Қазақ еліне алғыс айтты

Уақыты: 03.08.2017
Оқылды: 1477
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

XX ғасырдың 30-40 жылдары жаппай саяси қуғын-сүргін заманы болды. Сол кезде дүрбелең оқиғаның зардабын тартқан жүз мыңға жуық  корей халқының өкілдері Қиыр Шығыстан Қазақстанға көшірілді. Биыл олардың жер аударылғанына     80 жыл толып отыр. Осыған орай Қаратал ауданындағы үш мыңнан астам отандастарының тұрмыс-тіршілігін көріп, қуғын-сүргінге ұшыраған кезде қол ұшын созып,  көмек берген қазақ халқына алғыс білдіру мақсатында Оңтүстік Кореядан өңірге сексен адам келді.

 

Шығыстан келген делегацияны Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бисембаев қарсы алды. Әуелі Ескелді би кесенесіне алып барып, қазақ елінің ықылым заманнан бері атқа қонған батыр болғандығын, бабамыздың ерен ерліктерін айтып,  құран бағыштады. Тұмса табиғатта қонақтарға ақ дастарқан жайылып, құрт, ірімшік, қымыз секілді  қазақтың ұлттық тағамдары қойылды.
Келесі кезекте жол Ескелді ауданындағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы мектепке түсті. Мұнда жиырма жыл бұрын ашылған корей кабинеті бар. Сонымен қатар, үйренемін деуші балаларға корей тілі оқытылады. Аталмыш  мектептің оқушылары мың бұралған би билеп, корей халқының өнерін паш етіп, қонақтардың қошеметіне бөленді. Бұдан соң, қонақтар ұлттық нақыштағы көрмемен танысты. 
Құрметті қонақтар Бастөбе тауында орналасқан «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткішке барды. Мұнда олар, зұлматты оқиғаны бастан кешкен көнекөз қариялармен сағына көрісіп, бір марқайып қалды. Жиында аудан әкімі Қайрат Бисембаев сөз кезегін алып: «Биыл біз корей халқының өңірде тұрып жатқанына 80 жыл толуын атап өтуді жөн көрдік. 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, тағдыр тәлкегіне түскен корей халқына қазақ елі көмегін аямады. Сол замандағы дүрбелеңді көрген күллі этнос өкілдерін бауырына басып, қамқорлық құшағына алды.  Бүгінде 43 ұлт бір атаның баласындай тату-тәтті, ынтымақта бейбіт күн кешіп жүр. Бұл көп ұлтты қазақ жұртының бауырмалдығының, кеңпейілділігі мен дарқандығының белгісі», – деді. Келесі сөз кезегін Оңтүстік Корея елінен келген Ри Джан Чуй алды. Ол:
– Елде зұлматты оқиға орын алып, халық қуғын-сүргінге ұшырап, қиын-қыстау күн кешкенде қазақтар құшағын ашып, қол ұшын созды. Өздері таршылық көрсе де қаншама ұлтты бауырына басты. Қолда бар көмегін аямады. Қазақ жеріндегі корей халқының бейбітшілік заманда өмір сүріп келе жатқаны сіздердің арқаларыңыз, – дей келе қазақ жұртына шексіз ризашылығын білдірді. Кәріс ұлтының өкілдері алғысын өлең жолдарымен де ақтарды. 
Күн көрсетіп, жол ұсынған 
      ғажап тым,
Халық барда бүгін мен де азатпын.
Достық ниет білдіретін қашанда,
Кеңдігіне бас иейік қазақтың! – деп лебіздерін білдірді. 
Делегация өкілдері Қаратал ауданының әкіміне және  қиын-қыстау кезеңді бастан кешірген ардагерлерге арнайы сыйлықтар табыстады. Ауданда тұрып жатқан корей ұлтының ардагерлері де зұлматты заман жайлы естеліктер айтып, Алаш жұртына алғысын жаудырды.
 Шара соңында аудан әкімі Қайрат Әшірәліұлы мен оңтүстіккореялық өкіл Ри Джан Чуй қуғын-сүргін құрбандарының тауқыметті тағдыры ешқашан ұмытылмайды деген бастамамен жаңа орнатылайын деп жатқан ескерткіштің алғашқы кірпішін қалады.
Айдар ҚАЛИЕВ