Елді ұйыстырған ұлттық күн

Уақыты: 17.07.2017
Оқылды: 1227
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ЭКСПО көрмесі әр мемлекеттің Ұлттық күні аталып өткендігімен де есте қалатын болды. Расымен, жүзден астам мемлекет өкілі бас қосқан ЭКСПО қалашығында өз мемлекетінің өресі биік өнері мен отаншылдық сезімге толы іс-шараларын паш ету әр ел азаматтары үшін үлкен мақтаныш. Айта кетерлігі, мұндай дүбірлі шара осыған дейінгі ЭКСПО көрмелерінде кездескен жоқ.

Өткен аптада  көрме қалашығында бірнеше мемлекеттің Ұлттық күні аталып өтті. Қытай Халық Республикасының Ұлттық күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин бастаған бір топ депутат қатысты. 
– Қытай елінің «Болашақтың энергиясы: жасыл Жібек жолы» экспозициясы – осы көрмедегі ең ірі және ең  үлкен жұмыстардың бірі. Қытай Халық Республикасының жаңартылатын энергия саласында әлем бойынша алдыңғы қатарда екенін біз жақсы білеміз. Сондықтан сіздердің «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысуларыңыз жаңа технологиялардың дамуына әрі екі ел арасындағы байланысты одан әрі тереңдетуге жол ашатындығы сөзсіз, – деді Нығматуллин. Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстарға 25 жыл толып отырғанын, достық қарым-қатынастарды тереңдетуде Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің еңбегі зор екенін жеткізді. 
Салтанатты шараға ҚХР Бүкілқытайлық xалық өкілдерінің жиналысы тұрақты комитеті төрағасының орынбасары Шэнь Юэюэ келді. Өз сөзінде Юэюэ xаным екі елдің сауда-экономикалық байланыстарына баса назар аударып, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында күш жұмылдыру қажеттігіне тоқталды.
– ЭКСПО көрмесіне қатысу арқылы біз Қазақстанмен бұдан да тығыз байланыстарды орнатып, екіжақты әріптестікті жаңа деңгейге көтере аламыз деп сенеміз. Естеріңізде болса, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин де осы көрмеге келіп кеткен. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге олар Қытай павильонында болды. Біз ЭКСПО – 2017 көрмесін қолдаймыз, –  деп атап көрсетті Шэнь Юэюэ.
 Гана мемлекетінің Ұлттық күні де көңілді шаралармен өрілді.
Ұлттық күнге орай, Гана елінің делегациясын басқарып келген Ахенкор Кингсли EXPO – 2017 көрмесі ел энергетикасының дамуына жаңа серпін беретіндігін атап өтті. Мереке аясында мәдени мұраға бай бағдарлама ұсынылды. Гана әртістері өткен күннен болашаққа бастар қадамды, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан дамуға деген құлшынысты айқындайтын «WHEELS» мюзиклін қойды. Оны «Гана – жаңғыртылатын энергия көздерінің мүмкіндіктер мекені» тақырыбындағы бизнес-форумы жалғастырды. 
Буркина-Фасо елі Африканың батысында орналасқан. Бұрын Жоғары Вольта Республикасы атанған ел 1984 жылы атауын Буркина-Фасо, яғни «Адал адамдар елі» деп өзгертеді. Ұлттық күнге Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің туризм индустриясының комитет басшысы Майнюра Мурзамадиева және Буркина-Фасо экспорт жарнамалау агенттігінің экономикалық сұрақтар бойынша кеңесшісі Исса Бенджамин Багуян қатысты.
Шара аясында осы елден келген өнерпаздар жиналған жұртты өзгеше өнерлерімен тәнті етті. Елдің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары көрсетілді. Сонымен қатар, көрмеге қатысушылар «Бабаджанның Балафон труппасы» қойылымын тамашалады. Аталмыш танымал топ джембе, балафон, бендре және кора секілді түрлі дәстүрлі аспаптарында өнер көрсетіп, көрерменін тәнті етті. 

 

Қажет АНДАС