Алтын арқау үзілмейді

Уақыты: 18.07.2017
Оқылды: 1168
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қазақстанда тұратын неміс ұлтының айналысып жатқан кәсібі, тұрмыс жағдайымен танысу мақсатында облысымызға Германия Федеративтік Республикасының өкілдері келді. Шетелдік меймандарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қабылдады.

– Біздің облысымызда туып-өсіп, биік белестерге жеткен Германия Бундестагының депутатын қабылдау біз үшін үлкен мәртебе, – деп бастады сөзін Лаззат Махатұлы. – Алматы облысы табиғат байлығымен, қолайлы инвестиция­лық ахуалымен ерекшеленетін еліміздің ең  бір тамаша аймағы. Әлемнің 95 мемлекетімен байланыс орнатқан. Алматы облысы мен Германияның өткен 5 айдағы сауда-саттық айналымы 14,8 млн. долларды құрады. Оның ішінде экспорт 1,9 млн., импорт 12,9 млн. доллар көлемінде.  Былтырғы сәйкес мерзіммен салыстыр­ғанда биыл көрсеткіш 50 пайызға артып отыр. Бұдан екі ел қарым-қатынасының нығайып келе жатқандығын көреміз. Ал, мұндағы этникалық немістердің қалай өмір сүріп жатқандығына келер болсақ, олардың тұрмыс-тіршілігі осындағы жергілікті халықтан, өзге ұлттан еш дараланбайды. Елбасының сарабдал сая­сатының арқасында барлық ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ұлтаралық деңгейдегі қақтығыс­тар орын алып көрген жоқ. Бұл орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен жұмыстар атқаруда.
Өз кезегінде сөз алған Германия бундестагының депутаты Хайнрих Цертик Жамбыл ауданының Қастек ауылында ержеткенін, кейіннен Германияға көшіп кетіп, былтыр 26 жылдан соң Қазақстанды қайта көру бақытына ие болғанын толқыныспен айтты. Балалық, жастық шағының ең бір ұмытылмас сәттері қазақ жерінде өткендіктен даланың самалы мен қымыздың дәмін әрдайым аңсап жүретінін де жеткізді. Соның жарқын дәлелі ретінде Германияға Қазақстаннан қоныс аударған жерлестердің басын қосып, екі ел арасын жақындастырып, алтын көпір орнатып жүргенін де атап өтті. Қиын-қыстау кезде неміс­терді қабылдап, қолдау көрсеткен ата-бабаларымызға деген алғыс сезімін білдірді. Достық қарым-қатынасымыз нығая берсін деген мақсатта алып келген естелік сыйлығын табыс етті.
Лаззат Махатұлы да қазақ халқының ыстық ықыласы ретінде Жетісудың көркем жері бейнеленген фотоальбом сыйлады.

Алма ЕСЕНБАЕВА