Соңғы қоңырау сыңғыры

Уақыты: 29.05.2017
Оқылды: 2628
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындатып, ойы мен бойын толыстырған тағы бір оқу жылы аяқталды. Осыған орай облысымыздың барлық мектебінде соңғы қоңырау салтанатты жағдайда соғылды. Ол төменгі сынып оқушыларын жайдары жаз бен қызықты демалысқа шақырса, мектеп бітіруші түлектер үшін балалықпен қоштасып, жаңа өмірге қадам басатын кездің келіп жеткенін еске салды.

Облысымыздың орта білім шаңырақтарынан 14 мыңнан аса түлек қанаттанып ұшты. Олармен алтын ұя мектебі, он бір жыл оқытып, білім мен тәрбие берген ұстаздары қимастықпен қоштасты. Сондай бір көңіл толқытар шара Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын № 20 арнаулы лицейде өтті.  
Аталмыш білім шаңырағын биыл 50 түлек тамамдап отыр. Олардың бәрі де білім жолында бірталай биікті бағындырған дарынды, үлгілі шәкірттер. Осынау алтын ұя мектебінен ұшқалы отырған түлектер мен оқу жылын артқа тастап, сыныптан сыныпқа қадам басқан оқушыларды, оларға білім дарытқан ұстаздар мен тәлімді тәрбие берген ата-аналарды облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы құттықтады.
– Құрметті ұстаздар, оқушылар, жас түлектер! Баршаңызды бүгінгі салтанатты соңғы қоңырау мерекесімен және лицейдің 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздікпен құрдас мектептің бүгінгі жетістігі де зор. Мұнда үш тілде білім алып жатқан жастардың болашағы да жарқын. Қай елде, қай жерде білім аламын десе де барлық мүмкіндік қарастырылған. Ол үшін Елбасы барлық жағдайды жасауда. Мектеп бітіруші түлектер сендерге айтарым, өмірде қандай қиындық кездессе де қаймықпаңдар, батыл болыңдар, алдарыңа мақсат қойып, соған жеткенше талмаңдар. Қай істе де әділ болыңдар. Ең бастысы, түлеп ұшқан мектептеріңді, ұстаздарыңды ұмытпаңдар. Ата-аналарыңның үміттерін ақтап, оларға қорған болыңдар. Алдағы жолдарың тек жарқын болсын, – деді. 
Бүгінде ширек ғасырлық мерейтойын атап өтіп отырған лицей – облысымыздағы мақтаулы оқу ошағының бірі. Осы уақыт аралығында  1300 түлекті алтын ұя қабырғасынан ұшырса, оның 58-і «Алтын белгі», 70-і «Үздік аттестат» иегері болған. 340 оқушы халықаралық және републикалық олимпиадалардың жеңімпазы атанған. Өткен жылы мектеп бітіруші түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуде 106,6 орта балл көрсеткішімен облысымызда екінші орыннан көрінген. Бүгінде мектеп бітіріп отырған 50 түлектің 6-уы «Алтын белгіден», 4-еуі «Үздік аттестаттан» үміткер. Салтанатты шара барысында лицей директоры Сәлима Мамлеева білім ошағының осынау жетістіктерін атап өтіп,  мектеп бітіруші түлектерге сәтті сапар тіледі.
Түлектерді мектеп оқушылары да қимай шығарып салып, 5-сынып жеткіншектері ән-биін тарту етсе, 10-сынып оқушылары «Тәуекел түбі – желқайық» демекші, «Арман» кемесін сыйға тартты. Ал мектеп бітірушілер оларға лайықты ізбасар болсын деген ниетте «Жетістік кубогын» тапсырды.
Жүректері лүпіл қағып, білім ордасымен қимастықпен қоштасқан түлектер ұстаздарына арнаған әндерін толқи орындады. Олар үшін соңғы қоңырауды «Алтын белгіге» үміткер Асылжан Балатұрсынов пен озат оқушы Алуа Чембекова күмбірлете соғып, мектеппен қоштасар сәттің келгенін жеткізді. 
Жас түлектердің сынып жетекшілері Тұрдыгүл Жұмаділова мен «Жылдың үздік мұғалімі – 2011» атанған ұстаз Гүлмира Жуаспаева да көңілдері толқи, шәкірттерін жарқын болашаққа қимастық сезіммен шығарып салды.

Алма ЕСЕНБАЕВА