Оқырман олжасы

Уақыты: 26.06.2017
Оқылды: 1222
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен ғасырдың бастапқы ширегінде Алаш арыстары шоғыры өздерінің жалынды сөз, ұшқыр оймен көмкерілген отты мақалаларымен ұлт ұстазы дәрежесіне көтерілгендігі баршаға аян. Тура сондай кезең дәл қазір де туып отыр. Әлемдік жаһандану аждаһасының ашқарақ аузы апандай ашыла түскен. Ұлттық ұстыны солғын, ішкі бірлігі кемшін, қауқарсыз қалбағайлар алдымен жұтылмақ әлгіге. Қалай дегеніңізбен кәрі тарих қайталанады екен. Мұндайдың талайын бастан кешкен  адамзат дәл бүгінгі таңда да осының қарт куәгері бейнесіне енген. 
Алпауыт мемлекеттер алып қуатына сенсе, бірі мыңғырған  жұртын салмақтайды, енді бірі ажал құштырар қаруын көлденең тартады.  Осындай бейәдеп заманда «Бөрінің Тәңірі бар!» – деп жасындай жарқылдай жүріп, жарты әлемді жұдырығына жұмылдырған дауылпаз көк түріктер атажұртының  нақ мұрагері қалайша Рухын жандырып, жігерін тасқа қашамас?! «Мәңгілік Ел» идеясын жаһанға жар сала қабылдауымыздың сыры да осында! Санаға сәуле жүгіртпек ниетіміз де сондықтан. Жүзі жарқын елміз. Достыққа кеңбіз, дұшпандыққа шөлміз. Өзім дегенге көлміз. Өйткені Ұлы Далада ұлы қағанат құрған даңқты бабаларымыз мыңжылдықтар төрінде: ”Көктен Тәңірі баспаса, жер айырылып жатпаса – кім қорлар қалың түркі елін” деп асқақ арман, қаһарлы үнін алмас қылыш, алдаспанмен суара ұрпақтарын ұлық үндеп кеткен. Ендеше, бізді алға жетелейтін  де, баршадан жекелейтін де Ұлттық Рух атты жасампаз күш!
Аллаға аян болса да, өкінішке орай, әркімнің ақылына сия бермейтін ақиқат жетерлік. Өте-мөте ұлттық тарихымыз мұның салқынын тартып-ақ отыр. Тарихи сана – ұлттық сананың тұғыры. Ал ұлттық санасыз ешбір ұлттың тіршілік құра алмасы хақ. Міне, сол себепті де, Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» – деп қайталай бір нығырлады. Яки, «мың өлтіріп, мың тірілткен» тарихи сабақ, мыңдаған жылдарғы ұлттық салт-дәстүріміздің айдынында туған халқымыздың төл санасын қайталай жаңғыртуға тиіспіз. Жаңғыр да жаңғыр деп мың мәрте қайталасаңыз да бірер күн, тіпті бірер жылда  ешкімнің жаңғырудың алдынан желдіртіп шыға келмесі және белгілі. Бұл арада алдымен бұқаралық жұмыстың пәрмені қажет! Ендеше, алғы сапқа бес қаруын сайлап кешегі көпшіліктің сауатын ашқан алаштықтар секілді журналистер шықпақ. Ұлт ұстазының орнына тайсалмай жүретіндер де көбіне солар! 
Басқалай амал шамалы. Асты-үсті бірдей кеніш жерімізге де, жиылып қорған, жайылып төсек болар ақпейілімізге де  ынтығатындар аз емес. Әйтеуір қыбын тауып, сырттағылардың бәрі біздің қолтығымызға енуге әуес. Келсін-ақ дейсің, онысын місе тұтып жатса ғой, шіркіндер. Қой терісін жамылған қасекеңдердей тілдік, діндік, ділдік, мәдени, саяси-экономикалық, жәдігөйлік экспанциясын бастап жібереді мысықтабандап!
Ал айырып көр, бұдан соң. Досың қайсы, дұшпаның кім? Өзгені айтасыз, бұл мылтықсыз майданда  жоғары лауазымды қайсыбір қандастарымыздың өзі  шатасып жүргенде қалың қазақ қай жағынан тықыр таянып қалғанын қайдан сезсін?! Дәл осы арада оларға сөзі жетімді, өзі де өтімді кімдер бар дегенде журналистердің алдымен ауызға оралары заңды деп білеміз. Десек те, өзгеге ақыл қосу үшін алдымен өз қауашағыңда әлденелер көрініс табуға тиіс қой. Мәселе – осында! Сондықтан да қай кезеңде де жібі түзу шығармашылық өкілдері ел намысын қорғар саясаткер, қоғам қайраткерлері  санатында атанып келген!
 Міне, ағайын, сол себепті де, тұлғалық кейіпке айналар журналист дидары бәрімізді толғантса керек. Менімше, жақсы журналистен бұрын елін, жерін сүйетін, ағынан жарылып сөз ұстар  ақдидар азаматты қалыптастыру шарт. Ал мұндай туған қоғамының алып ғимаратына кірпіш боп қаланар тұлғаны отбасында алдымен ата-анасы қалыптастырар еді. Кәсіпке баулу екінші кезектегі мәселе. Өйтпейінше дипломнан қайыр жоқ. Жақсы адам болса, мал маманынан да  мықты журналист шығады!
Алла қаласа, енді бір жыл шамасында ғасырлық тойын өткергелі отырған «Жетісу» газетінің қызулы көрігі көз алдарыңызда. Аянып та, тартынып та көрген жеріміз жоқ. Сондай тулаған тіршілік үстіндеміз. Шығармашылық ұжымның бар қуат-күшін өмір өзегіне аса қажетті айтулы арналарға жүйелі түрде бұрып, журналистиканың тиімді жанрлары арқылы ойнатып беруге ұмтылдық. Бұрнағы жылы еліміздегі барша мерзімдік басылымдар шоғырында оза шауып, Елбасының марапатын иеленуіміз соның өтеулі көрінісі дер едім.
Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы сараптамалық мақалаларымыздың саны да, сапасы да артты. Қызметкерлеріміз өздері көріп, білген жаңалықтар мен оқиғаларды мұқият зерделеу барысында толғаулы пікір-тұжырымдарын мейлінше ашып көрсетуді әдетке айналдырды. Үстірт топшылау, жеңіл пайымдаудан арылуға ден қойылды. Мұның өзі материал атаулының пәрменін, дәйектілігін арттыра түсті. Салмақты басылымның табиғатына сай руханият, ата тарих, әдебиет айдыны, дәстүр-салт, ұлт ұятына тән тұшымды да жетелі дүниелер басылым бетінен түспейді.
Әрдайым аймақтық ата басылымға тән сөз саптап жатсақ – оқырманымыздың олжаға кенелгені. Қатарымызға елжанды, шығармашылық әлеуеті салмақты қызметкер қабылдап, һәм қанаттандырып, түлетіп  жатсақ, бұл да – оқырманның ұтқаны. Алдыңғы аға толқыннан кейінгі толқынға келелі  ұласқан киелі дәстүрге 99 жыл мұғдарында кір жуытпай келсек, мұнымызды да – оқырманның көмбелі қазынасы деп ұққайсыз! Тәтті құттықтаулар құшағына алынған кәсіби мерекеміз үстінде осындай оңынан келер бір тоғыз олжамыздың тайқазаны келер кезеңде де ортая көрмесе екен делік!

 

Әміре ӘРІН