Қаупсіздік қызметкерлерін құттықтады

Уақыты: 17.07.2017
Оқылды: 2153
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биыл ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына жиырма бес жыл. Айтулы мерекеге орай Талдықорған қаласының І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында салтанатты жиын өтті. Өңір басшысы Амандық БАТАЛОВ құттықтау лебізін білдірген басқосуда тыныштық сақшыларының ел қауіпсіздігі жолындағы қалтқысыз қызметі баяндалды.

Қазақстанның әрбір азаматының бостандығы ҚР Конституциясымен қорғалады. Осыған сай жұртымызды сыртқы және ішкі жаудан, бүлікшілерден қорғап, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес үшін аянбай тер төгіп, ел қорғаны бола білген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің еңбегі орасан зор. Президентіміз Н. Назарбаев оларға үлкен сенім артып, келешектен зор үміт күтеді. Мәдениет сарайына жиналған офицерлер, ардагерлер және қадірлі қонақтар бірінші кезекте аяқтарынан тік тұрып, Мемлекеттік Гимнді қосыла орындады. Әрмен қарай назарға ұсынылған қысқаметражды фильм комитет тарихынан сыр шертті. Мінберге көтерілген облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы:
– Құрметті ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Барлықтарыңызды кәсіпқой маман әрі нағыз ұлт патриоты деп білемін. Өйткені, қоғамдағы саяси тұрақтылықтың сақталуы мен мемлекет саясатын жүзеге асыруда сіздердің еңбектеріңіз зор, – деп ыстық ықыласын білдіріп, қызметкерлерге мықты денсаулық, бақыт пен табыс тіледі.
Әрмен қарай сахна төріне ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің құттықтауы мен марапатын жеткізу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің басшысы, генерал-майор Сәбит Құрманалиев шығып, ақжарма тілегін ағытты. Содан кейін Кәрім Қажымқанұлының атынан «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетіне – 25 жыл» мерекелік медалімен облыс әкімі Амандық Баталов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, облыстық сот төрағасы Мейрамбек Таймерденов, облыс прокуроры Азамат Жылқыбаев, облыстық ІІД бастығы, полиция генарал-майоры Мұрат Ұрұмханов және Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев сынды бірқатар азаматтарды марапаттады. 
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің бірнеше қызметкеріне өңір қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тәжірибелі қызмет атқарып, жедел қызметтік іс-қимылда қол жеткізген оң нәтижелері мен міндеттерін адал орындағаны үшін облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаменті мен қалалық, аудандық бөлім қызметкерлері «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамыз етудегі үлесі үшін» және де І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Ұлттық қауіпсіздік қалқаны» медалін кеуделеріне тақты. Сәбит Құрманалиев антына адал болған бірқатар жандарға салтанатты түрде арнаулы атақтарын ұсынды. 
– Бүгін біз үшін үлкен той, үлкен мереке. Ширек ғасыр бойы елдің қалқаны, қорғаны болып келеміз. Барлықтарыңызды құттықтаймын, еңбектеріңіз елене берсін, – деген  ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бадаев қызметкерлердің жұмысына жеміс тіледі.  
Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен жалғасып, Мәдениет сарайының алдындағы шар ұшыру рәсіміне ұласты. Өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы бастаған топ естелік суретке түсіп, шат-шадыман көңіл-күймен тарқасты.

Мәулен Әнербай