарағанды, Ұлытау және Түркістан облыстары арқылы 1300 шақырымды бағындырды.
Жеңімпаз болған жетісулықтар 18 000 000 теңгені, ереже бойынша екінші келген ақтөбеліктер 16 000 000 теңгені, үштікті түйіндеген алматылықтар 9 000 000 теңгені алды. Төрешілер шешімімен мәреден төртінші болып өткен Абай облысының командасына 5 000 000 теңге берілетін болды.
Марапаттауда сөз алған «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек:
«Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге ерекше көңіл бөліп отыр. «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі осы бағытта атқарылып жатқан ауқымды шараның бірі. Бұл – ел мерейін асырған, рухымызды көтерген дүбірлі дода болды» деді.
Алтын кубокпен Жетісуға оралған жерлестерін көксулықтар Балпық би ауылындағы Мәдениет үйінің алдында салтанатты түрде күтіп алды. Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаев сөз сөйлеп, шабандоздардың еңбектері үшін алғыс білдіре келіп, арнайы сый-сияпат табыстады. Ат жаратып, жарыс жолына шыққан шабандоздар келесі доданың мәресінен алғашқы болып көріну үшін бүгіннен еңбектенбек.
Қали АСҚАР