Әлем назарын аударған ЭКСПО

Уақыты: 05.06.2017
Оқылды: 1612
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күллі дүниенің назарын аударып, әлем жұртшылығының 
қызығушылығын оятқан халықаралық «ЭКСПО – 2017» 
көрмесіне дайындық шараларымен көпшіліктің танысқысы келетіні анық. Осыған орай «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат беріп, көкейлерді тербеген сауалдардың түйінін тарқатты.

 

«Хабар 24» телеарнасы:
– Ахметжан Смағұлұлы, осы жұмысты енді бастаған сәтте сіз оптимист ретінде танылдыңыз. Өйткені, топ-менеджментті оңтайландырып, қосымша инвестициялар тартуды және туристік әлеуетті дамытуды жоспарлаған едіңіз. Қазіргідей «ЭКСПО – 2017» көрмесінің басталуына санаулы күн қалған кезде нені іске асыра алдық, неге қол жеткіздік? Мүмкін іске асырылмай қалған ойларыңыз бар ма? Солар жайында айта кетсеңіз?

– Президент мені ұлттық компанияның басшысы етіп тағайындағаннан кейін екінші күні, дәлірек айтқанда, былтырғы 13 тамызда құрылыс алаңына келіп, алғаш BI-Group компаниясы салып жатқан «C1» аталатын павильонды көргенім есімде. Шынын айтқанда, бұл жерде нысанның қабырғалары мен өндірістік кесте орнатылған бетонды тақташадан өзге ешқандай үй-жай болған емес. Сол кезде бойымды оптимизмге толы сезім кернеп тұрды деп айта алмас едім. Алда үлкен жұмыс тұрды. Ең алдымен, ұлттық компанияның департаменттерімен, оның құрылымымен, іске асырылуы тиіс жұмыстың көлемімен танысу қажет болды. Уақыт тығыз, жұмыс көп еді. Ә деп бастағаннан кейін біртіндеп оптимизм де пайда бола бастады.  Соған орай бір айдан соң берген сұхбаттың барысында шынымен оптимизмге толы ойлар айтқан едім. Себебі, алға жүруден өзге амалымыз болмады. Айналадағы скептиктер мен күдікшіл адамдардың көптігіне қарамастан жұмысты жаңадан бастап кеттік.
Кез келген құрылыстың ең алдымен жобалау-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) дайындалып, сосын ол сараптамадан өткізіледі. Сол арқылы құрылыс басталады. Біздің жағдайда уақыт өте тығыз еді. Алғашқы ЖСҚ былтыр қараша айында ғана дайын болды. Дәл қазір қолымызда барлық нысанға арналған және толық сараптамадан өткен 26 ЖСҚ бар. Сөйтіп, қысқа уақыттың ішінде үлкен жұмыс жасауға тырыстық, тіпті, көбірек ақша жасағысы келетін мердігерлермен жатпай-тұрмай күрестік. Сол арқылы арадағы келіспеушілікті табысты шешіп, 2014 жылы әзірленген ТО-да көрсетілген қызметтің құнынан 300 миллиард теңгені үнемдей алдық. Содан бері ауыр да тынымсыз 1 жарым жыл өте шығыпты. Осы кезең ішінде иықтаса жұмыс істеген жобалаушылардың, инженерлердің, сәулетшілердің жұмысына, әсіресе, жұмыстың ауырын атқарған құрылысшыларға алғыс айтқым келеді. Бораны ұлып, қары бораған қысқа, азынаған көктемгі желге қарамастан бәріміз үйлесімді жұмыс атқардық. Бүгінгі күні нысандардың құрылысы толық аяқталды. Енді көрме кешенінің аумағында сәулеттендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Россия 24» телеарнасы:
– Қайырлы күн, мен Бүкілресейлік мемлекеттік телерадиокомпанияның, яғни, «Россия», «Россия 24» телеарналарының өкілі болғандықтан біздің телерадиокомпанияның осы күнге дейін жұмыстың қалай жүріп жатқанын асқан қызығушылықпен бақылағанын айта кеткім келеді. Сонда байқағаным, атқарылған жұмыстың бәрі де уақыттан озу үшін және ауа райының қолайсыздықтарын жеңу үшін жасалып жатқандай көрінді. Көрменің ашылуына санаулы уақыт қалғанда тынымсыз еңбектің нәтижесінің де жақындағанын сезіп отырмыз. Қояйын деген сұрағым мынау еді: әдетте Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясын жалғастыратын жолдар стратегиялық байланыстар мен қарым-қатынастарға негізделеді. Одан бөлек, экономикасында шикізат пайызының басымдығы бар екі ел де мұнай өндіруді басты бағыт етіп алған. Ал, ЭКСПО көрмесінің ұраны – жаңа технологиялар мен баламалы қуат көзінің жаңа үлгілерін табу. Сондықтан Қазақстан мен Ресей экономикалары болашақта өзгере ме? Ол кезде шикізат өндіру қазіргіге қарағанда, қаншалықты басым болады? Осы сұрақтарға қатысты болжамыңызды естігім келеді.

– Болашақ тұжырымдамасы өте ауқымды. Яғни, бұл – болашақ. Егер қысқа мерзім туралы айтар болсақ, көршілес, ниеттес, тілектес екі ел экономикасының күрт өзгеруі екіталай. Әрине, ұзақ мерзімді келешекке көз тастап, алысты болжауға тиіспіз. Осы тұрғыдан алғанда, экономиканың өзгеретіні сөзсіз. Мысалы, 90-шы жылдары мен Премьер-Министрдің орынбасары болып, сол тұстағы энергетика мәселелеріне жетекшілік еттім. Қазіргі таңда табысты жұмыс істеп жатқан «Өнімді бөлісу туралы» келісімді осыдан 20 жыл бұрын Вашингтонда Қазақстан, Ресей және АҚШ басшыларының қатысуымен болған кездесуде мұнай компанияларымен жасасуға қатысқанымды мақтан тұтамын. Ол кезде жасыл энергия мен баламалы қуат көздері туралы ой мүлде болған жоқ. Шынымды айтсам, мен бұл тақырыпты жұмысқа кіріскен кезде ғана қарастыра бастадым. Көпшіліктің жағдайы осындай. Өйткені, адам өзі тікелей айналыспайынша жасыл энергияны молынан қолданудың экономиканың өзгеруіне апаратынын мүлде елестете алмайды. Тіпті, Президент ұсынған «Болашақ энергия» тақырыбының маңыздылығын енді түсінгендейміз. Қазір шикізат өндіруші елдердегі мұнай бағасының құбылмалығы анық байқалуда. Мәселен, күн өткен сайын бірде жоғары, бірде төмен, кейде тұрақталып, қайтадан өзгерген мұнай құны адамды әрі-сәрі күйге түсіріп, рубль мен теңгенің бағамы өзгеріп жатады. Ал, ұлттық валюта құнының өзгерісі әрбір азаматқа әсерін тигізеді. Сондықтан дүниежүзі мемлекеттері тұрақтылыққа қадам жасап, баламалы қуат көзін қолдану шараларын ойластыруда.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары мұнай-газ саласында болған дағдарыстан құтылу үшін француздар атомды энергия көздерін қолдануға шешім шығарды. Бүгін энергиясының 72%-ы атомдық электростансыларда өндірілетін Франция артық энергияны көршілес мемлекеттерге жөнелтіп, энергия көлемі бойынша әлемде екінші, үлесі бойынша бірінші орын алады. Астанада өтуі тиіс «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арналған экспонаттармен танысқан сайын тақырыпқа қатысты мәліметтер кеңінен ашылады. Мәселен, Германия 30 сәуір және 1 мамыр аралығында баламалы қуат көзінен 85% электр қуатын өндірсе, Голландиядағы жел энергиясымен жүретін пойыздар көрсеткіші былтыр 75%-ға, биыл 100%-ға жетті. Жалпы көлеммен қарастыратын болсақ, баламалы қуат көзін қолдану мүмкіндігі өте жоғары мемлекеттер бар. Дегенмен, кей елдер энергияны тек негізгі бағыттар бойынша қолданып, көбіне дәстүрлі қуат көздерінен бас тартпай отыр. Алайда, қоры таусылғанда немесе қандай да бір ауытқу жағдайында мұнай өндіру мен оны экспорттау тиімсіз екенін түсінуіміз керектігін Президентіміз бірнеше рет атап өтті.
Осы тұрғыдан алғанда біздің «Болашақ энергиясы» деген тақырыбымызға тек алпауыт мемлекеттер ғана емес, дамушы елдер де қызығушылық танытып отыр. Мұндай тақырып Халықаралық көрмелер бюросының тарихында бірінші рет өткелі тұр. Осылайша әлемдік энергия дағдарысын шешетін жолдарды іздеуге қажетті алаң ұсынбақшымыз. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысу үшін былтыр 30 мемлекет өтініш білдірсе, биыл көрмеге 115 мемлекет қатысатындығын жеткізді. Осыған орай күнделікті әрбір павильон өкілдерімен болашақ энергиясы тақырыбында баспасөз мәслихаттары өткізіледі. Осылайша әлемдік мемлекеттердің өкілдері үлкен жұмыс атқарып, оның әлеуетін ЭКСПО алаңында айтарлықтай қылып көрсетуге дайындалуда. Жалпы ЭКСПО осы саланың кәсіби және білікті мамандарын, қарапайым азаматтарды, әсіресе жастарды баламалы қуат көздерін қолдану мен енгізудің технологияларын меңгеруге итермелейді. «Болашақ Энергия» телебайқауын өткізгенде бір айдан қысқа мерзім ішінде 200-ден астам нақты өтініштің келіп түсуі таңғалдырды және солардың ішінде көптеген жоба патенттелді. Президентіміздің көрегендігімен қолға алынған осы жұмыстардың бәрі баламалы қуат саласының дамуына ғана емес, жалпы мемлекеттегі технологияның дамуына серпін болады.

«CCTV» телеарнасы:
– Менің екі сұрағым бар. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі, біріншіден, әлемдегі ең ауқымды көрме екендігі, екіншіден, қатысушы мемлекеттерге мүмкіндік ұсынатын үлкен нарық болатындығы белгілі. Басқалардың ішінен ең үлкені саналатын Қытай павильонын сіз қалай бағалайсыз? Бұл, бір. Екінші сұрақ, Астанада өтетін көрме Қытай және Қазақстан арасындағы қарым-қатынасқа әсер ете ме?

– Біріншіден, Қытай Халық Республикасының «ЭКСПО –2017» халықаралық көрмесіне қатысуға үлкен белсенділікпен кіріскендігін атап өтейін. Расында ҚХР павильоны көрмедегі ең үлкен павильон. Соған қарамастан Қытай тарапы павильонды жабдықтау жұмыстарына алғашқы болып кірісіп, ең алдымен бітірушілердің бірі боларына сенемін. Бірнеше рет аралап көріп, павильон көлемінің шынында ауқымды екендігіне куә болдым. Әлемде халқының саны бойынша бірінші орында тұрған Қытай елінің экономикасы орасан, энергия ресурстарын молынан өндіріп, қолданатындықтан импорт көлемі де ерекше. Қазақстан да Қытайға мұнай мен газды экспорттайды, сондықтан Қытайда баламалы қуат көздерін табу, өндіру жұмыстарының қарқыны зор. Тіпті, баламалы қуат көздерін өндіруге 2,5 триллион юань салу бұрын-соңды болмаған. Баламалы қуат өндіруде Қытай әлем бойынша бірінші орынды алады. Сондықтан, өз жетістіктерін көрсетуге деген ынтасын түсінуге болады. Қытай павильонының мазмұны да ерекше. Сонымен қатар, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Саммиті өтетіндіктен оған мүше мемлекеттердің басшылары көрме кешеніне келеді. Соған дайындалудамыз. Одан бөлек, көрменің салтанатты ашылуы павильон басшыларына, Комиссарына үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Қытайдың павильонының табысты боларына күмәнім жоқ.
    
«Zakon.kz» порталы:
    – ЭКСПО жұмысына кіріскелі сіз бас менеджерлер санын екі есеге қысқарттыңыз. Бұл «ЭКСПО – 2017» дайындығы мен сапасына әсерін тигізбей ме?

– Ұлттық компания құрылымымен танысқан соң оны оңтайландыруды, жұмысқа айтарлықтай қабілетті етуді жөн көрдім. Мәселен, негізгі жұмысты орындайтын «жұмыс алаңы» саналатын департаменттерде тоғыз басқарушы директор отырыпты. Соған орай басқарушы директор санын үш адамға дейін қысқарттық. Тіпті бір департаментте екі директор болған. Яғни, біз құрылымды кей жерлерін қысқарта отырып, оңтайландырдық, осылайша шешім қабылдау жеделдігін арттырдық. Департамент директоры шешім қабылдап, сол шешімдердің орындалуына жауапты. Біздің негізгі міндетіміз қажеті жоқ саланы қысқарту болды, нәтижесінде ақша үнемдеп қана қоймай, сонымен қатар, құрылымды қайта қарастырып, әрбір жұмысшының атқарар міндетін анықтадық. Ең бастысы, нәтижелі топ құралды. Қыркүйек айының басында оңтайландырылған құрылым кейін қайта өзгерген жоқ. Әрине, біреу кетіп, біреу қалды. Алайда жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Елбасымыздың жан-жақты қолдауының арқасында 6 жыл істелетін жұмысты 21 айдың ішінде бітірдік. Уақыт болса кетіп жатыр, басқа амалымыз болмады. Оның үстіне құрылыстың сапасын жоғары деңгейде жасау керек еді. Сонымен қатар, әрбір нысанға қойылған бағалы жабдықтардың дұрыс жұмыс істеп тұруы шарт болды. Сондықтан ұлттық компанияның ішінде бас мердігер, жобалаушылар, сәулетшілер және басқа да қызметтер арасында тиімді қарым-қатынас механизмін орнаттық. Одан бөлек, қалалық қызметтермен, әкімдікпен жақсы қарым-қатынастамыз және олармен күнделікті бірлескен іс-шаралар өткіземіз. ЭКСПО – тек құрылыс нысандарын тұрғызу ғана емес, оған келетін қонақтарды күтудің дайындығы, қызмет көрсету сапасы мен деңгейінің жоғарылығы. Осы тұрғыдан түсінісе және ұйымдаса жұмыс істеу үлгісін қалыптастырдық.

«Vlast.kz» порталы:
– Екі жыл бұрын көрмеге қатысуға тек 50 мемлекет өтініш білдірсе, қазір олардың қатары 115 мемлекетке жетіпті. Арнайы көрменің әмбебап көрмелерден бөлек болатындығы белгілі. Соған қарамастан мемлекеттер Қазақстан ұсынатын  дайын павильонға келуі тиіс. Дегенмен, біз ұсынған павильонды азсынып, қымбат павильонды алғысы келіп саудаласқан немесе талабының орындалмауына байланысты халықаралық көрмеге қатысудан бас тартқан мемлекеттер болды ма? Мұндай жағдайда келіссөздер қалай жүргізілді?

– Біріншіден, шарды қоршап орналасқан халықаралық павильондардың бәрі бір стандартпен тұрғызылды, тек шаршы метрінде ғана айырмашылық болуы мүмкін. Сондықтан біз негізгі сұрақ ретінде: «Мемлекеттің павильоны қанша шаршы көлемді алады?» деген сауал жолдаймыз. Бізде С1, С2, С3, С4 сынды 4 блок бар. Оның барлық бөлігі де негізгі нысан «Нұр Әлемнен» бірдей қашықтықта орналасқан. Осы тұрғыда мемлекеттермен жақсы жұмыс атқаруға Халықаралық көрме бюросының үлкен көмегі тиді. Халықаралық мемлекеттер мен ұйымдастырушы мемлекет, яғни, Қазақстан және өзге мемлекеттер арасында туындаған сұрақтар талқыланған екі жиналыс өткізілді. Соның арқасында түйткілді мәселелерді ортақ бітіммен шештік. Атап айтсақ, Қытай, Германия, Франция, Ресей, Жапония, Монако сияқты көптеген елдер жоспар бойынша 1 қарашадан бастап павильондарды алып жатыр. 1 қарашада халықаралық павильондар дайын болды, бірақ кей мемлекеттер түрлі себептермен ішкі құрылыс жұмыстарын кешірек бастады. Дегенмен, олардың барлығы көрменің басталуына дейін жұмыстарды аяқтайды деп үміттенеміз. Бірақ алдыңғы, Миландағы көрмеде ондаған ел павильон жұмысын көрменің салтанатты ашылуынан кейін аяқтағаны белгілі. Осындай жағдайды болдырмауымыз керек. Осы аптада Халықаралық көрмелер бюросының инспекциялық комиссиясы келіп, көрменің дайындық деңгейінің бұрын-соңды дәл осындай жоғары болмағанын мәлімдеді. Ал Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Виссенте Лоссерталлес аталған халықаралық ұйымның басшысы ретінде соңғы 25 жылдың ішіндегі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі ең үздік болатындығын атап өтті.

«Zakon.kz» порталы:
– «ЭКСПО – 2017» Қазақстан үшін қандай нақты мүмкіндіктерге жол ашады?

– Ең алдымен «ЭКСПО – 2017» мамандармен бірге қатардағы азаматтардың, әсіресе, жастардың сана-сезіміне серпін беретіндігін айтқым келеді. Онда да шығармашылық бағытта жұмыс істейтін және ойлайтын тұлғаларға қызықтар өте көп. Мысалы, үздік тәжірибелер аймағы – арнайы Халықаралық комиссия әлемдегі баламалы қуат көздері саласында ең үздік жобаларға іріктеу жүргізіп, 24 жобаны таңдап алған павильон. Көрмеге бір рет қатысу осы саладағы жаңалықтарды көруге мүмкіндік береді. Бұл шетелдік көрнекті ғалымдардан, соның ішінде, екі Нобель сыйлығының иегерінен құралған өте абыройлы комиссия. Ұсыныстардың көп болуына байланысты іріктеу жұмыстарына бірнеше ай жұмсалды. Сол себепті павильонға келу мен танысу пайдалы әрі тиімді болады деп ойлаймын. Әрине, жоғарыда атап өткенімдей экономикадағы өзгерістер бірден орын алмайды, бірақ 30 жыл бұрын атомдық энергетиканы дамытуды бастаған Францияның тасы қалай біртіндеп өрлегенін мысалға алуға болады.
Сонымен қатар, Қазатомпрос және Росатомның бірлескен павильоны атомды энергияны бейбітшілік мақсатта қолдану бойынша бірнеше керемет экспозиция ұсынады. Яғни, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, мемлекет шикізат өндіруден шығып, жаңа баламалы қуат көзіне көшуі тиіс. Сонда Астанада өтетін «Болашақ энергиясы» – «ЭКСПО-2017» көрмесі көптеген жаңа ойларға серпін береді деп сенемін.
«Vlast.kz» порталы:
    – Дүниежүзінде ауқымды іс-шаралардан кейін инфрақұрылымды нысандар қараусыз қалып жатады. Мысалға Риодағы Олимпиададан кейінгі жағдайды айтсақ жеткілікті. Астанада неліктен бұл жағдай орын алмайды деп ойлайсыз?

– Біріншіден, күрделі қаржы салу туралы. Барлық экспонаттар мен павильондарда, оның ішінде біздің қазақстандық павильон да бар, мемлекеттер өздері құрып, қайта жинаған миландық көрмеден айырмашылық бар. Бұл жерде, өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, нысандардың құрылысы күрделі болды. Көптеген нысандар көрме біткеннен кейін де жұмыс істей береді. Мысалы, Шар Болашақ музейіне айналады. Себебі, онда соңғы жаңалықтар жиналған және энергия тақырыбын, ғарыш, күн, жел энергиясынан бастап кинетикалық энергияны да толық қамтыған. Осының бәрі, үздік құрылымдар, тақырыптық павильондар көрменің жалғасы ретінде қалады. Ең алдымен, көптеген нысандар жұмысын жалғастырып, қазақстандықтар мен қонақтар үшін әсерлі орын болып есте қалады.
Бос халықаралық павильондарға «Астана» халықаралық қаржылық орталығы орналасады. Сонымен қатар, БҰҰ қамқорлығымен жасыл энергия халықаралық орталығы құрылады. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы кезінде президентіміздің айтуымен қолға алған бастама. Одан бөлек IT-стартаптар ашылады. Жалпы, қазірдің өзінде көрме аумағын қолдануға байланысты жиырмадан астам ұсыныс келіп түсті. Соған қарап, ұсыныстар санының бос аудандар аумағына қарағанда көптігін білуге болады. Нысандардың бәріне де сұраныс көп. Мысалы, қазір әлемде кеңінен танымал Job World атты білім беру орталығын ашу туралы ұсыныс қарастырылуда. Біз Корея тәжірибесіне сүйендік. Өйткені, мектеп жасына дейінгі балалар және 24 жасқа толмаған жастарға арналған орталықтар көптеген дамушы елдерде ашылып жатқанына қарамастан Корея бұл бағытта үздік саналады. Мектеп жасына дейінгі балалар осы орталықтарға барып, жұмыс, мамандық деген ұғымдармен танысып, кейін өзіне дұрыс мамандық таңдай алады. Осы мақсатта көптеген мүмкіндіктер беріледі. Оны павильондар негізінде құрауға болады. Оған барған бала қаршадайынан өрт сөндіруші, дәрігер, құрылысшы, аспаз сепкілді мамандықтармен танысып, олардың ерекшелігін өз көзімен көріп, таңдай алады. Яғни, ата-ананың жақсы төлемақысымен заңгер мамандығына оқытылады. Кейін оқуды бітірген соң мамандықты ұнатпайды деген болмайды. Бұл жағдай барлығымызға мәлім. Орталықта балалар қызығушылығына, қабілетіне қарай іріктеледі, кейін санасы толысқанда керекті мамандығын таңдайды. Бұл мемлекеттік білім беру орталығы. Оған демеуші болғысы келетіндер өте көп. Демеушілер болса 20-24 жас аралығындағы жастардың арасынан жұмыскер таңдай алады. Осындай жоспар бар. Бір сөзбен айтқанда ұсыныстар саны бос алаңдарға қарағанда көп. Бізді сол қуантады.

    «Zakon.kz» порталы:
– Кейбір жағымсыз оқиғалардан кейін «ЭКСПО» беделіне біршама нұқсан келгендей болды. Мысалы, құрылыстағы шетін оқиға, нысандардың бейнетүсірілімдері. Шелектеп төгілген беделді қасықтап қайта жинау үшін не істелуде және не істелінді?

– Басында, сыбайлас жемқорлық оқиғасынан кейін көрме беделінің біршама түскені анық. Осы жұмысқа кіріскен кезімде әлеуметтік желідегі ЭКСПО туралы жағымсыз мәліметтердің көрсеткіші 80% болды. Қазір соны біршама түсіргендей болдық. Дегенмен, адамдардың санасында қалып қойған «жаман ат» кетпейді екен. Жуырда құрылыс материалдарын әкелген жүргізуші негізсізден негізсіз: «Құрылыс материалдары жерге көмілуде» деп түсірген бейнежазбасын әлеуметтік желіге жүктеп, шу жасамақ болды. Шындығында салынып жатқан нысанның не екенін, оған қандай құрылыс материалы жұмсалатынын, қандай жол болатынын да білмеген. Тіпті, өзі әкелген материалдардың сол жолда орналасқан ғимаратты жылытуға қалай қолданылатынынан да хабарсыз. Сол үшін әлгі жігітті тауып, барлығын түсіндіріп, айттық. Өзінің дұрыс қадам жасамағанын түсініп, кешірім сұрады. Бір жарым жыл бойы осындай жағдайлар өте көп кездесті. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін де, одан кейін де мемлекеттік қызметте, басқарушы қызметте жұмыс атқардым. Көптеген жағдайды көріп, білдім, көптеген сынға куә болдым, алайда бір жарым жыл ішінде айтылған сынды бұрын-соңды басымнан кешіріп көрмеппін. Барлығына байсалды қараймын. Оның жағымдысы, әрине, аз, тіпті жоқ деуге болады. Дұрыс сыннан дұрыс шешім қабылдай алу керек. Соған орай түйткілді жағдайды шешуге тырысып, қазіргі кезеңнің өзінде құрылыс мәселесін аяқтап үлгердік. Сондықтан бұл жоба пайдасыз болды деп айта алмаймын, себебі 408 бірлестік тапсырыс алды. Олар 2 облыстың бюджетіне тең 414 млрд. теңгенің жұмысын атқарып, 55 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Мұндай жағдай бірде-бір бағдарлама аясында орын алмаған. Бұл тек жұмыс орындары. Сондықтан, дәл дағдарыс кезінде өте орынды қадам болды.
Сонымен қатар, PR саласы бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Оның нәтижесі қазір саналуда. ЭКСПО-ның арқасында біз Қазақстанды шет мемлекеттерге насихаттап, таныстырудамыз, сол үшін бірнеше ауқымды іс-шара жүргіздік. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай. Одан бөлек, біз өткізген ЭКСПО-керуені және роуд-шоу көпшіліктің назарын аударды. Соның арқасында әлемдегі 1 миллиард адамға ЭКСПО жайлы мәлімет бердік. Мемлекет ішінде де осындай іс-шаралар жүрді. Күнделікті ұлттық арналар ЭКСПО жайлы ақпарат беріп келеді. Сондықтан, осының барлығының оң нәтиже бергені анық.

    «Россия 24» телеарнасы:
– Теріс жарнама – бәрібір жарнама. Біз жұмысымыздың аясында ЭКСПО-ға деген қызығушылықтың арта түскенін байқаймыз. Себебі, телеарнамыздың әр мемлекеттің астанасында орналасқан үйлестірушілері мен орталық кеңсеміз бізді ЭКСПО жұмысына бағыттайды және біз өзімізге міндетті түрде қатысатын іс-шаралар кестесін сақтап аламыз. Осы тұрғыда осында келіп, салтанатты шараны тамашалай алатын туристерге қызығамын. Өзім көріп жүрген әуежай, жаңа вокзал, көлік жолдарын сіз атап кеткен антидағдарысты жобалардың қатарына жатқыздым. Сіздің ойыңызша осы іс-шараға туристік қызығушылық қандай болады? Ресей және Қытай секілді көрші елдерден қанша турист көрмеге келеді? Қанша мемлекетті күтесіздер?

– Бес миллион адамды, оның  15%-ы шетел қонақтары. Көбіне Ресей және Қытай елдерінің өкілдері. Өйткені, елімізге жақын көрші мемлекеттерде көптеген жұмыс атқардық. Атап айтсақ, Қазақстанмен шектесетін Ресейдің барлық аймағының губернаторларымен, аудандармен онға жуық меморандумға қол қойдық. Сонымен қатар, Санкт-Петербург, Мәскеу және басқа қалаларда роуд-шоу іс-шарасы жүргізілді. Сондықтан, көрші мемлекеттерден көп туристердің келуін күтудеміз. Қазірдің өзінде бір миллионнан астам билет саттық. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Сатып алушылар әлемнің 44 мемлекетінің азаматтары. 

«Хабар 24» телеарнасы:
– Туристер тақырыбын жалғастыра кетсек. Ахметжан Смағұлұлы, сіз өзіңіз басқарушы емес, турист ретінде қай нысандарды көрер едіңіз? Сіздің 5-Үздік «MUST HAVE» «міндетті түрде барамын» деген нысандарыңыз қандай?

– Күні кеше еліміздің мемлекеттік органдарының басшыларының бірі келді. Қауіпсіздік мәселесін қарап, көріп жүргенде, ол маған: «Барлық нысандар сіз арқылы өткен шығар?» деп сұрады. Иә, расында да солай. Олардың барлығы маған қызықты, себебі бәрін басынан құру керек болды. Сіздің сұрағыңызға жауап ретінде, ең алдымен, әрине, «Нұр Әлемді» тамашалар едім. Біріншіден, ол сәулеті мен инженерлік шешімі керемет нысан ретінде салмағы 13 мың тоннадан асатын 2 мың 824 әйнектен құралды. Әрбір әйнек 600-ден 800 келіге дейін тартады. Әйнектердің басты ерекшелігі екі тұрғыдан иілуінде жатыр. Еш бұрышсыз, сфера үлгісінде құрастырылған олар үрленген шар секілді тегіс. Бұл әйнектердің салмағы 1600 келі. National Geographic арнасы келіп, нысанға қызықты. Яғни, әлемде теңдесі жоқ нысанның диаметрі 80 метрге тең, шар астында 20 метрлік павильон орналасқан. Жалпы биіктігі – 100 метр. Бірақ, бұл, әрине, арихитектура, инженерлік көзқарастан. Ал, ішкі құрылысы мен мазмұнымен Швейцария, Италия, Германия елдерінің әлемге әйгілі фирмалары айналысады.
Өзім 3 жыл елшілік қызмет атқарған Бельгия мемлекетінде бір кездері көрме үшін «Атомиум» атты нысан құрастырылыпты. Содан бері 50 жыл өтсе де құрылыс дәл сол бастапқы қалпын сақтаған. Өте қызықты нысан, алайда соңғы 50 жыл ішінде оның іші өзгертілмей, сол қалпында сақталғаны соншалық, оған баратын туристер өте көп екен. Сондықтан, біз үшін ең басты нысан, әрине, «Нұр Әлем» болмақ. Сонымен қатар, бұл үздік тәжірибе алаңы болып отыр. Өйткені, ондағы тақырыптық павильон қуат көзі пайда болған сәттен бастап қазіргі күнге дейінгі кезеңді ашып, таныстырады. Бұл Арт орталығы. Оны француздар дайындауда, олар қойылымды 18 жылға жоспарлаған. Бірақ бірінші рет ол бізде көрсетілмекші. Бұл Дю Солей циркі. Күні кеше дайындығында болдым, олар арнайы қойылымды дайындауда, әртістердің барлық іс-қимылы қуат көзінің пайда болу тарихын сипаттайды. Одан бөлек, біздің 5 ұлттық компания және шетелдің үздік компанияларының бірлескен павильондары өздерінің дайындығын ұсынады. Халықаралық павильондар өзара әркелкі болса да бір-бірінен ерекшеленеді, кейбірі бір-біріне ұқсайды. Дегенмен, әрқайсысы өзінше қызықты. Сондықтан, бәріңізді түрлі нысандарды көруге шақырамын. Себебі, энергия холлының сәулетінің кереметтілігін, ашылу салтанаты өтетін сәулеті мен дәулеті жарасқан көпфункционалды конгресс-холл сияқты ерекше құрылысты атамағанның өзінде көретін нәрсе жеткілікті. Өз басым турист ретінде нысандардың бәріне барар едім.
Сіздермен енді тек ашылу салтанатында көрісуіміз мүмкін. Сондықтан осындағы әріптестерімнің атынан сіздерге жақсылық тілеймін. Ойға алған істеріңіздің ойдағыдай болуына, еңбектеріңіздің жемісін көруге, мемлекетіміздің биік жетістікке қол жеткізуіне тілектеспін!