Мемлекет уығы

Уақыты: 30.05.2017
Оқылды: 1568
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Отбасы – тәрбие діңгегі, мемлекетіміздің алтын қазығы. Еліміздің болашағын құрайтын әрбір жас отбасынан өнеге алып, түлеп ұшады. Берекесі мен ынтымағы жарасқан шаңырақта тәрбиеленіп өскен ұл-қыздан күтеріміз де мол. Сондықтан да мемлекет үшін отбасының маңызы ерекше. Осыны алға тартқан Елбасы отбасылық құндылықтарды насихаттауға айрықша мән беруде.  Бұл мақсатта биыл төртінші жыл қатарынан еліміз көлемінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіліп келеді. Тағылымды шара облысымызда да өз деңгейінде ұйымдастырылып, оған 290 отбасы қатысты. Олардың ішінде үздік деп танылған 38 отбасы облыс­тық байқау­ға жолдама алды. І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында жеңімпаздарды марапаттау шарасы өтті.

Үлгілі отбасыларын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтап, облыс басшысының ізгі тілегін жеткізді. 
– Бүгін өз мәресіне жетіп отырған «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі құтты болсын! Ел іргесінің берік ұстыны саналар әрбір шаңыраққа береке-бірлік, бақыт пен шаттық тілеймін! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып отырған байқаудың мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, тату-тәтті, тәрбиелі шаңырақ мүшелерін көпшілікке таныстыру. Ел ішінде ауылдастарының құрметіне бөленген, ардақты, берекелі әулеттер, өнегесі мол отбасылар баршылық. Сондықтан жыл өткен сайын «Мерейлі отбасы» байқауының мәні артып, қатысқысы келетіндердің қатары ұлғайып келеді. Мерейлі отбасыларды үлгі-өнеге ету арқылы өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелей аламыз. Бүгінгі байқау жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын! – дей келе Жақсылық Мұқашұлы байқауға көпбалалы отбасылар, әртүрлі кәсіп иелері – ауылшаруа­шылығы саласының мамандары, ұстаздар, дәрігерлер, мәдениет, өнер өкілдері, спортшылар, құқық қорғау саласының қыз­меткерлері қатысқанын атап өтіп, қатысушылар арасында жас отбасылардың саны артып келе жатқанын да қуанышпен жеткізді. Бұдан соң жеңімпаз отбасыларын марапаттады.  
Қазылар алқасының ше­шімімен бірінші дәрежелі дип­ломды Жамбыл ауданынан Жарасовтар, Ұйғыр ауданынан Көжекбаевтар отбасы иеленді. Оларға бір миллион теңге ақшалай сый табыс етілді.
Жарасовтар отбасының отағасы Мақсымжан Балтабайұлының еңбегінің жемісі мен жеңісі ретінде осы уақытқа дейін отырғызылған 1 миллионнан астам түп ағашты айтуға болады. Атқарған еңбегі еленіп, Елбасының Жарлығы бойынша “Құрмет” орденімен марапатталып, “Экология саласының үздігі” атағы берілген. Әкенің ұстаздық жолын қуған  қыздары – Гүлжан мен Ақмарал оқу ісінің үздіктері. Мақсымжан Балтабайұлы бүгінде 8 баланы тәрбиелеп, 40 немере мен 21 шөберенің шаттығына бөленіп отырған әке. 
Көжекбаевтар отбасының тірегі  Күрішбек қария да ел экономикасын көтеруге, білім саласын дамытуға өзінің сүбелі үлесін қосқан жан. Еңбекте жеткен жетістіктері үшін ҚР Білім және ғылым министрінің, облыстық білім басқармасының, облыс, аудан әкімдерінің марапаттарына ие болған. Елі сүйген майдангер ауданның, облыстың «Құрметті азаматы» атанды. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолынан 2015 жылы Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай «Құрмет» орденімен марапатталды. Бүгінде 105 жасқа толған  ақсақал отбасында 4 перзент тәрбиелеп, балаларынан  тараған ұрпақтан 25 немере, 30 шөбере, 15 шөпшек көріп отыр. 
Байқаудың екінші дәрежелі дипломын нарықтық салада өз орнын тапқан Ұйғыр ауданынан Хамраевтар әулеті, Талдықорған қаласынан суретшілік, мүсіншілік өнерді тұғыр еткен Серікқали Мырзатаевтың отбасы, Ескелді ауданынан ауылшаруашылық саласында еңбек ететін Тайжановтар жанұясы иеленді.  Бұл отбасыларға 300 мың теңге қаржылай сый тапсырылды.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының үшінші дәрежелі дипломымен Алакөл ауданынан Қожабековтар, Еңбекшіқазақ ауданынан Қартбаевтар, Қарасай ауданынан Жанғұттылар отбасы марапатталып, 250 мың теңгелік сертификатты иеленді. 
Марапаттау салтанатында сөз алған ғасырдан астам ғұмыр кешкен Күрішбек Көжекбаев қария: «Елбасына барлық істе қолдау көрсетіңдер, көпұлтты мемлекетте барша халық жұмыла ынтымақпен еңбек етіңдер, аналарыңды қадірлеп, сыйлаңдар» деген өсиетін жеткізді. 
Шара соңы Сүйінбай атындағы облыстық филармония әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты. 
Байқаудың бірінші орын жеңімпаздары Елордада өтетін республикалық сында бақ сынап, облысымыздың намысын қорғайтын болады. Онда жеңімпаздар СМС-хабарламалар және интернет-ресурс арқылы интерактивті дауыс беру жолымен іріктелетіндіктен облыс тұрғындарын Көжекбаевтар және Жарасовтар отбасыларына дауыс беріп, қолдау көрсетуге шақырамыз.

Алма Есенбаева