Көрме ең жоғары деңгейде өтеді

Уақыты: 06.06.2017
Оқылды: 1549
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

– Ахметжан Смағұлұлы, сіз бұл жұмысқа алғаш кіріскенде оптимистік танытып, топ-менеджментті оңтайландырамын, қосымша инвестиция тартып, туристік әлеуетті күшейтемін деген едіңіз. ЭКСПО-2017 басталар кезде бұл орайдағы жоспарларыңыз қаншалықты орындалды, «осы болмай қалды-ау» дегендей өкініштеріңіз бар ма, сол жайында айта кетсеңіз.


– Президентіміз мені ұлттық компанияның басшылығына тағайындаған кезде, бұл 2016 жылдың тамызы болатын, құрылыс алаңынан бір ғана нысанды – С1 павильонын көрген едім. Шынын айтсам, мұнда өндіріс кестесі ілінген бетон плита мен қабырғалар ғана қалқайып тұрған болатын. Ол кезде менің бойымда оптимизмнің ұшқыны да бола қойған жоқ. Атқарылатын жұмыстың ұшы-қиыры көрінбейді, ең алдымен, ұлттық компанияның департаменттерінің құрылымымен, атқарылатын жұмыс көлемімен танысып, мәніне бойлауым керек, уақыт болса тіпті аз. Әйтсе де жұмыс барысында оптимизм біртіндеп пайда бола бастады, ал бір-екі ай өткеннен кейін интервью берген кезімде бәрінің ойдағыдай болатындығына толық сенімді болдым. Әрине, сенімсіздік танытқандар да көп еді. Соған қарамастан, жұмыс қарқын алды, бұл жерде бәрін жаңадан бастадық деуге болады. Соңғы кезге дейін уақытша келісімшарттық баға деген болғанымен бірде-бір жобалау-сметалық құжаттама болған жоқ. Алғашқы ЖСҚ өткен жылдың қараша айында ғана қолға тиді. Бүгінде 26 нысанның барлығының сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттамасы бар. Мердігерлермен де тиісті жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 2014 жылы жобаланған жұмыс құнынан 300 млрд. теңге үнемдеуге қол жеткізілді. Бұл 1,5 жыл өте қауырт, қарбалас болды. Астана қысының өзгеше қарлы, боранды болғандығына қарамастан көрме кешенінің аумағындағы барлық нысанның құрылысы аяқталды, қазір негізінен инсталляциялық және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.  
Қазақстан мен Ресей Федерациясының экономикалары елеулі дәрежеде мұнай өндіруге бағытталынған. Ал ЭКСПО-ның негізгі девизі – жаңа технологиялар мен жаңа энергия. Соған орай болашақта екі елдің экономикалары айтарлықтай өзгеріске түсе ме, ондағы шикізаттық құрамның басымдығы қаншалықты сақталады?


– Жақын арадағы перспектива жайына келер болсақ, елдеріміздің экономикасы шұғыл өзгеріп кете қоймайды. Дей тұрғанмен біз болашақты бүгіннен бастап ойластыруымыз керек. Бұл тұрғыдан келгенде өмірдің өзі тәрізді экономикаларымыздың да өзгеретіндігі сөзсіз. Мәселен, 90-шы жылдары мен Премьер-Министрдің орынбасары болып жүргенде энергетика мәселелерін қадағаладым. Ол кезде жаңғыртылатын энергия көздері мен  баламалы энергетика мәселелері ойымызға да кіріп шықпайтын. Көптеген қазақстандықтар, бұл қатарға ресейліктерді де қосуға болады, бұл мәселемен бетпе-бет келмейінше экономиканың жасыл энергияны қолдануға көшуі мүмкіндігін көзге елестете алмайды. Содан кейін де Президентіміздің осы мәселені алдын ала көре біліп, неліктен көрменің «Болашақтың энергиясы» тақырыбын таңдағаны айқындала түседі.
Бүгінде шикізат өндіретін мемлекеттердің мұнайға деген бағаның құбылмалығына тәуелді болып отырғаны белгілі. Рубль мен теңгенің бағамы да көп ретте мұнай бағасына қатысты қалыптасады. Содан кейін де бүкіл әлем мемлекеттері тұрақтылық жағына, нақтырақ айтатын болсақ, баламалы энергетикаға бағыт алып келе жатыр деп ойлаймын. Жетпісінші жылдары мұнай-газ секторында дағдарыс басталған кезде француздар атом энергетикасын қолға алған болатын. Бүгінде Франциядағы энергияның 72 %-ын атом электр стансылары өндіреді, ел энергияны шетелге экспорттайды, өндіріс көлемі жағынан әлемде екінші орынды иеленсе, үлесі жағынан бірінші орынға ие. Германия мен Голландия да бұл мәселеде үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Жалпы алғанда дәстүрлі қуат көздері кеңінен қолданылады. Алайда, Елбасымыз әлденеше рет атап өткендей, мұнай бір кездері бітеді немесе мұнай бағасының құлдырауы салдарынан оны өндіру мен экспорттаудың бізге тиімсіз болуы мүмкін. Соған орай әлемдік державалар ғана емес, дамушы елдердің өзі де көрмеміздің «Болашақтың энергиясы» тақырыбына мүдделі болып отыр. Халықаралық көрмелер бюросының тарихында бұл тақырып тұңғыш рет қарастырылды деуге болады. Осылайша біз энергетикалық дағдарыстан шығу мүмкіндіктерін іздестіру алаңын қалыптастыруға күш салудамыз. Өткен жылы небары 30 ел ЭКСПО–2017-ге қатысатындықтарын білдірсе, бүгінде мұндай елдердің қатары 115-ке жетіп отыр. Бұл елдердің өз жетістіктерін ЭКСПО алаңында жарқырата көрсетуге тырысатындықтары сөзсіз. Біз «Болашақтың энергиясы» телеконкурсын өткізген кезде бір айға жетер-жетпес мерзімде 200-ден астам маңызды тапсырыс түсті, олардың көпшілігі патенттелген. Мұның өзі, Президентіміздің алдын ала көріп, біліп отырғанындай, баламалы энергетиканы дамытуға ғана емес, жалпы технологияны дамытуға серпін береді. 
Санаулы күндерден кейін есігін ашатын ЭКСПО-ның әлемдегі ең үлкен көрме, екіншіден, қатысушы елдерге мүмкіндік беретін аса үлкен нарық екендігі белгілі. Солардың арасындағы ең ірі Қытай павильонына қандай баға берер едіңіз? Екіншіден, Астанадағы бұл шараның Қытай мен Қазақстанның арақатынасына ықпалы болады деп ойлайсыз ба?


– Ең алдымен, Қытайдың ЭКСПО–2017 көрмесіне қатысуға аса белсенділікпен кіріскенін атап өтуге тиіспін. Олар павильонды айшықтау жұмыстарына алғашқылардың бірі болып кірісіп, сол алғашқылар қатарында аяқтайын деп отыр. Қытайдың экономикасы да, өндірісі де өте үлкен, тұтынатын энергоресурстары да мол. Содан кейін де Қытайдағы жаңғыртылатын энергия көздері (ЖЭК) бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға таңданбай тұра алмайсың. Аталған салаға 2,5 трлн. юань салып отырған Қытай бұл жағынан әлем бойынша бірінші орында. Көршілеріміздің көрмеде өз жетістіктерін жарқырата көрсетуге тырысатындықтары түсінікті.  Көрмеде ШЫҰ Саммиті өтеді, соған орай нысандарды Мемлекеттер басшылары тамашалайтын болады.   
– Сіз ЭКСПО-ға келісімен топ-менеджерлер санын екі есе қысқарттыңыз. Мұның өзі дайындықтың сапасы мен қарқынына кері әсер еткен жоқ па?


– Ұлттық компания құрылымының оңтайлы ғана емес, жұмысқа барынша қабілетті болуы ойластырылды. Мәселен, негізгі жұмысты атқаратын департаменттерде 9 басқарушы директор бар екен. Біз олардың санын үшке дейін қысқарттық, бұл жерде екі директор бір мезгілде департаменттер директорының міндетін атқарды. Осындай оңтайландырулардың нәтижесінде біз жұмыс тиімділігі жоғары команда құруға қол жеткізіп, 21 айдың ішінде 6 жылда атқарылуы тиіс жұмыстарды жүзеге асырдық. Сапа мәселесін де күн тәртібінен түсірген жоқпыз. Қала әкімдігімен, тиісті қызметтермен толық түсіністікте жұмыс істедік.
– Мамандандырылған көрменің әмбебап шарадан айырмашылығы – қатысушы елдер дайын павильонға келеді. «Үлкендеу, қымбаттау павильон керек еді» деп саудаласып, біз ондайды бере алмағандықтан бас тартқан, саудаласқан елдер болды ма?


– Біріншіден, халықаралық павильондар жартылай шеңбер түрінде, орталығындағы «Нұр-Әлем» нысанынан бірдей қашықтықта орналасқан. Олардың барлығы стандартты, мәселе қай елге қанша шаршы бөлінгендігінде ғана. Бізде С1, С2, С3 және  С4 тораптары бар. Жоғарыда айтқанымдай, олар біздің басты нысанымыз – «Нұр-Әлемнен» бірдей қашықтықта. Бұл орайда бізге Халықаралық көрме бюросы көп көмек көрсетті. Қазіргі кезде қатысушы елдермен ешқандай проблема туындап отырған жоқ. Өткен жылдың 1 қарашасында барлық халықаралық павильондар дайын болды, бірақ көптеген елдер бізге қатыссыз себептермен құрылыс жұмыстарын кештеу бастады. Әйтсе де олар көрме басталғанға дейін жұмыстарын аяқтайды деп үміттенеміз. Жақында бізде Халықаралық көрме бюросының инспекциялық комиссиясы болып, мұндай дайындық деңгейінің бұған дейінгі көрмелерде болмағандығын атап өтті. Аталған ұйымның бас хатшысы Виссенте Лоссерталлес біздің көрменің өзінің осы қызметті атқарған 25 жылының ішіндегі ең үздік көрме болатындығын бөліп айтты.
– Бұл жоба Қазақстан үшін қандай перспективалар ашпақ?


–Ең алдымен, ЭКСПО-2017-нің барлық замандастарымыздың, әсіресе жастардың санасына сәуле түсіретіндігі сөзсіз. Халықаралық комиссия бұл көрмеге әлемдегі ең үздік деген 24 жобаны таңдап алды. Сондықтан осы павильонға барып, танысудың өзі практикалық жағынан пайдалы болады деп ойлаймын. Осы жерде «Казатомпромның» «Росатомпроммен» бірлесе отырып атом энергетикасын бейбіт пайдалану бойынша қызықты экспозиция жасап, корпоративті павильон ұйымдастырғанын айта кеткен жөн.
– Әлем елдерінде үлкен шаралардан кейін инфрақұрылымдық нысандардың пайдаланылмай бос қалу проблемалары бар. Мәселен, Рио Олимпиадасынан кейін осындай жағдай орын алды. Неліктен Астанамен ондай жағдай қайталанбайды?
– Бұл жерге Милан көрмесіндегідей құрастырмалы нысандар емес, күрделі ғимараттар салынды. Соған орай олар көрмеден кейін де жұмыс істей беретін болады. Мәселен, «Нұр Әлем» Болашақтың музейіне айналады. 
Босаған халықаралық павильондардың екеуінің орнына халықаралық қаржы орталығы орналасады. Сонымен қатар БҰҰ аясында халықаралық жасыл энергетика орталығы, IT-стартаптары құрылады. Жалпы айтқанда, босаған орындарды болашақта пайдалану жөніндегі ұсыныстар сол босаған орындардан да көп. 
– Құрылыстағы төтенше жағдай, нысандардан жасалынған бейнетүсірілімдерден кейін ЭКСПО-ның имиджі айтарлықтай төмендеді. Оны қайта көтеру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?


– Мен осы қызметке келген кезде әлеуметтік желідегі теріс пікірлер 80 %-ды құрайтын. Бүгінде бұл көрсеткішті айтарлықтай төмендетуге қол жеткіздік. Қалай дегенмен де бұл дағдарысқа қарсы тиімді жоба болды деп айта аламын. Олай дейтінім, жұмыс барысында 408 кәсіпорын тапсырыс алып, 414 млрд. теңгенің, яғни екі облыс бюджетінің көлемінде, жұмысын атқарды, 55 мың жаңа жұмыс орыны ашылды. Бізде жүзеге асырылып жатқан бірде-бір мемлекеттік бағдарлама осыншама жұмыс орындарын ашқан емес. Қазақстанды шетелдерге жарнамалау жайы өз алдына бөлек мәселе. Бұл жұмыс ел ішінде де жүйелі жүргізілді. 
– Сіздің ойыңызша, бұл оқиғаға туристік қызығушылық деңгейі қандай болмақ? Көршілес елдерден қанша қонақ келмекші?


– Көрмені 5 миллион адам тамашалайды, оның 15%-ы шетелдік қонақтар. Көрші елдерден туристерді көптеп күтіп отырғанымыз өз-өзінен түсінікті. Бір мезгілде бүгінгі күнге дейін бір миллионнан астам билет сатқанымызды айтып өткім келеді. Сатып алушылардың қатарында 44 елдің азаматтары бар. Бұл – өте жақсы көрсеткіш!
– Ахметжан Смағұлұлы, турист ретінде өзіңіз қай экспозицияға барар едіңіз? 


– Мен үшін әр павильон қызғылықты. Сонда да болса бірінші нысан ретінде «Нұр Әлем» ғимаратын атар едім. Ең алдымен, ол инженерлік ой мен сәулеті жағынан қызғылықты. Әлемде теңдесі жоқ бұл ғимараттың диаметрі 80 метрді, жалпы биіктігі 100 метрді құрайды. Арт-орталық пен Дю-Солей циркі, басқа да қаншама таңғажайып нысандар тамашалауға тұрарлық.  
– Сізге барлық жақсылықтарды тілеп, алғыс айтамын. Осы қызметке кіріскендегі армандарыңыз орындалып, өз еңбегіңіздің, әріптестеріңіздің еңбегінің жемісін көріңіз.


– Ақ тілегіңіз үшін алғысымды білдіремін. Барлық жақсылықтарды тілеймін.

Сұхбатты жүргізген 
Ақмарал Серікқызы.