Ел сенімін арқалаған

Уақыты: 26.06.2017
Оқылды: 1473
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекеттік қызметкерлер халыққа үнемі сапалы қызмет көрсетулері тиіс. Әр қызметші өз ісінің жемісін көріп, мамандығымен мақтанып жатса, қай саланың болсын жұмысының жанданатыны да ақиқат. Мемлекеттік қызметші сол үдеден шығуды көздейді. Мемлекеттік қызметкерлердің биылғы мерекесі        І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында салтанатты түрде аталып өтті.

Жиынға облыстың әр өңірінен келген мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Салтанатты шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ мереке иелерін құттықтады. 
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында алдымызға кәсіби мемлекеттік аппарат құру міндетін қойғаны белгілі. Осы орайда мемлекеттік қызметкердің біліктілігі мен кәсіби деңгейі туралы тақырыптың басты мәселе ретінде көрсетілуі тегін емес. Әрбір саланың жетістігі, экономикалық өсім, индустрияландыру саясатының тиімділігі, халықтың әл-ауқаты, жалпы алғанда, елдің даму деңгейі сауатты да кәсіби басқарушылықпен тікелей байланысты. Бүгінгі мемлекеттік қызметке іріктеудегі ашықтық, теңдік, заңдылық талаптарының үстем болуы халықтың мемлекеттік қызмет пен билікке деген сенімін нығайтып келеді. Қызмет әдебіне жетік, саяси тұрғыда сауатты, саламатты өмір салтына берік, адамгершілік ұстанымы зор адам ғана  мемлекеттік қызметші бола алады. Бүгінде республика бойынша мемлекеттік қызметкерлер саны 92 мың 203 адамды құрайды. Ал біздің облыста 8045 мемлекеттік қызметкер бар. Олар халыққа қызмет көрсетіп, аянбай еңбек етуде, – деп облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Махатұлы мереке иелерін айтулы күнмен құттықтады. «Үздік мемлекеттік қызметкер» төсбелгісімен Алакөл аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Сатай Бекболатов, Іле аудандық қаржы бөлімінің басшысы Қарлығаш Бөпетаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Гүлғайша Иманбекова мен облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Маупашева, облыстық қаржы басқармасының бас маманы Бағлан Сайдақұлова, Панфилов ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Сағила Теткусизова марапатталды. Өз істерін ыждаһаттылықпен атқарған бірнеше мемлекеттік қызметкер облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. 
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Серікбай Нұрғисаев мемлекеттік қызметкерлерді құттықтап, өз ісінің үздіктеріне аталған департамент атынан Грамоталар тапсырып, ыстық ықыласын жеткізді. 
Қызметке жаңадан тағайындалған басшылар мен жас мамандар «өз ісімізге адал боламыз, ел сенімін ақтаймыз» деп салтанатты түрде ант қабылдады. 
Салтанатты кеш облыстық Сүйінбай атындағы филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Еңлік КЕНЕБАЕВА