18 миллионыншы тұрғын Жетісуда дүниеге келді

Уақыты: 10.07.2017
Оқылды: 1526
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қуан, Алаш! Күллі қазаққа жар салып, сүйіншілейтін күн берекесі мен ынтымағы жарасқан біздің елге де бұйырды. Жер жаннаты Жетісу төрінде еліміздің 18 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Қуанышы еселенген Бестібаевтар шаңырағына облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ арнайы барып құттықтап, жас отбасыға 3 бөлмелі пәтер берілетінін айтты.

Қос ұстаздың отбасында дүниеге келген Мүслима Саматқызына арнайы Елбасының атынан бесік пен бесікарба, төсек, ойыншықтарды облыс әкімі сыйға тартты.
– Еліміздің он сегіз миллионыншы тұрғынының Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында дүниеге келгені бәріміз үшін ерекше әрі қуанышты оқиға болғаны рас. Демографиялық өсімнің жылдан-жылға ұлғайып келе жатқаны халықтың Елбасымыздың салиқалы саясатына, Қазақстанның болашағына деген сенімінің зор екенін білдіреді. Жас ұрпақтың алаңсыз өсіп, білім алуына елімізде барлық жағдай жасалып келеді. Елбасының, Жетісу жұртшылығының атынан осы айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтаймын. Жетісудың атын шығарып жатқан Мүслимаға бақыт тілеймін. Кішкентай нәрестенің өмірі жарқын, жолы ақ, елдің абыройлы азаматы болсын, – деп ыстық ықыласын жеткізді Амандық Ғаббасұлы. 
«ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша 2017 жылғы мамырда Қазақстан халқының саны 18 миллион адамға жетті. Ал 18 миллионыншы тұрғынның туған күні 2017 жылдың 11-мамырына сай келді», –  деп мәлімдеді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов. 
18 миллионыншы тұрғынның туған күнін анықтау барлық демографиялық оқиғаларды: халық санының өсімін (туу және иммиграция) және төмендеуін (өлім және эмиграция) компоненттерін ескере отырып жасалды. Комитет 18 миллионыншы тұрғынды АХАТ органдары 2017 жылғы 11-мамырда тіркеген туу туралы акт жазбалары мәліметтері негізінде қалыптастырылған туған күндер базасындағы балаларды іздеу жолымен анықтады. Кандидатура олардың аналарының тұрғылықты жеріне (қалалық ауылдық жер), олардың білім деңгейі мен кәсіп түріне, сондай-ақ жаңа туған нәрестелердің жынысы, салмағы мен бойына қарамастан, тұтастай алғанда республика бойынша анықталды. Нәтижесінде Жетісу жерінде дүниеге келген Мүслима Саматқызы 18 миллионыншы тұрғын болып, елге қуаныш сыйлады. 
Бестібаевтар отбасының қазыналары Еркінбек Бестібаев пен Бибітай Жасыбаева кішкентай нәрестеге, жалпы өз әулеттеріне көрсетілген үлкен құрмет пен сый үшін Президентке, облыс, қала басшылығына ризашылықтарын білдірді.

Еңлік КЕНЕБАЕВА