Алаш рухы асқақтады

Уақыты: 12.06.2017
Оқылды: 1137
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алаш жұрты ерекше толқыныспен көз тіккен «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ашылу сәті де келіп жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен бірнеше мемлекеттің басшылары, көптеген қоғамдық ұйымның жетекшілері қатысқан шараның салтанаты ерекше болды. Астана көгін қалықтаған ән, көңілді күй, шуақты тілектер шоғыры баурады. 

Әлемнің әр қиырынан келген мыңдаған қонақ әуеде қалықтап өнер көрсеткен скрипкашыларды, үздік диджейлер мен MTV концертіне тәнті болды. Бір айта кетерлігі, көрменің ашылу салтанатындағы мәдени ойын-сауық бағдарламасындағы қазақстандық үлес шамамен 80%-ға жетті. Халықаралық көрме жұмысы отандық «Ұлы Дала симфониясы» шоуымен басталды. Бұл таңғажайып шоуға мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді паш ететін 600-ден астам әртіс қатысты. Арнайы шоуда Қазақстан композиторларының шығармалары қамтылған. Сондай-ақ, осы күні «Нұр Әлем» нысанында проекциялық шоу көрсетілді. Бұл таңғажайып көріністі қонақтар қыркүйекке дейін күн сайын кешкі мезгілде тамашалай алады. Көрме ЭКСПО аумағында өткен кешкі парадпен аяқталды.
Осындай салтанатпен ашылған көрме жұмысының алдағы уақыттағы кереметтерінің аз болмайтыны анық. «ЭКСПО – 2017» көрмесінің ұйымдастырушыларынан алған ақпаратқа сүйенсек, ЭКСПО аумағында ұйымдастырылатын барлық мәдени ойын-сауық іс-шарасы 10 мың  адам сыятын Амфитеатр, 1 мың адамға есептелген Энергия холл, сондай-ақ, 2 100 адамға арналған Конгресс орталықта өтеді. Оларға көрменің билеті болған жағдайда ғана кіруге болады. Ал  Арт орталықтың Амфитеатрында өтетін шараларға тегін кіруге болады. Оның ішінде Қазақстанда тұңғыш рет өтетін MTV-нің концерті және «Gakku» телеарнасының Қазақстан эстрадалық орындаушыларының фестивалі бар. Сонымен қатар, «RеuniondesMusеesNationaux-GrandPalais «Artists&Robots» зерттеу-көрмесі тегін бағдарламалар қатарына енген, онда көрермендердің көз алдында өнер туындылары жасалады. Ал «Garage» қазіргі заман өнері музейінде арт-нарық, заманауи кураторлық тәжірибе мен баспа ісіне арналған дәрістер мен пікірталастар сериясы өтеді. Сонымен бірге, қазіргі заманның өнеріне арналған үш жүзден астам фильм көрсетіледі. «CreativeEnergyArea» шығармашылық энергия аймағында қазіргі мәдениет саласындағы қазақстандық және халықаралық мамандар бірігіп дайындаған онлайн дәрістер, кинокөрсетілімдер және интерактивті іс-шаралар есігін айқара ашады. Afrojack, Axwell және SteveAoki сынды танымал диджейлер көрме келушілері үшін тегін өнер көрсетеді. 
Концерттер  «Сарыарқа» велотрегінде және «Астана Арена» стадионында да өткізіледі. Бұл сахналарда ресейлік және шетел жұлдыздары өнер көрсетеді. Мәселен, Полина Гагарина мен Егор Крид, BlаckStarParty (MOT, KristinaSi, L’One, Timati), ThirtysecondstoMars, LimpBizkit, ErosRamazotti. Билет құны 6 мыңнан 28 мыңға дейін жетеді. Бұл концерттерге билет сатып алған әр көрермен сыйлыққа көрме билетін алады. Барлық мәдени бағдарлама кешкі демалыс уақытына сай әзірленген және бірнеше күн бойы қайталанады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл адамдар арнайы көрме үшін жасалған бірегей шоу мен концерттерді көрсін деп жасалып отыр. Мұндай шараның бірі «Дәстүрдің жаңа өмірі» атты классикалық концерттер топтамасы. Мұнда танымал диджейлер, тіпті, имперлік орыс балеті де өнер көрсетеді. Сол үшін Ресейдің театр режиссері Алексей Франдетти арнайы шақырылды. Ол әр концертке «Батылдық», «Махаббат», «Шабыт» деп жеке-жеке ат қойды. 
«А-студио» тобының мюзиклі 6 күн бойы көрсетіледі. «NoMadKarma» тобы  танымал Қазақстан композиторы, әнші, «URKER» тобының солисі Айдос Сағаттың жаңа қазақ-британ музыкалық жобасы да ЭКСПО-ға арнайы бағдарлама дайындап жатыр. Ол «Болашақ энергиясы» атты көрменің тақырыбына арналған инновациялық-мультимедиялық шоу көрсетеді. Билет сатылымдары бойынша Дю Солей циркі және «Би2», «Мумий тролль» топтары алда келе жатыр. 
Қазақстандық павильондарындағы көптеген нысан көрме біткеннен кейін де жұмыс атқарады. Мысалы, «Нұр Әлем» Болашақ музейіне айналады. Себебі, онда үздік үлгілер жинақталған. Ғарыш, күн, жел энергиясынан бастап кинетикалық энергиясы тақырыптық павильондары да көрменің мұрасы ретінде қалады. Босаған халықаралық павильондардың екеуіне халықаралық қаржылық орталық орналасады. Сондай-ақ, БҰҰ қамқорлығымен жасыл энергия халықаралық орталығы ұйымының Бас Ассамблеясы, IT-стартаптар ашылады. Яғни, көптеген нысан жұмысын жалғастырып, одан ары қызмет көрсете береді.

 

Қажет АНДАС