Арқа төсіндегі айтулы жиын

Уақыты: 27.06.2017
Оқылды: 1455
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен аптада Астана қаласында Алаштың айбынын асырған, елдің рухын көтерген, қазақтың бірлігін паш еткен алқалы жиын өтті. Әлемнің 39 елінен жиналған қандастарымыз үш күн бойы жаңа Елорданың көркем көрінісіне көзайым болып, Есілдің ерке самалымен желпінді. Көкке бой созған Бәйтеректен биіктікті сезініп, этноауылды аралап, болашаққа сенім ұялатты. Астана операдан «Қыз Жібек» фильмін тамашалап, Ұлттық кітапханада  ұрпақты ұлылыққа бастайтын ұлағатты бастамалар жайлы әңгіме өрбітті. «ЭКСПО – 2017» көрмесін аралап, қазақстандықтардың ғылым саласында жеткен жетістігіне тәнті болды. Республикалық «Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының ғимаратында  бас қосқан жастар рухани, мәдени, тағы да басқа саладағы ынтымақтастықты бекемдеп,  әлемдегі қазақ жастарының белсенділігін арттыру жөнінде уағдаласты. Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиын әр қазақтың жүрегіне «Қазақстан» деген қасиетті ұғымды бұрынғыдан да терең ұялатты.

Салтанатты жиында Елбасы ең алдымен алғашқы құрылтай өткеннен бергі 25 жыл ішінде еліміздің жеткен жетістіктері мен жүргізілген реформаларды атап өтті. Онда «Қазақстан – 2030» Стратегиясының үлкен жетістігін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы сол үрдістің бүгінде «Мәңгілік Ел» идеясына арқау болып, Ұлт жоспарын жүзеге асыру жолындағы ұлы істерге жол ашқанын атап көрсетті. Сонымен қатар, Президент рухани жаңғыру аясында іске асырылып жатқан алты жобаға айрықша тоқталды. Соның ішінде латын әліпбиіне көшу, гуманитарлық бағыттағы үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару, «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің география­сы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сияқты жобаларды тың­ғылықты атқарудың ма­ңыздылығын айрықша атап өтті.
Елбасы баяндамасында шетелдегі қандастарымызға қолдау көрсетіп, қамқорлық жасау тұрғысында атқарылатын жұмыстарға да ерекше мән берілді. Президент қандастарымызды қолдаудың маңыздылығы жайында айта келіп «Отандастар» қорын құруды тапсырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы шетелдердегі елшіліктерге атажұртқа оралуға ниетті қандастарымыздың құжаттарын дайындау және оларға кеңес беру жөніндегі жұмыстарды қадағалап, жеңілдетудің жолын қарастыру туралы тапсырмалар жүктеді. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті іргелес елдерде мемлекеттік телеарналардың көрсетілуі мен мерзімді баспасөздің таралу мәселелерін пысықтау, қандастарымыздың арасындағы дарынды және кәсіби мамандарды елге тартып, оларды бейімдеу тетіктерін қарастыру, еліміздің оңтүстігінен солтүстік облыстарына қоныс аудару бағдарламасына қатысқан азаматтарды орналастыруға  жағдай жасап, оларды жұмыспен қамту тетіктерін жетілдіру туралы да ойларымен бөлісті. 
Елбасы баяндамасынан кейін жарыссөзге шыққан құрылтай делегаттары алыс­тағы ағайынның  Елбасына сәлемін жеткізіп, дүниежүзі қазақтарының береке-бірлігін нығайтуға қатысты жоба-жоспарларын ұсынды. Сол қатарда Түркі академия­сы халықаралық ұйымының (TWESCO) басшысы Дархан Қыдырәлі мәдени жауһарларымызды жаһанға жүйелі таныту мақсатында шетелдерде, әсіресе диаспора шоғырланған елдерде арнайы орталықтар ашылса деген ұсыныс білдірді. Бұл ұсыныстың қолдау табатындығы анық. Құрылтай соңында делегаттар  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төрағасы етіп қайта сайлады. Ал оның бірінші орынбасары болып Зауытбек Тұрысбеков тағайындалды. Оның кандидатурасын ұсынған Елбасы бұған дейін Украина, Ресей, Молдова, Өзбекстан елдерінде төтенше және өкілетті елші, 2015 жылдың желтоқсан айы­нан бастап «Нұр Отан» партиясының хатшысы  қызметін атқарған Зауытбек Тұрысбеков шетелдегі 5 миллион қазақтың мүддесін қорғап, мұң-мұқтажын шеше алады деген сенімін білдірді.
Тәуелсіздік сарайындағы салтанатты жиыннан кейін құрылтай делегаттары ҚР Ұлттық кітапханасында өткен «Шетелдегі қазақ диаспорасы: мәдениет, спорт, ақпарат құралдары жөніндегі қолдау көрсету және дін істері мәселесі» тақырыбындағы «дөңгелек үстелге» қатысты. Ондағы көтерілген сұрақтарға Мырзатай Жолдасбеков, Алдан Смайыл, Ғарифолла Есім, Дос Көшім, Ерден Қажыбек сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуаныш Асылов жауап берді. Ал «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратында өткен «Рухани жаңғыру және жастар» атты қазақ жастарының І халықаралық форумына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков және әлемнің 20-дан астам елінен келген қазақ жастары қатысты. Форум аясында Швециядағы қазақ диас­порасының өкілі, сол елдегі «Абай» қазақ мәдениет орталығының жетекшісі Гүлмира Асылбекова Елбасының жаңа Елорданы салудағы жетістігін әлем елдерінің жоғары бағалайтынын жеткізсе, Түркиядан келген қандасымыз, таэквондадан осы елдің чемпионы, Мұстафа Өзтүріктің ізбасары Кәрім Ілияс Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бүкіл түркі жұртын елең еткізген ерекше оқиға болғанын жеткізді. Германияда туған қандасымыз Өзгежан Кесижи Елбасының қамқорлығымен Қазақстанға келіп білім алып жатқан жастардың атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар, шара аясында Италия, Ирландия, Қытай, Моңғолия, тағы да басқа елдерден келген жастар сөз алып, атажұртқа қызмет етуді парыз санайтынын, шетелден алған білімі мен тәжірибесін Қазақстанның игілігіне жұмсауға дайын екендіктерін жеткізді.
Үш күнге созылған құрылтай осылай өрілді. Қысқасы, Дүниежүзі қазақтарының       V құрылтайы жүрекке жалын, өмірге қуат берген салиқалы жиын болды. Ең бастысы, бұл жолғы құрылтай делегаттарының 80 пайызы 45 жастан төменгі жастар болды. Олар бірімен-бірі танысты, болашаққа жоспар жасады, үлкен мақсаттар жолындағы бауыр­малдыққа жол салды. Иә, жаңа Астана әлемдегі қазақ жастарының ақыл-парасатын бір қазанда қайнатып, ұлттың мүддесі үшін сарқа жұмсауға жол ашқан ұлы жиын болды. Еске сала кетейік, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайына облыс әкімі Амандық Баталов бастаған, құрамында облыс­тық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев, зейнет­кер Сәуле Баймолдақызы және осы жолдардың авторы бар, делегация қатысып қайтты.
Қажет АНДАС