Польшада тегін оқиды

Уақыты: 27.07.2017
Оқылды: 1045
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыстың 65 студенті Польшада тегін оқитын болады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастаған жетісулық делегацияның Польша Республикасының Люблин воеводтығына жасаған сапары барысында келісілді. 

Сапардың басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылы Польша Республикасына жасаған сапарындағы келісімдерге орай еларалық ынтымақтастықты дамыту. Осы сапар барысында өңіраралық әріптестік байланыстарды одан әрі нығайту туралы келісімдер жасалды. Делегация мүшелері Люблин воеводтығының маршалегі (басшысы) Славомир Сосновскиймен кездесіп, Люблиндегі ауруханада, балалар емханасында, Экономика және инновация жоғары мектебінде, Бяла-Подляска қаласындағы медициналық орталықта болды. 
Бағдарлама барысындағы шаралар нәтижесінде екі тарап Қазақстанның 35 студентін орта буынды медицина қызметкерлерін еуропалық бағдарламамен дайындау мақсатында 3,5 жыл Люблин және Бяла-Подляска қалаларындағы поляк университеттерінде оқыту жөнінде шешімге келді. Сонымен қатар, экономика, менеджмент және информатика бойынша 30 маманды оқыту туралы да келісім жасасты. Қазақстандықтардың оқуы мен пәтерде тұру шығындарының барлығын Польша Республикасы көтеретін болады. 
Люблин воеводтығының маршалегі бастаған поляк кәсіпкерлерінің бір тобы биыл қыркүйек айының басында Астанаға «ЭКСПО – 2017»  көрмесіне келуді жоспарлап отыр. Өз кезегінде қазақстандық делегацияның жетекшісі ұзақмерзімді өңіраралық ынтымақтастықты орнықтыру мақсатында поляк өкілдерін Алматы облысына сапарлап келуге шақырды. 
Сондай-ақ, сейсенбіде Варшавада Қазақстанның Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұхан мен Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар Польша Даму вице-министрі әрі Қазақстан – Польша экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Тадеуш Косцинскиймен кездесті. Кездесуде қос тарап өзара қарым-қатынастың өңіраралық деңгейі жөніндегі мәселелерді талқылады. 
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі. ​