Екі миллионыншы қонақ тіркелді

Уақыты: 08.08.2017
Оқылды: 1210
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

6 тамыз күні Астана уақыты бойынша сағат 20.21-де есепке алу жүйесі ЭКСПО – 2017 көрмесінің екі миллионыншы келушісін тіркеді. Ол 34 жастағы оралдық кәсіпкер  Ғайса Жұмалиев. Лондон бизнес мектебі түлегінің бизнес саласында еңбек етіп жүргеніне биыл бес жылдың жүзі болыпты. Ол «ЭКСПО – 2017» көрмесі аясында өтіп жатқан Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндеріне орай жерлестерін қолдауға келген екен.

– Еліміздің осындай жоғары деңгейдегі көрмені өткізіп жатқаны мені қуантады. Бірнеше жыл шетелде тұрдым, екі жыл оқыдым, төрт жыл жұмыс істедім. Ең бастысы, біз көрме арқылы көпке танылдық. Қазіргі уақытта, көріп тұрғанымыздай, көптеген турист бізде қонақта және бүкіл әлем елімізді жақсы қырынан көруге мүмкіндік алды. «ЭКСПО – 2017» көрмесі  менің туған жеріме деген мақтаныш сезімін оятты, – дейді ол.
Сонымен қатар, «Астана ЭКСПО – 2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов көрме келушісін құттықтап, оған естелік сыйлық тарту етті. Ұлттық компания басшысы өз сөзінде атап өткендей, жоспардағы меже уақытынан бір ай бұрын орындалды. 
– Көрме Елбасының салиқалы саясатынан туындаған үлкен жоба. «ЭКСПО – 2017» көрмесінің әрбір қатысушысы өз елінің тек жақсы қырын көрсетуге тырысады. Біз көрменің аяқталуына 30 күн қалғанда жоспарлы көрсеткіш – екі миллион келушіге қол жеткіздік. «ЭКСПО – 2017» көрмесінің халықаралық павильондары мен нысандарына келуші санына тоқталатын болсақ, олардың көрсеткіші      15 млн.-нан асып кетті, – деп атап өтті Ахметжан Есімов.
Сондай-ақ, Ұлттық компания басшысы «ЭКСПО – 2017» көрмесінің арқасында, Астанамыздың экономикалық жағдайының жақсара түскенін, сонымен қатар, Астанада тұрғын үйді жалға беру 33%-ға, қонақүйлердің сұранысы 28%-дан 60%-ға дейін өскенін жеткізді. Туризм саласында да өрлеу бар. Айталық, көрме барысында туроператорларға жүгіну 78%-ға дейін жеткен. Күн сайын Астанаға тікұшақпен ұшатын адамдар саны        7 мың, 16 мың адам теміржолмен келеді. Астанадағы тауар айналымы 20%-ға өссе, ал қызмет көрсету саласына сұраныс 2,5%-ға дейін көтеріліпті.
Айта кетейік, 11 шілде күні Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесі миллионыншы келушіні қарсы алған болатын. Бұл қуанышқа Астана қаласының 27 жастағы тұрғыны ие болған еді.

Қажет АНДАС