Қызу жұмыс қарқын алды

Уақыты: 25.07.2017
Оқылды: 1288
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өңірде құрылыс жұмыстары көркейіп, жаңа нысандар бой көтерді. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ құрылыс жүріп жатқан денсаулық және спорт нысандарын аралап, жұмыс қарқынымен танысып қайтты.

Бірінші болып Ескелді ауданы, Шымыр ауылына жол түсті. Мұнда маусымның басынан салынып жатқан он тұрғын үйдің құрылысын тексеріп, бірқатар тапсырма берді. Сын-ескертпелер де айтты. 
– Жұмыстың қарқыны әзірге жақсы. Бірақ, салынып  жатқан он үй бір ғана нұсқада бой көтеруде. Баяғыда әр үйді әртүрлі қылып,  ою-өрнекпен әсемдейтін. Қазіргі салып жатқандарың баяғы заманның үлгісіне көшіп кеткен. Тың өзгеріс жоқ.  Барлығы бірдей болмас үшін түрлі дизайн қолданып, ерекшелеңдер. Үйді қыста жылы болатындай және сапалы етіп салыңдар. Құрылысты уақытылы аяқтаңдар. Ең бастысы сапа және уақыт, – деді Лаззат Махатұлы. Құрылысшылар нысанды уақытынан бұрын өткізіп беруге тырысатындығын айтты.
Келесі кезекте Қаратал ауданы, Сырымбет ауылындағы салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмысын тексеріп, бірқатар тапсырма жүктеді. 
– Құрылысты ертерек аяқтауға тырысыңдар. Дәрігерлік амбулаторияның іші жылы болсын. Жұмыстың соңғы күніне дейін барлық күшті жұмылдырыңдар. Барлығы заман талабына сай болсын. Сондай-ақ емханаға кезекші дәрігерлер қойыңыздар. Олар  әкеліп жатқан жаңа құрылғылардың сапасын тексеріп алсын, – деді Лаззат Тұрлашов.   
Ел игілігі үшін салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға таяу. Жарық пен су толықтай тартылған. Тіпті, құрылғылар да әкелініп жатыр. Ақ халатты абзал жандардың мекемесін «тамыз айының алғашқы күні өткізіп береміз», – деді құрылысшы мамандар.

Айдар ҚАЛИЕВ