Қаратал өзені арнасының қауіпті аймақтары бекітілуде

Уақыты: 06.06.2017
Оқылды: 4000
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Балқаш көлінің жағдайын жақсартып, экологиялық ахуалын қалпына келтіру – бүгінгі күннің талабы. Сол себепті қазір көптеген іс-шара қолға алынды. Бұған Үкімет те қолдау көрсетіп, қомақты қаражат қарастыруда. Осы бағытта «Қаратал» мелиоративтік-механикаландырылған отряды» мемлекеттік коммуналдық қазыналық мекемесі тарапынан қарқынды жұмыс жүргізілуде. 

Жалпы, мехотрядтың негізгі мақсаты  – Балқаш көлінің экологиялық жүйесін қалпына келтіріп, жағдайын жақсарту. Сондай-ақ, төтенше жағдайлардың алдын алып, зардаптарын жою, облыс бойынша су қоймаларын ретке келтіріп, су арналарын тазарту, түбін тереңдету, қауіп тудыратын өзен жағалауларын бекітіп, табиғи ресурстарды сақтау. Осындай жұмыстарды жүзеге асыратын аталмыш мекеме үш жыл бұрын құрылыпты. Содан бері талай істің басын қайырып үлгерген отрядтың бүгінгі тірліктері жаман емес. 
Алғаш құрылған жылдары 12,5 шақырым арна қазылып, секундына 83 текшеметр су Балқаш көліне құятындай жағдайға жеткізілген. Соңғы екі жылда он мыңнан аса гектар жер шалшық судан құрғатылып, балық тұқымының өзен арқылы көлге аман жетіп, қалыпты тіршілік етуіне жағдай жасалған. Осындай еңбектің нәтижесінде Қаратал өзенінде соңғы жылдары балық түрі көбейіп, жағалауында аң-құстар мен жан-жануарлар көбейе бастапты. Сөйтіп, тіршілік тамырына қайта қан жүгіріп, табиғатына көз тоқтатып, тамсана қарайтындай жағдайға жеткен. Оған Қаратал ауданына арнайы іссапармен барғанда көз жеткізілді. 
Айта кетейік, Қаратал өзені Қаратал, Ескелді және Көксу аудандары аумағымен ағады. Жетісу Алатауындағы мұздықтардан басталып, Балқаш көліне құятын ірі өзендердің бірі саналады. Суының молдығы мен арнасының үлкендігі жағынан Іледен кейін екінші орында. Оның салалары терең, аңғарлары тар, ағысы қатты. Өзен таудан шыққан бетте құмды жазықпен ағады. Балқашқа жақындаған сайын аңғары кеңейіп, беткейлері көлбеулене түседі. Іле сияқты Қаратал да Балқашқа жайылып, бірнеше тарамға бөлініп барып құяды. Сондай-ақ ол көктемгі жаңбыр суынан, таудағы мұздықтар мен қардың еруінен сәуір айының аяғынан шілдеге дейін тасып жатады. Су деңгейі маусым айында қатты көтеріліп, қыс айларында күрт төмендейді. Қаратал өзенінің суы көбіне ауылшаруашылығына арналған егістіктерді суаруға пайдаланылады. 
Біз барған сәтте «Қаратал» мелиоративтік-механикаландырылған отрядының бір топ жұмысшысы Ақжар мен Байшегір елді мекендерінің аралығынан ағып өтетін Қаратал өзені жағасының қауіпті аймақтарын бекіту шаруасымен айналысып жатты. Бізді Ақжар ауылы маңынан аталмыш мекеменің басшысы Бақберген Мәдібеков күтіп алып, сол жерде жүріп жатқан шаруа жайымен таныстырды.
– Балқаш – Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы тұйық көл. Аумағы жағынан Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі үшінші орында. Оған Жетісу өзендерінің ішінде Іле, Қаратал, Ақсу және Лепсі өзендері құяды. Көл Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарымен шектеседі. Осы жерде айта кеткенді жөн санап отырмын, аталған облыстардың ішінде бүгінгі күнде Балқаш көлінің тағдырына ерекше алаңдаушылық танытып отырған Алматы облысы ғана. Осыған байланысты көлдің экологиялық жүйесін жақсарту мақсатында қажетті іс-шаралар қолға алынып, жұмыстар атқарылуда. Осыған орай, құрлық гидрологиясы, су ресурсы және гидрохимия, геоэкология бойынша география ғылымдарының кандидаты, Қазақстан қолданбалы экология агенттігінің жетекші ғылыми қызметкері Ескендір Тұрсыновпен бірге Балқаш көлін зерттеп, бақылау істерін жүргізудеміз. Осындай жұмыстардың нәтижесінде алдыңғы қатарлы дамыған шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып көлдің экологиялық жағдайын жақсарту бағытында Ескендір Абайұлы ғылыми негізде тұжырым жасайды. Сол бойынша бағдарлама әзірленіп, ұсыныс енгізіледі. Бұдан соң біз ол ұсынысты облыс басшылығына жеткіземіз. Қалай десек те әрбір табиғи экожүйені көздің қарашығындай сақтап, қорғау адамзат баласының парызы  – дейді Бақберген Баймұханбетұлы. 
Аталмыш мекеме басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Қанат Түменбаевтың сөзіне қарағанда, бүгінгі күнге дейін бульдозер, экскаватор, трактор сияқты техниканың күшімен өзеннің қауіпті жағалауларының басым бөлігі құм араласқан топырақ, ірі тастармен бекітіліп, біраз жұмыстар іске асырылыпты. Мұндай жұмыстарды жүргізу үшін қомақты қаражат қарастырылған. Осы уақытқа дейін алты жүз метрден аса жағалау бекітілген. Алда тағы осындай көлем бекітілуі тиіс. Бұл шаруа сәуір айынан басталып, маусымның ортасына дейін жалғаспақ. Оған дейін өзен арнасын тазалау жұмыстары уақытша тоқтатылады. Мұндай жұмыс өзен суының Балқаш көліне кедергісіз жетіп, құюына оң ықпалын тигізеді. Ал қазір балықтардың уылдырық шашатын кезеңі. Сол себепті оларды үркітіп алмай, тыныштық сақтап, алаңсыз көбеюлеріне жағдай жасалуы керек. Осы аралықта Қаратал өзені жағасының қауіпті деген аймақтары бекітіліп, сағалары түзетіледі. Ақауы бар техникалар жөнделіп, ретке келтіріледі. 
Мамандардың айтуынша, биыл су жылдағыға қарағанда ерекше мол. Сол себепті өзен суы арнасынан асып, жақын орналасқан ауыл-аймақтар мен автокөлік жолдарына қауіп төндірмес үшін жағалау бекіту жұмыстары жүргізіледі. Байқағанымыздай, жұмыс істеп жатқан жаңа техникалар заман талабына сай жабдықталыпты. Вагон ішінде жұмысшыларға арналған тамақтанатын және жатын орындар бар. Тоңазытқыш, газ, компьютер сияқты қажетті заттармен де қамтамасыз етіліпті. Бір сөзбен айтқанда, отрядтың алаңсыз еңбек етуіне барынша жағдай жасалғаны аңғарылып тұр. Қазіргі кезде мекемеде жиырма шақты адам еңбек етеді. Сондай-ақ, отызға тарта техникамен қамтамасыз етілген.     
Жұмыс барысымен танысқан соң іссапарымыз одан әрі жалғасты. Біз арнайы көлікпен Қаңбақты ауылдық округі аумағына, Қаратал өзенінің Балқаш көліне құяр сағасына келдік. Сол жерден қайықпен Балқаш көліне барып, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен таныстық. Мұндағы көзкөргендердің айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын Қаратал өзенінің арнасы жөнсіз өскен қамыстар мен су арқылы ағып келген әртүрлі қоқыспен толығып, кептеліс пайда болыпты. Соның салдарынан өзен суы көлге жетпей жайылып, айналасындағы Көпбірлік сияқты ауыл-аймақтарға қауіп төндірген. Әр жерде көлшіктер пайда болып, мыңдаған гектар алқап саз балшыққа айналған. Соның салдарынан ауылшаруашылығы жерлері жарамсыз күйге түсіп, айтарлықтай зиянын тигізіпті. Балықтар да қамыс арасында қырылып, олардың көбеюіне кері әсер еткен. 
Бірте-бірте түйткілді мәселелер оң шешімін тауып, Қаратал өзені өз бағытын табуда. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұрнағы жылдармен салыстырғанда жағдайы көш ілгері. Қолға алынған ілкімді істердің арқасында өзен суы Балқаш көліне емін-еркін, еш кедергісіз құйып жатыр. Мұндай істің сәтті жүзеге асуына облыс әкімі Амандық Баталовтың көп көмегі тиген. Мәселен, қазір де ерекше бақылауда. Сонда да болса атқарылуы тиіс шаруалар әлі де болса шаш етектен. Соған орай қазір аталмыш отряд жұмысшылары күн-түн демей жұмыс істеуде. Осы ретте мекеме алғаш құрылған күннен бастап білек сыбана іске кірісіп, техника тетігін жете меңгерген Қаһарман Самажан, Александр Анцлборенко, Володя Ломаев, Павел Подколзин, Михаил Алексеев, Андрей Зеленский, Василий Зеленский, Сергей Медведев сияқты жұмысшылардың есімдерін ерекше атап өткен орынды. 
 

Айгүл Байбосынова