Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Германияның Весбаден қаласында өтіп жатқан ITF W100 турнирінде жұптық сында екі жеңіске қол жеткізді.
Латвиялық әріптесі Дарья Семенистаямен бірге ол алдымен Ұлыбританиялық Джоди Беррейдж – Эден Силва жұбын 7:6 (7:3), 6:7 (1:7), 10:8 есебімен тізе бүктірді. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бұл тартысты матчтың соңында жеңіс Құламбаева – Семенистая дуэтінің еншісінде кетті.
Ширек финалда қазақстандық-латвиялық жұп жарыстың бірінші нөмірлі қатысушылары – норвегиялық Ульрикке Эйкери мен жапониялық Эри Ходзумиді 6:3, 1:6, 10:7 есебімен ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Келесі қарсыластары кейінірек анықталмақ.
Сонымен қатар, Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Анна Данилина ресейлік Ирина Хромачевамен бірге Испанияның Вик қаласындағы челленджер турнирінің ширек финалында жапониялық Сюко Аояма мен америкалық Сабрина Сантамарияны 6:3, 6:4 есебімен жеңді. Алайда жартылай финалда канадалық Бьянка Андрееску – индонезиялық Алдила Сутджиади дуэтінен 6:7 (4:7), 6:4, 5:10 есебімен жеңіліп қалды.
Ал жекелей сында өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық, әлемдік рейтингте 258-орында тұрған Денис Евсеев Португалияның Эшторил қаласында өткен челленджер турнирінің екінші айналымында сербиялық Миомир Кецмановичке 1:6, 6:3, 5:7 есебімен жол берді. Айта кетейік, қарсыласы әлемнің 47-ракеткасы саналады.
«Жетісу-Ақпарат»
Фото: instagram/kulambayevaa